Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

«АҚЖОЛ» АЛДАП КЕТТІ

«ПӘЛЕН ЖЕРДЕ АЛТЫН БАР, БАРСА БАҚЫР ДА ЖОҚ» ДЕГЕНДІ ҚАЗАҚ ОСЫНДАЙДА АЙТСА КЕРЕК. «ҮЙДЕ ОТЫРЫП АҚША ТАПҚЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?», «ЕШКІМГЕ БАҒЫНЫШТЫ БОЛМАЙСЫЗ» НЕМЕСЕ «АПТА САЙЫН ҚОЛМА ҚОЛ АҚША АЛАСЫЗ» ДЕП ЕЛІТІП ӘКЕТЕТІН ҮГІТ-НАСИХАТТЫҢ СОҢЫ ӘДЕТТЕ СҰЙЫЛЫП КЕТЕТІНІ РАС.

Жуырда алматылық журналистер қауымы дәл осындай оқиғаның қуәсі болдық. «Ақжол» деп аталатын желілік маркетингке тіркелгендер алданып қалғандарын айтып, Абай даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысында жиналып жатыр» деген ақпарат түсісімен біз де оқиға орнына жеттік. Абай даңғылы бойындағы «Бизнес» орталығының бірінің артқы есігін аңдыған жүзге жуық адамның дені өзіміздің қаракөз қыз-келіншектер. Өзара дауласып жатқан топ бізді көре салысымен алдыңғыдан бетер ашуға булығып, ешқайсысы сұхбат бермейтіндерін, өздеріне артық проблеманың керегі жоқтығын айтып азар да безер болды. Кейіннен телефон арқылы мән-жайды түсіндірген «Ақжолға» алданғандардың бірі «Алматыға алыс-жақын елді мекендерден жиналғандар өздерін алдап соққан жетекшілерін күтуден әбден шаршаған. Оразаларын да ашпаған. Араларында сонау Тараздан келгендер бар. Көпшілігі қомақты ақша салып, соны қайтара алмай жүргендер. Жауапты адамдар егер бұлар полицияға
арыз жазса ақшаларын қайтармайтынын айтып қорқытып кетті» – деп, олардың бұлай қорқақтауының себебін түсіндірді. Кейін белгілі болғандай, «Ақжолға» алданғандар Алматы қаласындағы полиция бөлімшелерінің біріне арыз түсіріпті. Тергеу амалдары енді ғана басталғандықтан, әзірге «алданған кім немесе алдаған кім?» деген сұраққа нақты жауап бере алмаймыз. Десек те, біздің білуімізше, елімізде «Ақжол» желілік маркетингіне тіркеліп, табыс табамын деп тақырға отырғандардың саны төрт жүзден асыпты. Осы орайда, «Ақжол» деген атауының өзі адамды елітіп әкететін желілік ұйымға аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн болар. «Ақжол» желілік маркетингі өзге желілік маркетингтер сияқты тауар сатумен айналыспайды. Белгілі бір брендтік өнім де өндірмейді. Яғни, бұл желіге кіргің келсе, кемі 30 мың теңге құйып, оған қоса жетегіңізге екі адамды ертуіңіз керек. Егер олар да дәл сіз секілді 30 мың теңгелерін қиып, соңдарына тағы екі адамнан ертсе, ісіңіз алға басты деген сөз. Осылайша, жетектесіп кете беретін «ақжолдықтар» мұнда ең мықтылары аптасына 1 миллион теңге, қатардағы лары кемі 8 мыңнан табады деген тәтті қиялға сеніп, өздерінің «Ақжол» атты қаржылық пирамиданың қақпанына қалай түскендерін білмей қалғанға ұқсайды. Өз кезегінде біз ақпарат көздерін ақтарып, «Ақжол» желілік маркетингінің (қаржылық пирамиданың) негізін қалаған Алик Аленович деген азамат екенін анықтадық. Бүгінде зейнет жасындағы Алик Данаев «Ақжол» компаниясының директоры ғана емес, «Зона скидок» тұрмыстық техникалық дүкенінің, Нұрсұлтан, Алматы, Талдықорған қалаларындағы «Береке» сауда үйінің қожайыны көрінеді. Сондай-ақ, оның жиһаз жасайтын цехы да бар екен. Тіпті, білетіндер Алик Аленовичтің есімі телеарналардағы tv.shop каналымен байланысты деседі. «Ақжолдықтардың» айтуынша, бұл кісі зейнетке шыққанға дейін мемлекеттік қызмет атқарған. Демалысқа шыққан соң, кәсіпкер атанған ол желілік маркетингтің «көсеміне» айналып, соңынан мыңдаған адам ертіп, оларды «сіз бұл компанияға кірсеңіз минусқа кірмейсіз» дегенге сендіре білген. Міне, осындай уәдеге сенгендердің бірі Алмагүл атты келіншек «Өз басым, компанияға 1 миллион 200 мың теңге құйдым. Оның 200 мың теңгесі ғана апта сайын берілді. Енді менің командам өсіп, 20 мың теңгеге шығуға төрт-ақ қадам қалды. Сол уақытта олардың ойы бірден өзгерді. Енді сіз командаңызға ақшаны өзіңіз тауып беріп отырасыз деп сұрақты жылы жауып қойды. Мен оны табуым үшін аптасына он адамды тіркеп отыруым қажет. Сонда менің 700 мың теңгем қайда кетті?! Егер кім де кім артынан екі айда адам тіркемесе, компания ақшаның орнына планшет беріп, шығарып салады дейді. Дегенмен, бұл кісілер екі айға шыдатпай отыр. Бұл жерде апта сайын екі адамнан тіркеу қажет. Егер тіркемесеңіз, ақша бермейді. Маркетинг жоспарын қайта-қайта ауыстырады. Ойларына келгенін істеп, былықтырып кетті», – деп аң-таң. Ал, ғаламтордан «Ақжолға» ақша құйсаң, ақшаның астында қаласың дегенді естіп, тәуекелге барған келесі кейіпкеріміз екі айда соңына жетпістен аса адам ілестіріп, компанияға құйған ақшасын қайтарып алыпты. Алайда, ол өзіне сеніп ақшаларын құйған ізбасарларының алдында ұятқа қалдырған компания басшылығына қандай уәж айтарын білмей дал. Алматы қалалық полиция департаменті қарап жатқан бұл іс енді біздің назарымызда болады.
Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий