Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АҚ ХАЛАТТЫЛАРҒА БЕРІЛГЕН ЖАЗА ӘДІЛЕТТІ МЕ?

КҮНІ КЕШЕ ҚОҒАМДА ҮЛКЕН РЕЗОНАНС ТУҒЫЗЫП, ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫН ҰСТАТҚАН АТЫРАУЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕРГЕ СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ. СҰМДЫҚ ҚЫЛМЫСҚА ТІКЕЛЕЙ ҚАТЫСЫ БАР ОБЛЫСТЫҚ ПЕРЗЕНТХАНАНЫҢ БҰРЫНҒЫ БАС ДӘРІГЕРІ ҚУАНЫШ НЫСАНБАЕВ – 18, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ АСҚАР ҚАЙЫРЖАН – 16 ЖӘНЕ ЖӘМИЛӘ ҚҰЛБАТЫРОВА – 15 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ. АЛ «ҚЫЛМЫСТЫ КӨРЕ ТҰРА АЙТПАДЫ» ДЕП АЙЫПТАЛҒАН НЕОНАТОЛОГ-ДӘРІГЕРЛЕР РУСЛАН НҰРМҰХАНБЕТОВ ПЕН ДАРИҒА ЖҰМАБЕВАНЫҢ ҮШ ЖАРЫМ ЖЫЛҒА БАС БОСТАНДЫҒЫ ШЕКТЕЛДІ.

Олар жарық дүниеге жаңа келген шақалақты «өлі туылды» деп құжат толтырып, артынша тіршілік белгісін көрсеткен бейкүнә періштені жансақтау бойынша шұғыл шаралар қабылдауға мүмкіндігі бола тұра, асқан қатігездікпен тоңазытқышқа салып өлтірген. Бұл жағдай перзентхананы ізгілікке толы, қуаныш пен сүйіспеншілікке бастайтын орын деп түсінетін көпшілікке ақ халаттылардың да арасында қатыгез адамдардың, мейірімсіз мамандардың болатынын ұқтырғандай болды. Десек те ағаттық емес, адам өліміне себепші болған дәрігерлердің тым ұзақ мерзім арқалап кеткенін сынап, әріптестерін әлі де болса ақтап жатқан дәрігерлер бар. Олардың айтуынша, жаңа туған нәрестені перзентхана дәрігерлері ғана емес, елдегі денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесі де өлтірген. Себебі, ақпараттық жүйеге енген ақпаратты қайта түзеу іс жүзінде мүмкін емес көрінеді. Бірақ базаға енген құжатты өзгертпеу үшін ғана тірі адамды оп-оңай өлімге қиған дәрігерлердің ісі ақтауға тұрмайды. Өйткені, олар – Гиппократтың алдында антын беріп, адамдардың өмірін Алладан кейін аман сақтап қалуы тиістұғын. «Алайда бесіктен белі шықпаған балаға азғындық көрсетіп, айуандық жасаған педофилдерге шартты жаза кесіп, қасақана кісі өлтірген қылмыскерге де ары кетсе 10 жыл арқалататын соттар әділдік танытпады ма?» дейтін дәрігерлердің сөзі де қисынды естілетіні рас. Адамнан айуанға айналған қылмыскерлердің ауыр қылмысын орташаға бағалайтын алқабилер атыраулық дәрігерлерге келгенде ауыр жаза тағайындағаны заңымыздың осалдығынан ба? Әлде мұның басқа да себептері бар ма?

Абзал ҚҰСПАН, адвокат:
– Қоғамда болып жатқан қылмыстарды бірбірімен салыстыруға болмайды. Себебі, Қылмыстық кодексте қылмыстардың 4 санаты бар. Олар аса ауыр емес, орташа ауыр, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар болып бөлінеді. Ал, бұл жерде дәрігерлердің ісі аса ауыр қылмыстардың қатарына жатады. «Педофилдерге неге аз беріледі?» деп отырсыз, олардың да ісінде орташа, ауыр, аса ауыры болады. Адам өлтіру бойынша да сондай санаттар негізінде үкім шығарылады. Егер қылмысты жалғыз адам жасаса, іс 99-баптың бірінші бөлігімен қарастырылады. Мына жағдай кем дегенде 99-баптың екінші, үшінші бөлігімен дәрежеленіп отыр. Мұнда бірнеше адам топтасып адам өлтіріп отыр. Сондықтан олардың қылмысы 99-баптың екінші бөлігімен қарастырылуы мүмкін. Яғни 99-баптың 2-бөлігінде 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделсе, 3-бөлігінде 20 жылды көрсетеді. Меніңше, дәрігерлердің алған үкімін қоғамда болып жатқан педофилдердің, қасақана адам өлтірген қылмыскерлердің жазасымен салыстыруға болмайды. Одан бөлек, қылмыстық іс бойынша сот үкім шығаратын кезде жазаны ауырлататын, жеңілдететін мән-жайларға назар аударады. Ал олар осындай қылмысты ешбір тітіркенбестен, қиналмастан, оп-оңай жеңіл жасай салды. Негізгі міндеті адамдарды құтқару бола тұра, тірі жатқан баланы қағаздағы қате кетіп қалған мәліметті өзгертпеу үшін ғана өлтіріп отыр. Сондықтан судья дәрігерлерге ауыр жаза тағайындаған секілді. Сөзсіз, бұл үкімді заңды деп есептеймін. Дәрігерлерге деген халықтың сенімі жоғалып жатыр. Бұған дейін жасап кеткен қызметін бұлдау орынсыз.
Олардың бұған дейін басқа балаларды өлтірмегеніне кім кепіл? Көп жағдайда соттардың ісін сынап жүретін едім, бірақ дәл осы жағдайда сот әділ үкім шығарды деп есептеймін. Тіпті апелляциялық, кассациялық шағымдануға негіз жоқ.

