Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Семейде екі жігіт отқа оранған үйден зейнеткерді алып шықты

Семей қаласында екі жігіт зейнеткерді өрттен құтқарды.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 қаңтарда түнгі сағат 01.00-де Паровозная көшесіндегі өрт туралы хабар түскен. Бірден оқиға орнына өрт сөндірушілер аттанды.

«Тілсіз жау жер үйдің дәлізін, асбөлмені, жиһаздарды, тұрмыстық техника мен жеке заттарды шарпыған. Өрттің жалпы аумағы 20 шаршы метрді құрады. Құтқарушылар жалынды ауыздықтау барысында 1 газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Анықталғандай, өрт сөндірушілер келіп жеткенше 70 жастағы үй иесін көршісіне қонаққа келген екі жігіт Станислав Коряковский мен Сергей Яцук құтқарып қалған.
«Өртті көрген олар еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Жатын бөлменің терезесін балғамен сындырып, қарт кісіні сыртқа алып шыққан. Иіс тиген зейнеткерге жедел жәрдем дәрігерлері алғашқы көмек көрсетті. Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл бейбіт күннің батырлары Станислав пен Сергейдің арқасы», – делінген ТЖД таратқан ақпаратта.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий