Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Қадыржан БАЙМҰХАНОВА, Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы: «ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРБИТАСЫНДА АДВОКАТТАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ ШЕКТЕУЛІ»

– Қадыржан Рысмұқанқызы, азаматтардың конституциялық құқы мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызы зор. Осы майданның бірден-бір жауынгері – адвокаттық қызметтің еліміздегі даму деңгейі қалай?
– Иә, адвокаттық қызмет құқық қорғау саласындағы жауапты міндеттерді атқаратын сала. Бүгінгі таңда елімізде Республикалық адвокаттар алқасына біріктірілген 17 аумақтық алқа бар. Адвокаттардың жалпы саны алты мыңға жуық. Адвокаттар өз қызметін заңда белгіленген үш нысанда ұйымдастыра алады. Олар: адвокат алқаларының құрылымдық бөлімшелері ретінде құрылатын заң консультациялар, адвокат дербес немесе басқа адвокаттармен бірлесіп құрылатын адвокаттық кеңселер және заңды тіркелместен, жеке-дара қызмет көрсету нысандары. Бүгінгі таңда елде 148 заң консультация орталығы құрылған. Олардың 137-і заңға сәйкес әділет органдарына тіркелген болса, 11-і аумақтық алқалардың төралқалары жанында құрылған. Аудандарда 54 заң консультациясы жұмыс жасайды. Ондағы адвокаттардың жалпы саны 2 мыңнан асып отыр. Адвокаттардың өздері құрылтайшылық ететін 153 адвокаттық кеңсе шалғай аудандарда құрылған. Адвокаттық кеңселерде 500 адвокат шоғырланған, олардың 7-еуі аудандарда қызмет етеді. Заңды тіркелместен, жеке-дара қызметпен айналысатын адвокаттардың саны 2 мыңға жуық.
2018 жылы қабылданған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң адвокатура саласындағы мәселелер бойынша елеулі нормалар енгізді. Атап айтқанда, аумақтық адвокаттар алқалары құрылтайшылық құжаттарын осы заң талаптарына сәйкестендіріп, жұмыс органдары ретінде адвокаттар алқалары төралқаларының, тексеру және аттестаттау комиссияларының, әдеп жөніндегі комиссиялардың құрамдарын және төралқа төрағаларын қайта сайлады.
– Жалпы, қоғамда адвокаттарға қатысты сын аз айтылмайды. Олардың арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылып жататындары да баршылық. Осы келеңсіздіктің алдын алу бағытында не істелінді?
– Әр адвокаттар алқасында адвокаттардың тәртіптік жауапкершілігін қарау құзыреті берілген тәртіптік комиссия құрылды. Бұл өз міндетін салғырт атқарған, заңсыз әрекеттерге барған
әріптестерімізге түсетін шағымдарды қарайтын тәуелсіз құрылым. 2019 жылы бұл комиссияда 105 адвокат, ал, 2020 жылдың жартыжылдығында – 71 адвокат тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар республикалық деңгейде апелляциялық саты ретінде Республикалық адвокаттар алқасының жаңа органы – Адвокатураның тәртіптік комиссиясы құрылды. Бұл комиссияның құзыретіне адвокаттар алқаларын басқару органдарының мүшелерін, Республикалық адвокаттар алқасы басқару органдарының мүшелерін тәртіптік жауаптылыққа тарту, жергілікті адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешімдеріне түскен шағымдарын қарау және республика бойынша тәртіптік практиканы қорыту өкілеттіктері берілген. Алайда, Адвокатураның тәртіптік комиссиясы Әділет министрлігінің қоғам өкілдерін ұсынбауына байланысты өз жұмысына кірісе алмады. Сонымен қатар бұл комиссияның өкілеттік мерзімі
екі жылды құрайтын болғандықтан алдағы уақытта адвокаттар алқаларының республикалық конференциясында жаңа құрам сайланатын болады. Былтырғы жылдан бастап, адвокаттың үшінші тұлғаға зардап келтіру, заң көмегін тиісті деңгейде көрсетпеу салдарынан туындайтын кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға міндеттейтін келісімшартқа отыру туралы норма қолданысқа енді. Бұл норма да адвокаттардың сапалы заң көмегін көрсетуіне және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
– Бұл норманы қолдануға қандай жағдайлар негіз болуы мүмкін?
