Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АУЫЛ РУХАНИЯТҚА СУСАП ОТЫР

1993 ЖЫЛҒЫ 8 ЖЕЛТОҚСАНДА ҚАБЫЛДАНҒАН «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКIМШIЛIК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢЫНЫҢ 3-БАБЫ БОЙЫНША АУЫЛ МӘРТЕБЕСІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНЫ 50-ДЕН ЖОҒАРЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, елімізде бүгінгі таңда 6322 ауыл бар. Онда республика тұрғындарының 41 пайызы немесе 7,7 млн-ы тұрады. Егер әкімдердің белсенділігі, ұйымдастырушылығы және іскерлігі жоғары болмаса бұл ауылдардың даму көрсеткіштері өсудің орнына жыл өткен сайын кері кете бастайтынын өмірдің өзі көрсетті. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің зерттеуіне қарағанда, 3561 ауылдың ғана даму әлеуеті бар. Мұнда ауыл тұрғындарының 87 пайызы қоныстанған, ал 1 млн тұрғыны бар
2761 ауылдың болашағы қыл үстінде тұр деуге де болады. Бұл мәселе соңғы 5-10 жылда ғана пайда болған жоқ. Күштеп ұжымдастыру арқылы негізі қаланғанымен, кеңестік дәуірде белгілі бір деңгейде білім, денсаулық сақтау және мәдени-демалыс орындары қалыптасқан ауылдардың көпшілігі тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде тығырықтан шыға алмады. Мәдениет үйлері мен клубтардағы қайнаған тіршілік тоқтап, есігіне қара құлып салынған соң азып-тоза бастады. Статистикаға көз жүгіртсек кеңестік дәуірде салынғанына қарамастан олардың тең жартысы ондаған жылдар бойы ешқандай жөндеу көрмеген. Оның кейбірі жекешеленіп, өзге мақсатқа жаратылғанымен, енді біреулері қараусыз қалып, құр қаңқасы қалды. Сондықтан бүгінгі таңда 500 ауылда мәдени орталық мүлде қалмаған. Қазір республикада 7,6 мәдени нысан бар екен, яғни 5 жылда оның саны екі есеге кеміген. Бүгінгі таңда оған кінәлі адамды табу өте қиын. Мемлекет басшысынан әр жылдары айтылған «қазақ ауылы әрдайым ұлттық өсіп-өркендеуіміздің қуат-қайнары, әрі ұлттық сәйкестілігіміздің өлшеуіші болып қала береді». «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны ақыл-ойы, парасаты», «Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ», «Ұлттың мәдениеті – оның қуат өрісі, қорғаныс тетігі». «Адамға, оның білім алуына, мәдениетке қаржы салу – мемлекеттің болашағына қаржы салу» деген сөздерін үкімет қалай орындап жатқанын бәріміз күнделікті көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Биік мінбелерден ауылға, мәдениетке қатысты айтылған жалынды сөздер мен қабылданған бағдарламалар және оған бөлінген млрд-таған бюджет қаржысының есебін тексеріп, талдап оны жұртшылық талқысына салған құзырлы органдарды ғана емес, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың жұмысын да әлі күнге көре алмай отырмыз. Жалпы, 2006 жылғы 15 желтоқсанда қабылданған «Мәдениет туралы» заңда мәдениетке «Жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан азаматтарының патриотизмін тәрбиелеуге және эстетикалық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған мәдени құндылықтар жиынтығы», мәдениет қызметкерге – «мәдени құндылықтарды сақтаумен, дамытумен, таратумен, пайдаланумен және оларға азаматтарды баулумен байланысты болатын жеке тұлға», мәдениет саласындағы қызметке – мәдени қызмет субъектілерінің мәдени құндылықтарды жасау, жаңғырту, сақтау, қорғау, дамыту, тарату және пайдалану, сондай-ақ оларға Қазақстан азаматтарын тарту» жүктеледі. Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатқа – мәдени және рухани құндылықтарды жасауға, жаңғыртуға, сақтауға, қорғауға, дамытуға, таратуға және пайдалануға бағытталған, мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар кешені деген анықтама берілген. Ал мемлекеттің мәдениет саласындағы негізгі міндеттеріне: Қазақстан халқының мәдениетін қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға және таратуға бағытталған шаралар қабылдау; ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына баулу арқылы азаматтарды отаншылдыққа және эстетикалық тәрбиелеуге жағдайлар жасау; мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету; халыққа мәдени қызмет етудің мемлекеттік ең төменгі стандарттарын белгілеу; мемлекеттік мәдениет ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту; дарынды тұлғаларды қолдауды қамтамасыз ету кіреді. 26-бапта ауылдық жерде мәдениетті дамытуда, мемлекеттік мәдениет ұйымдары желісін қалыптастыруда, халыққа эстетикалық білім беру және мәдени қызмет көрсету үшін жағдайлар жасауда басымдық қамтамасыз етіледі. Ауылдық жерлердегі мемлекеттік мәдениет ұйымдары материалдық-техникалық қамтамасыз етудің басым құқығын пайдаланады. Ауылдық елді мекендерде тұратын мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне Қазақстан заңнамасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары берілетіні жазылған. Ал 27-бапта мәдени-демалыс ұйымдарының негізгі міндеті халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру болып табылатыны айтылған. Онда – бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мәдени-демалыс ұйымдарын таратуға жол берілмейтіні, азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында халықтың мәдени-демалыс іс-шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде қызметтер ұсынуға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік мәдени-демалыс ұйымдарына бюджет қаражатынан Қазақстанның бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік субсидиялар бөлінетіні тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни ауыл\ тұрғындары мәдени-демалыс орындарына қатысты өз сұранысын қамтамасыз етуге қатысты Конституция мен өзге де заңдардың негізінде жергілікті және жоғарғы атқарушы билік органдарына талап етуге құқығы бар. Бұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» тұжырымдамасына толығымен сәйкес келеді. Мәдени-демалыс орындары демекші 2050 жылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді алдына стратегиялық мақсаты етіп қойып отырған Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір аймақтың алдағы онжылдыққа арналған даму жоспарында ауылдағы халықтың мәдениеті мен мәдени әлеуеті қарастырылмаған. Бұл 2015 жылы БҰҰ саммитінде мемлекет басшылары қол қойған 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың 169 міндет пен 242 индикатордан тұратын 17 мақсатының орындалуына өз ықпалын тигізетіні анық. Мәселен Үкімет басшысының 2018 жылғы 15 тамыздағы тапсырмасы бойынша құрылып, Ұлттық экономика министрлігі үйлестіру органы болып табылатын Тұрақты
даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің 2019 жылы БҰҰ-да таныстырылған алғашқы Ұлттық есебіне қарағанда мемлекеттік жоспарлау жүйесімен қамту «Теңсіздікті елдер ішіндегі және олар арасындағы теңсіздікті қысқартуда» (10-мақсат) және «Тұрақты даму үшін серіктестікте» (17-мақсат) – 90 пайызды, ал «Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өмірге төзімділігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде» (11-мақсат) 100 пайызды құрап отыр. Ал іс жүзінде ауылдағы мәдени-демалыс орындарының қашан қалыпқа келтіріліп, заман талабына сай жаңғыртылатынын Мәдениет және спорт министрлігі мен оған қарасты аймақтық басқарма, департамент басшыларының ешқайсысы айтпақ тұрмақ, болжай да алмай отыр. Мәселен, шекаралық аймақта орналасқан Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы 26 елді мекеннің 15-інде ғана мәдениет үйі мен клуб
бар. Оның да тең жартысы өткен ғасырдың ортасында саз балшықтан салынғандықтан бұзып, қайта салмаса заман талабына сай келмейді. Ал бұларды өз күшімен жаңғыртуға жергілікті бюджетте қаржы жоқ. Жобасы мен сметалық құжаты дайындалып, облысқа ұсынылғанымен олар әзірге жыл сайын бірді-екілі мәдениет үйінің жөндеу жұмысына ғана қаржы бөлуде. Бұл қарқынмен ауылдарды 2030 жылға дейін мәдени-демалыс орнымен қамтудың шешілмейтін түрі бар.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий