Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

ПАРЛАМЕНТ ПӘРМЕНІ – ДЕПУТАТ БЕДЕЛІНДЕ

Қазақстанда Парламент институтының қалыптасқанына келесі жылы 30 жыл толады. Алайда заң шығару билігін жүзеге асыратын бұл жоғарғы органның жұмысы жұртшылық арасында әлі күнге дейін толық қолдау тауып кете алмай отыр. Парламенттің билік пен халықтың арасындағы саяси мәміле мектебіне айнала алмай отырғанын депутаттардың өздері де жоққа шығармайды.

Соның бір мысалын Мәжілістің VI-VII шақырылымдардағы депутаты Бекболат Тілеуханның 2020 жылдың сәуір айында «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын талқылау кезіндегі сөзінен көруге болады. Ол сол кезде өз әріптестеріне міндетті екпеге қатысты: «мұның артында үлкен ақша жатыр. Ол ақшаны анықтау үшін, соның бәрін ақтау үшін мына жерде сіздер актер болып, артист болып отырсыздар. Біз оны өткізетін болсақ біздің Парламенттегі құнымыз көк тиын. Мен депутат ретінде мандатымды берсем де мынаны аяғына дейін алып шығатынымды сіздерге мәлімдеймін. Алдыма келмей-ақ қойыңыздар. Ертең кабинетке келесіздер, туысымды саласыздар, танысымды саласыздар, министр шығады. Кім шықса ол шықсын. Мына жерде ең болмаса азаматтық позициямызды, адамгершілігімізді сақтап қалатын жағдайда болуымыз керек. Сондықтан сіздер өз ойларыңызда қалыңыздар, мен өз ойымда қаламын» деген. Бұл кодекстің осыдан кейін араға 2 ай салып, 2020 жылдың 7 шілдесінде қабылданғанын да жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Денсаулық сақтау министрінің биыл жыл соңына дейін 6 млн адамға коронавирусқа қарсы екпе жасалатынын мәлімдеуінен кейін бұл мәселе жұртшылық арасында қайта талқыға түсе бастады. Ал қоғам өкілдері тарапынан айтылған сын-ескертпелерді жинақтап, сараптап, одан қорытынды шығаруда атқарушы биліктің те, заң шығарушы биліктің де аса белсенділік көрсете алмауы Парламент жұмысын жандандыруда заңнамалық тұрғыда ғана емес, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында да әлі де атқарылатын жұмыстардың жеткілікті екенін көрсетті. Жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары ант беру рәсімінен бастап-ақ, сын садағына ілінді. «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» 1995 жылғы 16 қазанда қабылданған конституциялық заңның 24-бабы бойынша Қазақстан халқына беретін: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін
адал атқаруға ант етемін» деген антты оқыған 65 депутаттың 13-і мәтіннен шатасты. Рәсімде олардың 57-сі мемлекеттік тілді, 8-і ресми тілді таңдаған еді. Бұл мәселеге біздің басылым да бейжай қарай алмай 19 қаңтардағы №5 санында «Мұны айтпасқа бола ма?» деген айдармен «Депутаттар екі ауыз антты айта алмады» деген материал жарияланғаны көпшіліктің есінде шығар.

Құрам қалай жасақталады?
Парламент Мәжілісі тарихында жетінші шақырылымның алғашқы сессиясында бірден екі жаңалық тіркелді. Оның біріншісі депутаттар құрамының 70 пайызға дейін жаңаруы болса, екіншісі Н.Нығматулиннің 2012 жылдан бергі үзіліссіз төрағалық қызметінің қайта жалғасуы болды. Бұған дейін онда 1995–1999 жылдары М. Оспанов, 1999–2004 жылдары Ж.Тұяқбай, 2004–2007 және 2008–2012 жылдары О.Мұхамеджанов, 2007–2008 жылдары А.Мусин жетекшілік жасаған еді. VII шақырылымдағы бұл рекордтар енді көпке дейін жаңармауы мүмкін. «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» 1995 жылғы 16 қазанда қабылданған конституциялық заңның 8-бабы бойынша Сенат төрағасының қызметiне кандидатураны ҚР Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған жағдайда Мемлекет басшысы оның орнына жаңа кандидатура енгiзеді. Ал Мәжiлiс төрағасының қызметiне кандидатураларды палатаның депутаттары ұсынады. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн депутаттардың көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы. Бұл заңның 2 және 4-баптары бойынша Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi – 5 жыл. Сенатта – 47, Мәжілісте – 107 депутат болады. Сенат әр облыстан, республикалық маңызы
бар қаладан және Қазақстан астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір 3 жылда қайта сайланады. Сенаттың 15 депутатын Президент тағайындайды. Ал Мәжілістің 107 депутатының 98-і саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінен жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы, 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады.

Заң шығару бастамашылығы
Біздегі қалыптасқан тәжірибе бойынша Мемлекет басшысы әрбір сессияның ашылуында Парламенттің заң шығару қызметінің бірінші кезектегі міндеттерін айқындап береді. Мәселен, VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің 2020 жылғы 1 қыркүйектен 30 желтоқсан аралығындағы соңғы алтыншы сессиясында Парламент палаталарының 1 бірлескен отырысы, Мәжілістің 16 жалпы отырысы, 1 «үкімет сағаты», тұрақты комитеттердің 149 отырысы, 3 «дөңгелек үстел» және 1 конференция өткізілді. Мәжіліске бұл сессия барысында 58 заң жобасы келіп түсті. Оның 30-ның бастамашысы депутаттар болып табылады. Сондай-ақ алдыңғы сессиядан қалған 58 заң жобасы да олардың қарауына өткен болатын. Жалпы отырыстарда қарау қорытындысы бойынша алтыншы сессияда 66 заң жобасы мақұлданып, Парламент Сенатының қарауына жіберіліп, Мемлекет басшысы оның 20-на қол қойды. Ал 2016 жылғы 25 наурыз бен 30 маусым аралығындағы ең алғашқы сессияда Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Мəжілістің 12 жалпы отырысы, 3 «үкімет сағаты», тұрақты комитеттердің 109 отырысы, заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 160 отырысы, 7 «дөңгелек үстел», комитеттердің 3 көшпелі отырысы өткізілген болатын. Мәжіліс қарауына келіп түскен 24 заң жобасының 22-сіне Үкімет, екеуіне депутаттар бастамашы болған. Бұған қоса, V шақырылымнан қалған 18 заң жобасы болды. Оның 13-іне үкімет, 5-еуіне депутаттар бастамашы болды. Үкімет 2 заң жобасын Мəжілістен қайтарып алды. Палата бұл сессияда 13 заң жобасын қарап, Парламент Сенатына жіберді. Сенат оның ешбірін Мəжіліске қайтарған жоқ. Осыған қарамастан Мемлекет басшысы Сенат мақұлдаған 4 заңға ғана қол қойды. Бұл палатаның қарауында жатқан заң жобаларының 9,5 %-ын құрайды.

