Елең еткізер | АктуальноЖаңалықтар | Новости

Жүргізушілерді қағаз құжаттардан неге толықтай босатуға болмайды?

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда көлік жүргізушілерін неліктен қағаз құжаттардан толықтай босатуға болмайтынын түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов бұл мәселенің көлік басқару кезінде өзімен бірге жүргізуші куәлігін алып жүру қажеттілігінен босатуды көздейтін заң жобасына қатысты екенін атап өтті.

“Неліктен бұл құжаттардан толық бас тартуға болмайды? Біріншіден, бізде жол қозғалысы туралы Вена конвенциясы бар. Онда халықаралық жол қозғалысына қатысушылар арнайы құжаты болған кезде көлік құралдарын пайдалана алатыны көрсетілген. Екіншіден, бұл құжаттар азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу үшін кажет. Яғни автокөлік сатқан кезде техпаспорт арқылы тіркелу сияқты”, – деп жауап берді Түсіпов.

Оның айтуынша, кейбір жағдайда жүргізуші куәлігі жұмысқа алу кезінде, жүргізу өтілін, біліктілігін растау үшін керек. Сондықтан мұндай құжаттарды беруден толық бас тарту мүмкін емес.

Айта кетейік, бұған дейін Парламент қазақстандық жүргізушілерге ел ішінде жүргізуші куәлігін және техпаспортты өзімен бірге алып жүрмеуге рұқсат беретін заң қабылдады.

Полиция қызметкерлері азаматтардың жеке куәліктері бойынша электрондық деректер базасынан құжаттарының бар-жоғын тексереді және жанында болмағаны үшін айыппұл салынбайды.

Комментарий