Құнанбай МҰСАЕВ, Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының төрағасы:
– Қателесуге болмайтын мамандық болса, соның бірі адам өміріне араша түсетін ақ халаттылар. Біздерге де қателесуге болмайды. 100, 1000 іс қарасаң да әділдігін айтып, тура төрелігін шығаруымыз керек. Өйткені, бір үкімнің артында бір адамның тағдыры тұр. Біреуді жазықсыз соттап, судьялардың өздері де сотталып, түрмеге тоғытылып, жұмыстан шығарылып жатыр. Ол өте орынды. Сол секілді дәрігерлердің де, өкінішке қарай, қаншама адамға өмір сыйлап, жанына араша түскенімен, бір адамды өлімге қиғанына куә болып отырмыз. Асыл дінімізде де «бір адамды нақақтан нақақ өлтірген бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» дейді. Бұл жерде дәрігерлердің ісі өте ауыр. Судья оларға қоғамда шу тудырғаны үшін ауыр жаза кескен жоқ. Әрбір істе кінәлі адамның сөзіне, ісіне баға беру керек, өзіңнен өткізіп барып үкім шығарасың. Бір адамды бір тәулікке қаматудың өзі өте қиын. Меніңше, 15-18 жыл олар үшін әділ шешім. Конституциямыздың өзінде ең бірінші байлығымыз – адамның өмірі, денсаулығы, бостандығы деп көрсетілген. Ал заңымыз осал болса, оны Парламент қабылдады, Президент қол қойды. Судьялар тек бар заңды орындаушы.

Марат ШУАҚБАЕВ, дәрігер:
– Сот шешіміне қарсымын. Өйткені, олардың барлығы да жақсы мамандар, кезінде өздерін көрсете білді. Көптеген аналардың босануына көмектесіп, қаншама балалардың жарық дүниеге келуіне жәрдем қылды. Соттың осындай шешім қабылдағаны өте өкінішті. Одан да аса ауыр қылмыстарға жеңіл жаза береді де, тірі қалуы неғайбыл шақалақты өлтірген дәрігерлерге 18 жыл кесу ақылға сыймайды. Кейде барлық мүмкіндікті жасағанда да 24 апталық шақалақтың 50 пайызы ғана өмірге қабілетті болады. Рас, олардың қателіктеріне баға бере алмаймын. Бірақ жазаны аса ауыр деп есептеймін. Әрбірден соң медицинада қате ем қоюдан ешкім де сақтандырылмаған. Жоғарғы Соттың басқа сатыларында дәрігерлердің жанайқайы естіліп, шешім өзгеріп қалар деп үміттенемін.

Жұпар НАХАНОВА, акушер-гинеколог:
– Дәрігерді дайындау мемлекет пен жанұя үшін де қымбатқа түседі. Себебі, 9 жыл оқып, үш жыл жас маман ретінде қалыптасып, үлкен тәжірибеге өтеді. Сот емес, біздің қоғамның өзі дәрігерлердің еңбегін бағаламайды. Аз жалақыға жұмыс істеп, 30 жыл еңбек өтілі бар үйсіз-күйсіз жүрген дәрігерлерді білемін. Сананы тұрмыс билейтіні рас. Тұрмысқа алаңдамаған маман ғана жемісті еңбек етеді. Әділетсіздік пен жемқорлық жайламағанда дәрігерлер ондайға бармас еді. Қоғамдағы осындай келеңсіздік дәрігерлердің де санасын өзгертіп жатыр. Қуаныш жақсы маман болатын. Ана мен бала ғылыми орталығында тәжірибеден өткенде кезекшілікті талай бірге атқардық. Өз ісіне мығым, ұқыпты. Білікті маманның болашағына балта шабылды. Еліміздің кадр тағайындау мәселесі де дұрыс жолға қойылмаған. Қуаныштың орнында тәжірибесі мол маман болғанда дәл сол күні шешім дұрыс қабылданар еді. Осындай адам өлімі болмас па еді. Әрбірден кейін ауыр жүктілігі бар, іштен денсаулығының мүкісі бар болып, шала туылған нәрестелерді емдейтін орталыққа Қуаныш сияқты жас мамандардың директор болып тағайындалуының өзі қателік. Бәрі де басшының біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты. Өйткені, соңғы шешімді басшы қабылдайды. Осы оқиғада Қуаныштың біліктілігі жеткенімен, тәжірибесі жетіспегені анық. Бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды.
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий (1)

  1. Қырықбаев Ерлан

    Істің мән-жайын білмей пікір білдіру өте қиын. Әрине, ақ халатты абзал жандар көре тұра, біле тұра, қасақана сәбиді өлімге қиса, кешірім жасау туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз деп ойлаймын.
    Алайда, бұл жағдайда қылмыскерлердің пиғылын қатесіз анықтау оңайға соқпайтыны белгілі. Бұл жағдайда соттың мойынындағы ауыртпалықты тереңнен түсінген жөн деп ойлаймын.
    Дегенмен, әлі де болса, сотталушылардың қылмыстық пиғылы жоғары сот сатыларында мұқият тексеріліп, заңды негізді баға беріледі деп сенеміз!

Комментарий