– Әр адвокат шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын жасауға міндетті. Мұндай шарт болмаған кезде заң көмегін көрсете алмайды. Заңда кәсіптік қателіктер ретінде мына жағдайлар белгіленген: процестік мерзімдерді өткізіп алу; құжаттарды дұрыс рәсімдемеу; шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдарлары туралы оған хабарламау; сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі; адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария ету. Аталған негіздердің бірі – құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі. Бірақ заң жүзінде дұрыс рәсімделмеген құжат ретінде нені қарастыру мәселесі реттелмеген. Осыған байланысты заңгерлік құжаттарды құрастырудың стандарттарын бекіту мәселесін шешу керек.
Адвокаттардың қызмет ақысына қатысты да сұрақ көп. Кейбір адвокаттардың алған ақысына сай қызмет көрсетпейтіні шындық. Мұның өзі заң көмегін көрсетудің өлшем шарттарын белгілеуді қажет ететін секілді.
– Бұл мәселе «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң аясында шешіліп отыр. Атап айтқанда, адвокаттың заң көмегін көрсету стандарттары және заң көмегін көрсету сапасының өлшем шарттары 2018 жылы 23 қарашада өткен адвокаттар алқасының республикалық конференциясында қабылданып, қолданысқа енгізілген. Заң көмегін көрсету барысында адвокат мына қағидаттарды басшылыққа алуы керек.Олар: заңның үстемдігі; заң көмегін көрсететін тұлғалардың тәуелсіздігі; клиенттің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау; клиенттің мүддесінде заң көмегін ұсыну; кәсіптік құпияны сақтау; кәсіптік және әдептік мінез-құлық нормаларын сақтау; заң көмегін көрсету шектері мен шараларын айқындау еркіндігі; заң көмегін көрсету стандарттарын сақтау; сотқа, сот ісін жүргізу қағидаларына және кәсіп бойынша әріптестерге құрмет; заң көмегінің қолжетімділігі.
Қолданыстағы заң талабына сәйкес Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар қызметінің орташа құны туралы жыл сайын зерттеу жүргізілетін анкетаны бекітті. 2019 жылы жүргізілген мониторингтің нәтижесі Республикалық адвокаттар алқасы мен аумақтық адвокаттар алқаларының интернет ресурстарында жарияланды. 2020 жылы жүргізілген ақпарат біртіндеп аталған интернет ресурстарында жарияланып жатыр. Ордерлердің күшін жою туралы заңнамалық новеллаға сәйкес бүгінде адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттіктері адвокат куәлігімен және қорғау туралы жазбаша хабарламамен расталады. Бұл ереже адвокаттардың тәуелсіздігін және іске кірісу кезінде олардың өкілеттіктерін растау мәселесін шешудің жеделдігін арттыруға бағытталған. Хабарламаның үлгісін және рәсімдеу тәртібін республикалық конференция бекіткен. Қорғау туралы жазбаша хабарламада қорғалуға жататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, өкілдік етілетін заңды тұлғаның атауы, сондай-ақ заң көмегін көрсетуге арналған шарттың күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс. Қорғау
туралы жазбаша хабарламаға қорғауды жүзеге асыратын адвокат қол қояды. Хабарламаның есебін республикалық конференция бекіткен форма бойынша әр адвокат дербес жүргізеді. Заң бойынша адвокаттардың жазбаша хабарламаға шындыққа сай келмейтін мәліметтерді енгізуге қатысты жауапкершілігі көзделген.
– Сапалы заңгерлік көмекке қолжетімділік қаншалықты деңгейде? Сұрақ, әсіресе табысы аз азаматтарға қатысты.
