Судья мінбері | Судебная система

Жинақ бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға көмектеседі

Сот шешіміне, үкіміне қатысты пікір алуан түрлі. Өз көзқарасын білдіретін жандар көбінесе судьяның қандай заңды басшылыққа алғанына, қандай дәлел-дәйектерге сүйенгеніне назар аудара бермейді. Жалпы сот практикасында біркелкі тәжірибенің қалыптаспауына тек судьяларды кінәлау қате. Сот отырысына тыңғылықты дайындалмайтын тараптар да, жауапсыз куәлар да, ізденбейтін адвокаттар да сот төрелігінің ойдағыдай шықпауына теріс әсерін тигізетін кездер көп.

Дегенмен, азаматтар мен сот арасындағы байланысты нығайтып, сенімді қалыптастыру үшін бүгінге дейін қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап, етектен тартқан кемшіліктерді жою кезек күттірмейді. Соған орай соңғы жылдары қолға алынған реформаларда азаматтар пікіріне мониторинг жасалып, сот қызметіндегі көпшілік талабына жауап бермейтін тұстар барынша реттелуде. Республика судьяларының ҮІІІ съезінде таныстырылған “Мемлекеттік тілдегі сот актілерінің үлгілері” деген жинақ бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге судьялардың өзара тәжірибе алмасуына, білім-білігіне көтеруіне көмегін тигізері күмәнсіз.

Бұл жинаққа қылмыстық және азаматтық істер бойынша 300 сот актісі іріктеліп топтастырылған. Судьялар ұсынып, заң және филология саласы мамандарының терең сүзгісінен өткен бұл жинақ сот шешімдерін сауатты рәсімдеуге, баптарды дұрыс қолдануға ықпал етеді.

Сот актілерінің сапасына да айрықша көңіл бөлудің мәні бар. Себебі Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен былтырғы жылдан бері судьялар өз шешім, үкімін тараптарға қарапайым тілмен түсіндіріп келеді. Бұл дұрыс талап. Оған бастама тәжірибеге енгізізген аз уақыттың ішінде көзіміз жетті. Шындығында сот актісі ұғынықты тілмен жазылса, ондағы шешімдер анық та айқын негізделсе жеңілген тарап та судьяның төрелігіне түсіністікпен қарайды. Міне сондықтан да бүгінгі таңда нормативті қаулылармен бекітілген бұл талап барлық судьяларға қойылып отыр. Осыған орай судьяларға жол көрсету, оқыту үшін Жоғарғы Соттың судьялары өңірлерге барып, қажетті көмек көрсетуде. Нəтижесінде сот шешімдері мен үкімдеріне қатысты жолданатын шағымдар 30%-ға азайды.

Марат Нұрбеков, Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы

Комментарий