Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

САЙЛАУДЫҢ БОЛҒАНЫНАН БОЛАДЫСЫ ҚЫЗЫҚ

Кезектен тыс Президент сайлауына қатысатын үміткерлер интернет жүйесі мен әлеуметтік желілердің мүмкіндігін әлі де тиісті деңгейде пайдалана алмай отыр. Бұл жайлы «Аманат» азаматтық платформасының Алматы қаласы бойынша сайлауға бақылау жүргізген жұмысының кезеңаралық қорытындысын таныстыру кезінде айтылды.

– Сайлау кезінде бақылаушы ерекше мәртебеге ие. Өйткені, оның заңды өтуі көбіне бақылаушының қадағалау жұмысына байланысты. Бұл үшін Орталық сайлау комиссиясы бақылаушылардың бүкіл механизмін қамтамасыз етеді. Біздің мониторингіміз бойынша, Алматы қаласындағы сайлау учаскелерінің 9 маусымда өтетін сайлауға дайындығы бар. Кандидаттардың штабтары да өз жұмыстарын атқарып жатыр. Әзірге ешқандай заң бұзушылық байқаған жоқпыз. Жалпы, біз бұл сайлауға қала бойынша 1098 бақылаушы дайындадық. Әлі де бақылаушы болам деп келіп жатқандар бар. Оларды да тіркейміз. Бірақ, оларға арнайы білім беруіміз қажет. Оны бере алмағандарды мобильдік топқа қосамыз, олар ерікті ретінде де керек. Біздің бақылаушыларлың 30 пайызы жастар, 10 пайызға жуығы зейнет жасына жақындаған қарттар. Ал, 60 пайыздан астамы ересектер. Оның 65 пайызын әйелдер құрап отыр, – дейді
«ҚР Кооперативтері мен басқа да экономикалық қауымдастық формаларының ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Аманат» азаматтық платформасының штаб төрағасы Қазыбек Шайх. Оның пайымдауынша, қай елде болсын барлық уақытта шетелдік емес ішкі бақылаушының рөлі өте жоғары. Себебі, олар ең алдымен осында тұрып жатыр. Сайлаушылардың таңдауы бұл елдің алдағы болашағын анықтайды. Сондықтан да, оған зор жауапкершілік қажет. Ол қоғамның дамуында да маңызды рөл атқарады. Бұл үшін сайлау учаскесінде істейтін бақылаушы барынша сауатты болуы керек. Олар өздерінің құқықтары мен міндеттерін толық білуі тиіс. Арнайы семинар, курстарда өзінің құқықтық білімін жетілдірмеген бақылаушы заңның сақталуын бақылаудың орнына оны өзі бұзуы мүмкін. Жалпы, еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде Алматының орны ерекше. Сондықтан да, бұған дейінгі сайлауларда қала тұрғындарының бәрі бірдей дауыс беруге келмей, тек жартысына жуығы белсенділік танытып келген. Бұл қалыпты жағдай. Әлемнің дамыған елдерінің бәрінде де ешкім сайлаушыларды дауыс бер деп мәжбүрлей алмайды. Алматы тұрғындары да ондай бұйрықты қабылдамайды. Дегенмен, олардың байқауына қарағанда осы сайлау бұған дейінгілердің біреуіне де ұқсамайды. Осы уақытқа дейін бірнеше сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан Қ.Шайхтың өзі бұл жолы қоғамның барлық топтары арасында қызығушылық жоғары болып тұрғанын айтты. Тіпті, олардың жиналыстарына мүмкіндігі шектеулі адамдар да келіп, бақылаушы болуға өтініш білдіріп жатқан көрінеді.
