Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН БАҒАЛАУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Қазақстандағы парламентаризм институтының қалыптасқанына 30 жылға жуықтап қалса да, онда түйткілді мәселелер аз емес. Оның кейбірі VII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы кезінде ғана емес, 1-сессиясының жалпы отырысынан кейін де қызу талқыланып жатыр. Біз осыған орай бұған дейінгі шақырылымдардағы кейбір депутаттардың ой-пікірін сұраған едік.

Оразалы СӘБДЕН, ҚР Жоғарғы кеңесінің 12-13 және ҚР Парламент Мәжілісінің 1-2 шақырылымының депутаты:
– Депутаттардың қызметін бағалау жүйесі жоқ, қолданыстағы заңда көрсетілмеген. Кезінде олар әр ауданнан, облыстан жеке мандаттық округтер бойынша сайланатын. Сонда халық оларға көпір, мектеп, аурухана сал деп айтатын. Қазір ондай жоқ. Халық депутатың кім деп сұрасаң білмейді. Олар халықтың емес, партияның ғана депутаты боп қалды. Бұл жүйені жою керек. Депутаттарды бірнеше адамның ішінен халық жергілікті жерлерде өзі таңдап сайлауы керек. Сондықтан халық тарапынан олардың қызметі бағаланбай тұр.Қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. Онда екі нәрсе болу керек. Бірінші, депуттардың 50 пайызын халық жергілікті жерден сайласын, қалғанын партиялар белгілесін. Екінші, регламент қабылдап, депутаттардың жұмысына баға беретін рейтинг жүйесін енгізу керек. Мысалы, онда қандай заң ұсынып жатыр, оны кім қадағалайды, депутаттың сауалы іске асты ма деген сияқты өлшемдер болуы қажет. Өткенде «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Премьерге өтініш бердік, іске асыра алмады деп айтты ғой. Рейтинг әр тоқсанда шығып тұру керек. Егер депутат заң жазса оның қызметін неге жоғары бағалауға болмайды. Қазір заң жазған да, жазбаған да бірдей. Алатын айлықтары да бірдей. Халық кім жақсы жұмыс істеп отыр, кім ұйықтап отыр деп бәрін көріп отыру керек қой. Негізі түптің түбінде бәрі солай болады. Парламент жұмысын жандандыру үшін оны тезірек жасауымыз керек.

Амангелді АЙТАЛЫ, ҚР Жоғарғы кеңесінің 12-13 және ҚР Парламенті Мәжілісінің 1-2 шақырылымының депутаты:
– Депутаттар талқылаулар кезінде сөйледі ме, онда не айтты, оның сөзі тиімді ме, тиімсіз бе – дегенді анықтайтын құрал жоқ. Сондықтан оны жақсы не жаман деп айту өте қиын. Қазір депутаттарды шындығын айту керек халық сайламайды. Партиялық тізіммен таңдап алады ғой. Әдетте қандай мамандық елге керек, заң саласы ма, экономикалық реформа ма, қаржы саласы ма соны білетін мамандарды алады. Қолынан іс келетін, тіпті министр болған адамдарды өзінің саласына қарай іріктейді. Бізде ондай таңдау әзірге жоқ.  Мысалы, биыл Премьер-Министр Асқар Маминді депутаттар тізіміне кіргізіпті ғой. Шын мәнісінде ол дұрыс. Спикер бола ма, болмаса комитет төрағасы бола ма сондай жұмыстар жасаса бұл керек еді. Бірақ әзірге біреудің өзі, біреудің көзі жақсы деп, болмаса праймеризге қарап алуда. Сондықтан айту қиын. Қазіргі Мәжіліс 70 пайызға жаңарыпты. Оның енді жұмысын байқап көру керек. Жаңа келіп жатыр ғой. Бір әттеген-айы, көбі депутат міндетінің не екенін білмей келетін адамдар. Мәселенің қиындығы сонда. Бірқатар шет елдерде есеп бергенде дауыс берген депутаттарды қайтарып алуға сайлаушының құқы бар. Халықтың сенімін ақтамады, мынандай мәселе шешілмеді, сен өз шаруаңмен жүрсің дегендей. Әрине, ол өзі сайланған округтің проблемасымен ғана айналысып қоймайды. Мемлекеттің проблемасымен де айналысады. Танымал ма, білімі қандай, сөйлеген сөзінің тиімділігі қандай, дипломы бар ма, оның қызметін бағалау үшін мәселені қалай шешті дегендей талаптар болуы керек. Бірақ біздің Парламатентте ондай механизмдер жоқ. Партиялардың мандатты қайтарып алуға құқысы бар. Бірақ қандай себеппен қайтарып алады? Ол белгісіз. Мысалы тым пысық болып, көптеген мәселелер бойынша қатты-қатты сөз айтса, артынан мынау қайда бара жатыр, үлкендерге ұнамай жатыр деп алып тастауы мүмкін. Ондай бірен-саран жағдайлар болды.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Комментарий