Судья мінбері | Судебная система

Отбасылық сот жанұя жарасымдылығын сақтауды көздейді

Мектеп партасынан жадымызға жаттап өскен қағиданың бірі – «Отан отбасынан басталады» ұғымы. Отбасының шағын мемлекет екенін бала көңілімізбен сол кезде-ақ түйсінген едік. Ол кезде әкенің өз тәлімімен, ананың өз өнегесімен отбасындағы тыныштықты, татулықты, берекені қазғыштай қорғайтынын көріп, біліп өстік. Отбасылық құндылық жоғары дәріптелгендіктен ажырасу, алимент өндіру, тастанды бала, қарттар үйіне күні қараған ата-ана деген түсінік болмайтын. Ал бүгінде мұның барлығы қалыпты көрініске айналды.

Отбасы бүлінсе ұлт азады, ұрпақ тозады. Мұндай жағымсыз көріністің басы – ажырасу. Ерлі-зайыптылардың қазір бас қосқанынан ажырасуы тез. Статистикалық деректерге қарағанда елімізде тіркелген әрбір үш некенің біреуі ажырасумен аяқталады. Соның кесірінен соттарға келіп түсіп жатқан ажырасуға байланысты талап арыздар саны көп. Кеше ғана бір-бірін қимастай болып қосылған жандардың көп уақыт өтпей екіге бөлінуінің салдары ауыр. Оның зардабы тек некеге тұрған екі жастың ата-анасына ғана тимейді. Ажырасудың арты мемлекетте құрылған бір отбасының шайқалуына, ананың жалғыз, баланың жетім қалуына әсер етеді. Әрине, екі тарапқа екі жаққа кеткенде мәселе шешілетіндей көрінуі мүмкін. Әйелдің де, азаматтың да ертең жалғыз қалмауы, тағы бір отбасын құруы әбден мүмкін. Бірақ, әке жылуынан тыс өмір сүрген баланың өмірі не болмақ? Толық емес отбасында тәрбиеленіп, әкенің жоқтығынан зардап шеккен балалардың өмірге өкпесі үлкен. Не жалғыз анасы, не өгей әкесінің қамқорлығында өскен мұндай балалардың тәрбиесі бәрібір ақсап тұрады. Міне, сондықтан да елімізде Отбасылық сот қанатқақты жобасы қолға алынып, оның жұмысы жанұяны сақтауға бағытталған болатын.

Екі жылдан бері Қазақстанда отбасылық соттарды дамытуда іргелі істер қолға алынып отыр. Бұл бастама аясында отбасы институтын нығайту, отбасын сақтап қалу және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша көптеген шаралар атқарылды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, отбасын нығайтып, жақындар арасындағы түсіністікті, құрметті сақтайтын болсақ сотта қаралатын көптеген істердің алдын алуға болады. Мәселен бүгінде отбасындағы тәрбиенің, насихаттың әлсіреуінен жақын адамдарға қатысты даулар саны көбейіп кеткен. Некені бұзудан бөлек, бүгінде алимент өндіріп алу, мүлікті бөліске салу, баланың тұрғылықты жерін немесе онымен қарым-қатынас тәртібін анықтау, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне қатысты істер толастамай тұр.  Отбасындағы осындай дау-дамайларды көріп, біліп өскен балалардың ертең бұл қателікті қайталамасына кепілдік жоқ. Сондықтан «Отбасылық сот» жобасы аясында ажырасуға бел буған, жақынан жәбір көрсеткен жандарға ақыл айтып, дұрыс шешім қабылдауына барынша ықпал етуге тырысамыз.

Қазір әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, күйеуінің опасыздығына, құмар ойынға салынып, ішімдік, нашаға бой алдыруына шағымданып жатады. Ажырасудың негізгі себебі де негізінен осылар. Отбасылық сот қанатқақты жобасы аясында осындай жауапсыз әкелерге ой салуға, жанұясын сақтап қалуына барынша ықпал етіп, жұптарды жарастырып жіберуге күш салынады. Барлық ерлі-зайыптыларды табыстыру, некесін сақтап қалу мүмкін болмағанымен, психологтардың, педагогтардың, судьяның пайымын тыңдап, сот белгілеген уақытта ақылға келетін, қателік жасаған жұбайының түзелуіне мүмкіндік беретін жандар да бар. Көпшілігі бала тағдырын алдыға тартқанда кешірім жасауға тырысып жатады.

Десек те, дәл сот барысында отбасын сақтау күрделі. Ол үшін ең алдымен ата-ана отбасылық одақ құрудың жауаптылығын бала санасына кішкентай кезден құя білгені жөн. Сонымен бірге, бас қосқалы, некесін тіркеткелі тұрған жастарға тренинг, кеңестер өткізіп, отбасы құндылығын ұғындырып барып, үлкен өмірге қадам жасауына рұқсат берген орынды. Бұдан бөлек, жас отбасы үнемі ата-ана, туыстардың жіті назарында болғаны дұрыс. Өйткені кесе бір күнде сынбайды. Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты ажырасуға жеткізбеу туыстар мен достардың қолында.

 

Райхан Сартаева,

Алматы қаласы

Әуезов аудандық №2сотының судьясы

Комментарий