«Қазақстан мүгедектер одағының» төрағасы Әли Аманбаевтың сөзіне қарағанда, дайындық жарты жыл бұрын басталса да сайлау туралы заңның талаптары мен ережелері, өкінішке қарай барлық жерде бірдей толық сақталып отырған жоқ. Мүгедектердің еркін жүріп-тұруына, өз міндетін толық атқаруына қажетті талаптарды, тіпті ҚР Президенті боламын деп отырған кейбір үміткерлердің өзі сайлау штабтарында сақтамай отырған көрінеді. Әрине, 4-5 күн қалғанда олар ештеңе өзгерте алмайды. Дегенмен, оның бәрін алдын ала ескеріп, алдағы уақытта мұндай олқылықтарды түзетсе деген ұсыныс-тілек бар.
– Үміткерлер өздерінің сайлау бағдарламасын көзі көрмейтіндер үшін брайль жүйесіндегі шрифтермен де жасаса дедік. Сондай-ақ, ымдап сөйлейтіндердің жағдайы да барлық жерде бірдей ескеріліп жатқан жоқ. Мысалы, Алматыда 500-ден астам сайлау учаскесі бар. Алайда, сертификатталған 20 аудармашы ғана бар. Ары кетсе тағы 50-ін табуы мүмкін. Сонда қалған учаскелерде олар қалай дауыс бермек. Қазір онлайн сурдо деген бар. Кез келген жерде сөйлесуге болады. Болашақта оны да ескеру керек. Біз бүгінгі таңда транзиттік дәуірге бара жатырмыз. Онда әрбір сайлаушының дауысы бағалы. Әрбірінің құны бар. Біз оның бәрін «Аманатпен» аралап, айтуын айттық. Қалай болатынын білмеймін. Азаматтық борышымызды орындадық. Сайлауға келіңдер, бұл әрбір адамның азаматтық борышы деп шақырып жатырмыз. Егер біз толық демократиялық ел болсақ, үміткерлер біздің дауысқа таласар еді. Қазір біздің дауысымыз бағасыз болып кетті. Сондықтан, осы жолы қоларбамен жүретін адамдар да бақылаушы болуға сұранып отыр. Бұл бір жағынан қоғамдық сана-сезімнің көтерілгені деп ойлаймын. Біз мұндай үрдісті қолдаймыз, әрбір азамат өз дауысын бағалауы керек. Биылғы сайлауда бұл қалай болады деген үлкен үміт пен көзқарас бар. Енді олардың бұл үміттерін үзбеуіміз қажет, – дегенді айтты Ә.Аманбаев.
Қазақстандық франчайзинг қауымдастығының вице-президенті Бекнұр Кисиков болса: «Мені кандидаттардың интернет аудиториясымен қарым-қатынасы қызықтырады. Заман ағымымен бірге сайлау жүйесінің құралдары, әдістер өзгеруде. Өкінішке қарай, кандидаттардың бәрі бірдей интернетпен достаспаған. Әлеуметтік желілерде де сайлаушылардың қойған сұрақтарына жауап бермейді. Кейбіреуі туралы интернетте мәлімет өте аз. Сондықтан, олардың сайлау штабтарына жеке өміріне қатысты және сайлауалды бағдарламасы туралы көбірек мәлімет енгізілсе деген ұсыныс айтылды. Мен өзім әлеуметтік желінің белсенді қолданушысымын және Қоғамдық кеңестің де мүшесімін. Іздеу жүйелерінің бәрінде
де үміткерлер туралы ақпарат болуы тиіс. Тек қағаз түріндегі үгіт-насихат парақшалары жеткіліксіз», – деді. Франчайзинг қауымдастығы вице-президентінің сөзін жалғастырған Халықаралық полиция қауымдастығының төрағасы Александр Беляновтың сөзіне
қарағанда, ҚР Президентінің сайлауына үміткерлердің кейбірінің сайлауалды штабтары орналасқан жері туралы көрсеткіштер жоқ. Олардың қолжетімділігі қиын, тұрғындар қайда екенін білмейді. Бұл бір. Екінші, үгіт парақтары арнайы орындар белгіленсе де, ағашқа, бағанаға, ғимараттардың қабырғаларына жөн-жосықсыз ілінген. Сайлау штабтарының сайлауға дайындығы әлі де ала-құла. Олар енді бұл оқылықтар бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарының қаншалықты ескеріліп, түзелгенін арнайы хабарлауды жоспарлап отыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий