Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

БІЛІМДІ ЖАСТАР НЕГЕ БОЛАШАҒЫН ШЕТЕЛМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?

СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ЖАСТАР АРАСЫНДА КЕЛЕШЕГІН ӨЗ ЕЛІМЕН ЕМЕС, ӨЗГЕ ЖҰРТПЕН БАЙЛАНЫСТЫРАТЫНДАР ҚАТАРЫ АРТУДА. МҰНЫ ЕЛДЕГІ ЖАСТАР САНЫНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ТҮРДЕ АЗАЙЫП БАРА ЖАТҚАНЫНАН КӨРУГЕ БОЛАДЫ. МӘСЕЛЕН, СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ САНЫ 500 МЫҢҒА КЕМІПТІ. БҰЛ ҮРДІС ЖАСТАРДЫҢ ШЕТ ЕЛГЕ ОҚУҒА, ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ КЕТУІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ БОЛЫП ОТЫР.

Жыл сайын 14-28 жас аралығындағы 8 мыңға жуық жас Қазақстаннан кетеді екен. Ең өкініштісі, олардың басым бөлігі білімді, зерделі, білікті жастар. Сарапшылар әсіресе, IT мамандары, экономистер, қаржы саласының мамандары мен дәрігерлердің көп кетіп\ жатқанын айтады. Егер олар шет елдерге білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап қайту үшін барса қуануға болар еді. Өкінішке орай, олардың көбі өз елінен қабілетіне сай жұмыс таппай, еңбегіне сай жалақы ала алмағандықтан, мансап баспалдағымен өсудің қиындығынан, жеке бизнесін жүргізе алмағандықтан кетіп жатыр. Сондықтан бұл жастардың арасында елге қайта оралатындар жоққа тән.
Екінші себеп, еліміздегі білім сапасының төмендігі және жоғары оқу орындарында білім алу құнының қымбаттығы. Осының салдарынан жыл сайын мектеп бітіретін 100 мыңнан астам түлектің 30 пайызға жуығы шетелдік жоғары оқу орындарын таңдайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі таңда 91 мыңнан астам Қазақстан жастары сыртта оқып жүр. Мұның сыртында соңғы жылдары шетелдік оқу орындары тарапынан қазақстандық студенттерге таласа-тармаса грант беру үрдісі белең алған. Мысалы өткен жылы оралдық Алина Молдағалиева деген түлегіміз шет елдегі 11 жоғары оқу орнында оқу құқығын иеленіпті. Сол секілді шымкенттік Сымбат Көшерова деген жас түлек те АҚШ, Швейцария, Корея, Франция сынды елдердің 20 университетінің сынынан мүдірмей өтіп, олардың грантына қол жеткізген. Солтүстіктегі көршіміз Ресейге де білім іздеп кетіп жатқан жастар аз емес. Тіпті бұл ел білім қуған жастарымыз үшін айрықша тартымды болып отырғанға ұқсайды. Бүгінде Ресей оқу орындарында 70 мыңға жуық жас оқып жатыр. Олардың санының әлі де ұлғая түсетін түрі бар. Өйткені, бұл көршіміз 2024 жылы шетелдік студенттерге бөлінетін квотаның көлемін екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр екен. Үшінші себепке, сарапшылар, Қазақстанның жаҺандануға аяқ басып, барыс-келіс мүмкіндігінің артуын жатқызады. Бұл үрдісті «қазір әлем ашық, кім қайда тұрса да өзі біледі, білімді, білікті жанға барлық жерде жол ашық» деп құптайтындар аз емес. Тіпті Еуропадан қазақтар топтасып, бір анклав құрып алса, елден көшетін қазақтарға қолдау көрсетсе дейтіндер бар. Төртінші фактор, халқының саны аз елдердің біздің елден адамдарды тартуға ықыласы ауып отыр. Олар, әсіресе талантты жастарға айрықша сұраныс танытуда. «Қашайын деп тұрған қоянға тәйт деген соң не жорық» деп, бұл әрине, онсыз да елдегі жағдайға көңілі толмай жүрген, талантына, қабілетіне қажеттілік болмай қалған жастардың қам көңіліне дөп келуде. Қазіргі жастардың ағылшын тілін еркін меңгеруі олардың осылайша жайлы жер іздеген ниеттерінің оңай орындалуына жол ашып жатқан жайы бар. Олардың намысын бұрынғылар айтатын «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген сөзбен оята алмайсыз. Өйткені, ораза-намаз тоқтықта. Жалпы, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік біздің жастарымыз  үшін жат ұғымға айналып бара жатыр. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін баланың болмайтыны» ақиқат. Елдегі барлық саланы жайлаған сыбайлас жемқорлық, өмір сапасының төмендігі осылай кетуге мәжбүр етуде.
Бұдан елдің экономикасы зардап шегетіні анық. Дипломдысы бар, болашақта диплом иеленетіні бар – білікті мамандардың елден кетуі экономиканың қай саласы үшін де маман тапшылығын туғызады. Осыдан соң шетелдік мамандарға деген сұраныс артып, өндірістеріміздің, шаруашылықтың жетекші салаларына шетелдіктердің қаптауы қалыпты үрдіске айналмаса неғылсын. Жалпы, мұның соңы елдігімізге, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкін. Бұл дабыл қағатын жағдай. Кеше ғана жетінші шақырылған Парламент Мәжілісінің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адамдық капиталдың жоғары сапасы кез келген мемлекеттің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Бүгінде
тәуелсіздік кезеңінің ұрпақтары Қазақстан халқының жартысына тең. 2050 жылдың еңбек нарығын қазіргі жастар мен балалар айқындайды. Олардың бәсекеге қабілеттілігі ел болашағы баяндылығының кепілі. Жас ұлт мәртебесінің бізге ұзақ мерзімді артықшылықтар беретінін түсіну маңызды. Осыны дұрыс пайдаланып, адам капиталын дамыту бойынша сабақтасты жұмыс жүргізілуі керек. Жастарға салынған инвестиция бірнеше есе ақталып, мемлекетке игілік алып келеді. Басты міндет әр түрлі әлеуметтік топтар мен аймақтар арасындағы білім сапасының айырмашылықтарын жою. Дамудың бұл кезеңінде жұмыскерлерді қайта оқытып, жетілдірудің жаңа саясаты керек. Осы мақсатта арнаулы ұлттық жоба қажет» деген еді. Президенттің бұл тапсырмасының маңыздылығы жастардың шетелге көптеп кетіп жатқан жағдайында тіпті арта түседі. Шындығында, билік жастарға бет бұрып, олардың қажеттіліктерімен санаспаса еңбек нарығы білікті мамандарсыз қалуы мүмкін. Немесе оларды шетелдіктер жайлайды. Сондықтан бүгінгі таңда білім гранттарының санын арттыру, талантты, дарынды жастарды айрықша қолдау, оларды біліктілігіне сай мансап сатысымен өсіріп, қабілетіне өріс ашуда тетіктердің жасалуы кезек күттірмес мәселе.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

Комментарий