Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықпен кешенді түрде күрес жүргізілуде

Еліміз жемқорлықпен күрес тәсілін жыл сайын өзгертіп, қоғамның өзгеруімен бірге түрленіп отырған жемқорлық фактілерін түбірімен жоюға тырысуда. Өйткені адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ.

Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», – деп жемқорлыққа қатысты ойын білдірген еді. Демек жемқорлықпен күресте әлі де болса кездесіп отырған мәселелер бар.

Жалпы кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Бүгінгі күні қоғамда тұрмыстық деңгейдегі жемқорлық деген ұғым қалыптасты. Кез келген анықтама немесе өзге де құжаттарға қол жеткізу үшін пара беру әдеттегі дағдыға айналған. Бұл – негізінен мемлекеттік қызмет саласына тән құбылыс. Оны тыюдың бірден-бір жолы – жүйені толық цифрландыру екені сөзсіз. Сондықтан соңғы жылдары қоғамдағы барлық саланы толығымен цифрландыру жұмыстары қарқынды жүруде. Жемқорлықпен күрестің ең нәтижелі құралдарының бірі – мәліметтер беруді цифрландыру екенін түсініп келеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің басым бөлігі электронды форматта көрсетіліп, мемлекеттік қызметкердің қызмет алушымен тікелей қарым-қатынас орнатуына жол бермейді. Еліміз тәуелсіздік алған мезеттен бастап, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қатаң мемлекеттік саясат қалыптасты. Қазақстан ТМД арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұртта халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды.Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі – күрестің қуатты құралына айналғанда ғана жемқорлықпен күресте жеңіске жетеміз!

Қыдырмұратова Гүлнара Елеуовна, Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы

Комментарий