Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықпен күрес шаралары жан-жақты жетілдірілуде

Ел еңсесін көтеріп, қоғамда экономикалық ахуалдың дамуы қалыптасқанда сыбайлас жемқорлықтың белең алуы елді қатты алаңдатады. Сондықтан, “Қазақстан-2050” стратегиясында сыбайлас жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретіні, оның алдын алуда мемлекет пен қоғам бірлесе күрескенде ғана нақты нәтижеге жететініміз айқындалған. Мәселен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын айтса, солардың біріншісі ретінде азаматтардың құқығын қорғауға баса мән берді. Яғни, ешкім де заңнан биік емес, заң бұзған қызметкерінің жемқорлығы үшін құзырлы орындардың бірінші басшылары тікелей жауап береді.

Ел дамуына айрықша қатерлі індетті түп-тамырымен жоюда президент барлық мемлекеттік органдарға қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруды, сондай-ақ, бұл тұрғыда Әділет министрлігіне халықтың құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Президенттің еліміздің ертеңгі болашағы балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениетке баулу туралы бастамасы көп көңілінен шықты. “Баланы жастан” демекші, ұл-қызымызды кішкентайынан жаман әдеттен жиреніп өсуге дағдыландырудың ұтымды жолдары білім саласында қолға алынса нұр үстіне нұр.

Қоғамдық бақылауды күшейту, бюджеттік саясаттың ашықтығын одан әрі қамтамасыз ету, сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін арттыру, мемлекеттік қызметте цифрландыруды дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету шаралары жемқорлықты жоюдың бірден бір көзі саналды. Бұлар туралы келелі мәселелерді жан-жақты тоқталған мемлекет басшысы: “Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін” деп, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу барлық саланың мақсаты десек, оның ішінде ел соттары да ауқымды шаралар атқаруда. Соның бір ғана мысалы, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов судьялардың VIII съезінде ашықтықты жемқорлыққа қарсы күрестегі басты факторға балады. Төрағаның ұсынысымен енгізілген сот төрелігінің әділдігін арттырудағы жеті басым бағыт – “Сот төрелігінің жеті түйіні” аясында судьялар мен судьялыққа үміткерлерге қойылар талаптар барынша күшейтілді. Солардың бірі “Мінсіз судья” жобасы. Осы жоба болашақ билердің сапалы іріктелуін қамтамасыз етеді. Бүгінде сот саласы заманауи ақпараттық технологиялар жетістігі мен мүмкіндігін толықтай пайдалануда. Бұл жаңашылдық өз кезегінде жүйе жұмысының мөлдірлігін одан әрі арттырып, жемқорлықтың алдын алуға ықпал етуде.

Елімізде 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің стратегиясы нәтижелі жүзеге асып жатыр. Өткен жылы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңы күшіне енді. Аталған заңмен мемлекеттік қызметшілерге, парламент депутаттарына және судьяларға шетелдік банктерден шот ашуға тыйым салынды. Сыбайлас жемқорлықты жою күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе болғандықтан, онымен күрес шаралары да заман талабына сай жетілдірілуде.

Кез келген саланы ашықтықпен қамтамасыз ету – жемқорлықты болдырмаудың басты факторы екенін әлемдік тәжірибе жоққа шығармайды. Халқымыз “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демей ме? Сол себепті, жаңа қазақстандық мемлекетті құру жағдайында тәуелсіз Қазақстанның өзіндік табыс коды, әлеуеті мен құндылықтарын сақтай отырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу әрбір азаматтың міндеті. Президент айтқандай, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, жалпы қоғам болып күш біріктірсек алынбайтын асу жоқ.

Сауле Досыбаева,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий