Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, спорт журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «ЛЕГИОНЕРЛЕРГЕ АЗАМАТТЫҚ БЕРІЛУІНЕ ҚАРСЫМЫН!»

– Қазіргі қазақ спортының жай-күйі қалай?
– Қазақ спорты деген үлкен ұғым. Өз тәуелсіздігімізді алғалы біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Табысымыз да жоқ емес. Оған әлемдік додаларда жеңіп алған медальдарымыз дәлел. Соның ішінде ерекше екі олимпиаданы атап өтуге болады. Оның бірі 2012 жылғы Лондон олимпиадасы. Сол жолы Қазақстан жалпы командалық есеп бойынша 12-ші орынға тұрақтап, бұрын соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Екіншісі – Рио-деЖанейро қаласындағы ХХХІ жазғы олимпиада ойындары. Бұл олимпиада Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды деуге толық негіз бар. Қазақстандықтар барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстан жалпы командалық есепте 22-ші орынға табан тіреп, Сидней олимпиадасындағы жетістікті қайталады. Осы додада әр елдің үздік спорт журналистері арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сол марапаттың бірі маған да бұйырды. Бұл қазақ спорт журналистикасы тарихындағы айтулы жетістік. Әр елдегі үлкен спорттың дәрежесі осы олимпиадалық ойындардың қорытындысына байланысты қаралады. Егер олимпиадада жақсы өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жатса, бұл елдегі үлкен спорттың дамығанының көрінісі.
– Соңғы жылдары Қазақстан Туының астында додаға қатысатын шетелдіктер көбейді. Жалпы, легионерлерге төленетін ақшаға бақылау бар ма? Шеттегі спортшыларды шақыру мәселесін кім шешеді?
– Егер оны клубтық командалар шақыратын болса, олардың өз еркінде. Оған мемлекет тарапынан рұқсат алудың қажеті жоқ. Кәсіпқой клубтар өз ақшасын өздері табатын болса құрамына қанша легионерді алатынын өздері шешеді. Олардың жалақысын және жалпы кететін шығынды өздері төлейді. Алайда, Қазақстанда легионерлерге жалақы мемлекет тарапынан, яғни, сіз бен біз төлеп отырған салықтан үлестіріліп жатыр. Бұл жағдайда халықтың көкейінде мұндай сауалдың тұруы орынды. Сонымен қатар, қазіргі таңда легионерлерге Қазақстан азаматтығын беретін болған. Бұған мен түбегейлі қарсымын. Қазақ жерінде туылған өзге ұлт өкілі алып жатса дұрыс шығар. Алайда 4-5 жылдық келісім шарт үшін азаматтығымызды беру – өрескел қателік.
– Топырлаған легионерлердің орнын қашан өз спортшыларымыз басады? Әсіресе, үлкен додалардан ауыл балаларын көргіміз келетінін несіне жасырайық.
– Бұл менің де көңілімді күпті ететін мәселенің бірі. Мен «Ел қайраты» Республикалық ауылдық дене шынықтыру-спорт қоғамдық бірлестігінің жетекшісімін. Алайда, ауыз толтырып айтарлықтай атқарып жатқан ісім жоқ. Неге десеңіз, алғашында «Қайрат» деген атаумен құрылған бұл ұйым қарқынды түрде іске кіріскенімен, мемлекет тарапынан қолдау тапқан жоқ. Қаржы мәселесі тұралап қалды. Ғұмыры ұзаққа бармады. 1992 жылы таза қазақ балаларынан құралған «Намыс» футбол командасын жасақтаған болатынмын. Қазақстанның аудан, ауылдарын аралап үздік деген 100 баланы мектептерге орналастырдық. Сол 100 баланың шамамен 50 шақтысы жоғары топтың командаларында өнер көрсетті. 8 спортшы Қазақстан құрама командасының сапына кірді. Атап айтар болсақ Қазақстан құрама командасының капитаны болған, 2 рет үздік футболшы атанған Нұрбол Жұмасқалиев, Айдар Күмісбеков, Диас Камелов сынды спортшылар. Бұл бір ғана іріктеуден жиналған талантты спортшылар. Осындай іріктеулер 3-4 жылда бір жүргізілсе талантты жастар ауылда қалып қоймас еді. Легионерлерге есепсіз берілетін қаржы осы бағытта игерілсе игі іс екені анық.