– Табысы аз тұлғаларға заң көмегін көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында заң бойынша кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету туралы норма қарастырылып, оның шеңберінде заң көмегін алуға құқығы бар адамдардың ауқымы белгіленді. Заң талабына сай адвокат пен клиент арасындағы келісімшарт бойынша әлеуметтік заң көмегі тегін көрсетіледі. Осы орайда атап өтетін жағдай: клиент заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезден бастап іс бойынша қорытынды қабылданғанға дейін құқықтық қолдап отыруды білдіретін өтеусіз кешен әлеуметтік заң көмегі болып табылады. Сонымен қатар кешенді әлеуметтік заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша көрсетілмейтіндігін
атап өту қажет. Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуде адвокаттарды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан Үкімет бекітетін тәртіппен марапаттау туралы норма көзделген. Дегенмен, кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету тәжірибесі сотта қаралатын құқықтық даулардың түрлерін нақты айқындау арқылы жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Нақтырақ айтқанда, оларға бала тәрбиесі, некелік-отбасылық қарым-қатынастарға, жер даулары, ипотекалық несиелендіруге байланысты мәселелерді жатқызу қажеттігі бүгінгі таңда айқын
көрініп отыр. Сонымен қатар, заң бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету және қорғау сапасы мемлекет тарапынан адвокаттарға төленетін жалақы мөлшеріне тікелей байланысты. Әділет министрлігі бекіткен адвокат көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларында адвокаттар көрсететін заң көмегіне байланысты жасалған және төленуге жататын іс-әрекеттер белгіленген. Алайда тәжірибеде бұл талаптар орындала бермейді. Осының салдарынан адвокаттардың нақты атқарған жұмыстары есептелмей қалады. Адвокаттардың жалақысын көрсеткен қызметіне сай дер кезінде төлеу COVID-19 індетіне байланысты тіпті ушығып кетті. Қажетті заңнамалық базаның жоқтығынан оқшаулау орындарында жатқан тұлғалардың заңгерлік көмекке қолжетімділігі қиын болып отыр. Бұл мәселе біздің ұсынуымыз бойынша Парламенті Мәжілісінде қаралып, оң шешімін тауып отыр. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенат
депутаттарының қарауында.
– Алыс аудандар үшін сапалы заң көмегін алуда да қиындықтар барын білеміз…

– Бұл мәселе ауылдық жерде жұмыс істеуге ынта білдіруші адвокаттардың жетіспеушілігі мен олардың жалақысының төмендігімен байланысты туындап отыр. Сонымен қатар адвокаттық қызмет саласында ғана емес, соттар мен полициялардың жұмыстарына да қатысты аудандарда қиындық туындап отырғаны белгілі. Алайда, тергеушілер, прокурорлар мен судьялардың жұмыс орнын анықтау мәселесін құқық қорғау мен сот органдары шеше алатын болса, адвокаттардың жұмыс орны мен қызмет көрсету нысанын таңдауы заң бойынша адвокаттардың өз еншісіне қалдырылған. Сондықтан адвокаттар алқасының төрағасы, не төралқасы адвокатқа бұл мәселе бойынша нұсқау бере алмайды. Ауыл тұрғындарының адвокаттық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы азаматтардың қорғалу кепілдігін күшейту үшін құзырлы органдар мемлекет кепілдік беретін заң көмегін көрсететін адвокаттар қызметіне төленетін тарифтерін арттыруы қажет. Бұл мәселені қазіргі уақытта «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында Әділет министрлігі мен адвокаттар қауымдастығы бірлесе отырып қарастыруда. Сонымен қатар жалпы жастарды адвокаттық қызметке баулу мәселесін шешудің бір амалы ретінде бір жылдан аз адвокаттық қызмет өтілі бар жастарды заңда көзделген мүшелік және нысаналы жарналардың мөлшерін елу пайызға азайту жөніндегі біздің ұсынысымызды Мәжіліс депутаттары мақұлдады.
– Жалпы қылмыстық істі қарау барысында жарыспалылық, тараптардың теңқұқылығы қағидаты қаншалықты сақталады?
– Қазақстан адвокаттар қауымдастығының бірыңғай ұстанымын белгілеу мақсатында 2020 жылдың басында адвокаттардың арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы дайындаған ұсыныстар Бас прокуратура жанындағы жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді тәжірибеде қолдану және мониторингілеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырыстарында қаралды. Алайда адвокаттардың көптеген ұсыныстары әзірше оң шешімін таппады. Айталық, адвокаттардың кәсіби қызметтеріне байланысты заңды әрекеттерін қудалауға тыйым салу, адвокаттардың тергеу органдарының ғимараттарына кіруіне қойылған шектеуді жою, дәлелдемелер ретiнде жол берілмейтін нақты деректер қатарына процестік әрекеттерді іс жүргізу тәртібін елеулі түрде бұза отырып алынған деректерді дәлелдемелер ретінде қабылдауға жол берілмейді деп тану туралы ұсыныстар ескерусіз қалды. Сол секілді адвокаттың қылмыстық процеске қатысу тәрібін өзгерту, мемлекеттің құпиясы бар материалдармен танысуына рұқсат беру тәртібін өзгерту жөніндегі ұсыныстар да қабылданбады. Мұндай қарым-қатынасты адвокаттық қызметке кедергі келтірушілік деп бағалау орынды.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий