Судья мінбері | Судебная система

Бейбіт бітім маңызды

Қазақстанда медиация туралы заң 2011 жылы қабылданғанымен, бұл инситуттың қызметі кейінгі жылдары кеңінен қолданыла бастады. Заңдар жетілдірілді, медиацияның дамуына жағдай жасалды. Барлық соттарда медиация кабинеттері ашылған. Яғни медиацияны қоғамымызға сіңіру үшін барынша жағдай жасалуда.Медиация туралы заңымыздың аты бөлек, жаңа термин болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деуге толық негіз бар. Билердің беделі көбінесе халықтың мойындауымен, тануымен артып отырды, бұл өз кезегінде тәуелсіз, әділетті сот төрелігін жүзеге асыруға негіз болды. Билер халықтың лайықты өкілі, «аманаты» және халықтың ары болып табылды. Олар қазақ құқығының басты жүктеушісі, мемлекеттің барлық құқықтық функцияларын іске асырушы: білгір, суырып-салма, әрекет етуші заңнамаларды қорғайтын және реформалайтын тұлға ретінде танылды. 

Медицияның маңыздылығына тоқталып өтсек: тараптардың өз уақыттары мен қаржыларының үнемделуінде, қатысушы азаматтардың арасындағы мейірімді қатынастардың сақталып қалуы, құпиялықтың сақталуы, медиаторларды өз еркімен таңдау құқығының болуы мен мемлекеттік баж салығы төленбейтін экономикалық тұрғыдан тиімділігінде және адвокаттың қымбат тұратын қызметін қажет етпейтіндігінде дер едік. Сондай-ақ медиация – еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығымен ерекшеленеді. Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттар негізінде жүргізілуі де тараптар үшін тиімді.

Медиация жүйесі дамыған инфрақұрылымы жетілген елдердің барлығында тәжірибеде бар. Өркениетке ұмтылған кез келген елде қылмыстық істердің азайып, істің сотқа дейін жетпеуіне, мәселенің екі тарапқа да ыңғайлы шешілуіне үлкен мән беріледі. 2011 жылдан бері медиаторлардың құқықтары заңмен реттеліп, қызметтері жайында тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Елімізде содан бері бірнеше медиаторларды даярлайтын орталықтар құрылды. Қоғам біз үшін мұндай қызмет түрлері керек екенін түсініп келеді. Азаматтар кейде шағымын сотқа беріп қойған соң, қайтып алу мүмкін емес деп ойлайды. Медиацияның ерекшелігі әрі ыңғайлылығы – дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлар шешіміне ұсынуға болады. Бұл –бірімен-бірі соттасып жатыр деген жаман атақтан құтқаратын жол. Іс медиация рәсіміне берілгенде, сот іс жүргізуді тоқтата тұрады.

Бүгінгі күнде әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медиация түрлі жағдайларда ірі бизнес саласындағы даулардан бастап ажырасу, мүлікті бөлу сияқты отбасылық дауларды шешу кезінде кең қолданылады. Халықаралық статистикаға сай медиация арқылы 30-40 % даулар қаралады, осы ретте оның 85 %  бойынша жағымды нәтижеге қол жеткізіледі. Бұл кездейсоқ сан емес, себебі медиация тараптарға тұйыққа тірелген жерден достық, серіктестік қатынастарын сақтай отырырып және өз беделіне нұқсан келтірмей, мейлінше аз қаржылық, мерзімдік шығындармен шығуға мүмкіндік береді. Дауды реттеудің балама құралдары, оның ішінде медиацияның дамуы, әлемдік қауымдастықпен өркениетті құқықтық жүйе орын алған, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына кіру жолындағы негізгі қадамдардың бірі деп танылатынын да атап өткен жөн.

Серікбаев Нұрболат Ибрагимұлы, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының жетекші маманы

Комментарий