VI шақырылым депутаттарының белсенділігі қалай болды?
VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мəжілісі сайлауының нəтижесінде оған үш саяси партия кірді. Олар: «Нұр Отан», «Ақ жол» ҚДП жəне ҚКХП. Бірінші сессияда «Нұр Отан» партиясының фракциясы мүшелері палатаның жалпы отырыстарында 48 депутаттық сауал жариялады. «ҚКХП» фракциясы 3 депутаттық сауал жолдады. «Ақ жол» ҚДП фракциясы депутаттары Мəжілістің қарауындағы заң жобаларына 230 түзету жолдап, 16 депутаттық сауал жариялады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар заң жобаларына 20 ұсыныс пен түзету берді, 7 депутаттық сауал жариялады және басқа депутаттармен бірлесе отырып 33 депутаттық сауал дайындады. 33 жұмыс тобында жұмыс істеді. Мәжіліс депуттарының алтыншы сессиядағы 88 депутаттық сауалының 58-і Премьер-Министрге жолданды. Сондай-ақ оларға азаматтардан 2050 өтініш келіп түсті. Оның 30%-ы (1613)
жеке тұлғалардан, 8%-ы (437) заңды тұлғалардан. Осы арада олардың 142-сі ұжымдық, 940-ы қайталама, 1063-і электрондық үкімет порталы (ЭҮП) арқылы түскенін де айта кеткен жөн шығар. Салыстырмалы түрде айтар болсақ бесінші сессиядағы 204 депутаттық сауалдың 118-і (57,8 %) Премьер Министрдің атына жіберілген болатын. Сондай-ақ депутаттардың атына азаматтардан 4058 өтініші келіп түсті. Оның 27% (3206) жеке тұлғалардан, 73% (852) заңды тұлғалардан болды.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Әкім ЫСҚАҚ, ҚР Парламенті Мәжілісінің І шақырылымдағы (1995–1999) депутаты, Қазақстан парламентаризміндегі қазақ тілінде тұңғыш, әрі Үкіметке баламалы негізде жазылған «Халықтың көшіқоны туралы» заңының авторы:
– Бұрын Парламентке депутаттар жергілікті мандат арқылы ғана өтетін. Сол заң өте дұрыс еді. Кімнің кім екені халықтың алдында көрінетін. 35 жасымда Мәжіліске депутат боп алғаш келгенде мен де заңды білген жоқпын. Ол жерде заң жобасын жазу үшін тек ұлттық намыс керек екен. «Халықтың көші-қоны туралы» үкімет дайындаған заң жобасы қолыма түскен кезде өз позициямды білдіруім керек болды. Қарасам қате өте көп екен. Сосын намыстанып бар күш-жігерімді жинап, шеттен келген ағайынды қасыма жинап, тарихта бұрын болмаса да азаматтығы да жоқ адамдарды Парламенттегі жұмысшы тобына мүше етіп кіргізіп, жаңа заң жобасын дайындауда күндіз-түні жұмыс жасадық.
Бұл өзі өте бір есте қалатындай заң болды. Шынымды айтсам бүкіл денсаулығымды соған құрттым. Алдымен заң жобасының қорытындысы жоқ деді, одан кейін орысша аудармасы жоқ деп адамның басын әбден қатырды. Жалпы, заң жобасын 1 жыл талқылау деген тарихта да болмаған. Соны байқағандар: «АҚШ-та кішкене түзету жасалса бұл бәленшенің түзетуі деп сол депутаттың атымен аталады екен. Ал бүкіл бір заңды жазу деген үлкен ерлік» деп жазды. Мен жазған сол заң қабылданғаннан кейін АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Элизабет Джонс АҚШ-қа шақырды. Делегацияны бастап бардым. Сонда олар Қазақстанда осындай демократия бар ма, қалайша үкімет қарсы шықпады деп қайран қалды. Менің ол жерде ұтып кеткенім жобаны бүкілхалықтық талқылауға беріп жібергенім болды. Қазіргі кезең болса Президент, Премьер-Министр не дейді деп солардың ыңғайына қарайтын еді. Ол кезде «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ елі» газеттері Әкім Ысқақтың жобасы деп басып жіберді. Ол Конституциядан кейін бүкіл халық талқылаған бірінші заң жобасы болды. Жайшылықта басы қосылмайтын зиялы қауымды да ұлттық мүдде біріктірді. Соның да әсері болды. Одан кейін жобаның Президенттің жанындағы Ұлттық кеңесте қаралуы да өз әсерін тигізді. Біреулер сол кезде маған заң жобасына авторлық құқық алуды ұсынды. Бүкіл ел-жұрт біледі, ол маған не үшін керек дедім. Әлі күнге дейін бұл мен үшін дәлелдеуді қажет ететін нәрсе деп есептемеймін. 

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті

Комментарий