Ассамблея

Текелі – ұлтаралық татулықтың үлгісі

Таулы жердегі еліміздегі теңіз деңгейінен ең жоғары қала саналатын Текелінің тарихы кім-кімді болса да елең еткізбей қоймайды. 1911 жылы іргесі қаланып, 1927 жылы кент дәрежесіне көтерілген тау қойнауындағы жұмақтай құтты мекеннен 1933 жылы құрамында қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, германий қоспалары бар полиметалл рудасы анықталады. 1935 жылы тау-кен жұмыстары басталып, арада 2 жыл өткенде қойнаудың болашақта өнеркәсіп үшін қажеттілігі расталады. Сол себепті онда Текелі қорғасын-мырыш комбинаты мен рудник және кен байыту фабрикасын салу басталып,  жұмысшы кентінің  құрылысы  мен оны көркейту жұмыстары жүргізіледі. Бұл Текелінің тарихындағы жаңа бір даму кезеңінің басы болатын. 

1939 жылы емхана, 1941 жылы орта мектеп ашылып, 1942 жылы қорғасын-мырыш комбинаты құрылды. Сол жылдары мұнда КСРО аумағында мекен ететін ұлт пен ұлыс өкілдерін былай қойғанда, сонау Испания елінің  саяси мигранттары да жұмыс жасағанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейтіні анық.

Ал 1952 жылы 29 қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумінің Жарлығымен қала мәртебесін алған Текелі кеңестік дәуірде жабық шаһарға айналды. Бұл оның республика ғана емес, күллі Кеңес Одағы үшін маңызының тек өндірістік ғана емес стратегиялық қауіпсіздік тұрғысынан да өте   жоғары болғанының бір айғағы деуге болады. Бұл туралы қала әкімі Бақтияр Өнербаев: «Кеңес дәуірінде мұндағы тұрғындардың  97-98 пайызын славян халықтары құрапты. Оның ішінде украиндар, орыстар, немістер басым болған.

Ал қазақтардың үлесі бар-жоғы 3-ақ пайызды құраған көрінеді.  Тәуелсіздік жылдары орыстардың Ресейге, украиндардың Украинаға, немістердің Германияға қоныс аударуымен қаладағы славян халықтарының үлесі азайып, Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыздың есебінен қазақтардың үлесі айтарлықтай артты. Нақты  айтқанда бүгінді таңда қазақтар 52 пайыз, басқа этнос өкілдері 48 пайыз. Статистикаға жүгінетін болсақ, қазақ ұлты мен 18 этнос өкілдерінен құралған Текелі тұрғындарының жалпы саны 33 100 адам. Оның 18578-і қазақ, 12 228-і орыс, 718-і татар, 541-і неміс, 407-сі кәріс, 122-сі шешендер. Өзге этнос өкілдерінің ішінде қазір орыс, кәріс, татар этномәдени орталықтары жұмыс  жасайды. Бәріміз қоян-қолтық араласып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып»  келеміз. Сондықтан да бір кездері болашағына күмәнданғандар қазіргі кезде Текелі тұрғындарының  береке-бірлігіне қызыға қарайды. Мұның бәрі осы этномәдени орталықтар мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің  қала игілігі үшін жұдырықтай жұмыла білгенінің арқасы»,  – дейді.

Қала әкімдігінің сайтындағы мәліметтерге қарағанда, тек соңғы 10 жылда (2009-2018) өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 есе өсіп, 5 951,7 млн-нан 20 326,9 млн. теңгеге дейін  ұлғайды.

Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2018 жылы 3630,8 млн. теңгені құрап,  2009 жылғы деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 3,2 есеге артып, 6577,1 млн. теңгені құрады. 2018 жылы құрылыс жұмыстарының (қызметінің) көлемі 2747,6 млн.теңгені құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 4,8 есеге өсті.  Сондай-ақ,  өнеркәсіп өндірісі өнімінің көлемі 20326,9 млн. теңге, нақты көлем индексі – 112,7% құрады. Есепті кезеңге 2131,7 млн. теңге өнім өндіріліп, кен өндіру өнеркәсібі қаланың жалпы өндіріс көлемінің 10,5%, өңдеу өнеркәсібі 68,3% құрап, 13889,2 млн. теңгеге өнім өндірілді.

Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау қаланың жалпы өнеркәсіп өндірісінің 20,5% (4157,8 млн.теңге), сумен жабдықтау; кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау – 0,7 % (148,1 млн. теңге) құрады.

2019 жылдың 1 қаңтарына жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 1277 бірлікті құрап, онда  2780 адам жұмыс істеді.  17287,8 млн. теңгенің  өнімі өндіріліп, қызмет көрсетілді. Бюджетке 1430,3 млн. теңгеге салықтар мен міндетті салық төлемдері түсіп, бұл жалпы бюджет түсімдерінің 53,5% құрады.

  • Алматы облысындағы жалғыз моноқала саналатын Текелідегі жағдайды басқалармен салыстыру қиын. Мұнда бәрі басқаша. Мен өзім 22 жылдан бері Мәдениет үйінде істеймін. Осында келгенге дейін қазақ ұлтын ешқашан  көрмегем. Қазақ тіліндегі алғашқы үйренген сөзім «жаман емес» деген ғана еді. Бүгінде құдайға шүкір, мемлекеттік тілді біршама меңгеріп қалдым.  Бізге қарағанда жастар тілді тез меңгеріп алды, – дейді Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Текелі қалалық мәслихатының депутаты және орыс этномәдени орталығының төрағасы Константин Нестеров. К. Михайловичтің сөзін ары жалғастырған шешен-ингуш және татар этномәдени орталықтарының жетекшісі Зура Абдурзакова мен Тумрес Жылкибаева жастардың тілді ғана үйреніп қоймай, бүгінде домбыра да тартып, ән-жырды да еркін шырқап жүргенін айтты. Олардың сөзіне қарағанда қаланың барлық тұрғыны жасына, ұлтына, дініне қарамастан қоғамдық, мәдени, спорттық және өзге шараларға белсенді түрде атсалысады. Мемлекеттік және кәсіби мерекелерден бөлек «Наурыз», «Масленица», «Ақшақар», «Қыспен қоштасу» шарасы сияқты түрлі жиын-тойларда өз салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық және халықтық ойындар ұйымдастырады. Мұның бәрін олар жыл басында қала әкімдігімен  ақылдаса отырып жасаған өз іс-жоспарларына енгізеді.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»

 

 

Комментарий