– Жарыста зақым алып, спортқа жарамсыз болып қалған жүлдегерлерге мемлекет тарапынан көңіл бөліне ме? Әлде бізге тек медаль алатындар ғана керек пе?
– Өкінішке орай, біздің мемлекетте апельсиннің шырынын алып, қабығын лақтырып жіберетіні секілді, спорттық жарыстарға қатысқан кезде күле қарап, кейіннен ұмыту жағы басым. Оған мысал аз емес. Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа таққан біртуар спортшы Шәміл Серіков, қазақ спортының символы болған Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов ағаларымызға лайықты дәрежеде құрмет көрсетілмеді. Біршама уақыт өтсе де бұл мәселе әлі күнге дейін ақсап келеді. Спорт ардагерлеріне өмірлерінің соңына дейін қамқорлық жасап, арнаулы стипендия тағайындалып, құрмет көрсетілуі керек. Бұл мәселені парламентте қарап, арнаулы заң шығарып, ел мерейін үстем еткен спортшыларымызды ұлықтауды күн тәртібіне қойған жөн. Көптеген әлем елдерінде бұл түйткіл лайықты шешімін тапқан. Қазақстанға да қажет дүние.
– Арнайы спорттық жарыстар үшін салынған, аумағы ат шаптырым спорт кешендері қаңырап бос тұр. Келушілер жоқтың қасы. Осы мәселені шешудің жолдары бар ма?
– Бұл енді қатпары көп мәселе. Кез келген ғимарат кешеніне халық келмесе, пайдаланбаса ол жабылып қалады. Мысалы Алматы Арена спорт кешенін алайық. Мұндай үлкен ғимаратты еш кіріссіз ұстап отыру мүмкін емес. Халыққа тиімді спорт үйірмелерінің бағасын төмендетсе, өз шығындарын өздері жаба алмайды. Бағаны жоғарылатса, халық наразы. Былай тартсам, өгіз өледі, былай тартсам, арба сынадының күйін кешіп отыр. Сондықтан, мұндай мекемелер қазіргі таңда түрлі концерттік бағдарламалар өткізіп, өз қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. Бұл күрмеулі мәселе әзірге нақты өз шешімін таппай келеді.
– Жас буын әлем спортшыларына қарап бой түзеп, соларды үлгі етеді. Қазақ спортының тарихында есімі алтын әріппен жазылатын дүлдүлдеріміз баршылық. Біз оларды неге жастардың идеалына айналдыра алмай отырмыз?

– Спорттың биігіне шыққан әр бағыттың дарабоз дүлдүлдері аз емес. Жеңіл атлет Әмен  Тұяқов, бокстың шебері Әбдісалан Нұрмаханов, күрестен Қажымұқаннан кейінгі қазақтың бас балуаны Әбілсейіт Айханов, даңқты қазақ футболшысы Тимур Сегізбаев сынды қазақ спортының майталмандары кімге болсын үлгі. Біздің спортты жақсы көруімізге, ғашық болуымызға осы кісілердің өмір жолы себеп болған. Олар қазақ спортының символдары. Бертін келе Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Бахтияр Артаев сынды қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары өскелең ұрпаққа, жас спортшыларымызға өнеге болып, армандарын ұштауға көмектесті. Яғни, бізде қазақ балаларына үлгі болатын саңлақтар көп. Тек солардың насихаты аз, құрмет көрсету жағы кемшін болып тұр.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет.
Арайлым ӘРІПБАЙ,
2-курс студенті

Комментарий