Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНАН ҚАЛАЙ САҚТАНАМЫЗ?

Кейінгі кезде ел ішінде қаржылық пирамиданың қармағына түсіп, бар жиған-тергенінен айырылып, сан соғып қалған қазақстандықтар аз емес. Алаяқтарға алданып қалуға не себеп? Мүмкін бұл миллиардтаған ақшаны қалтаға басқан алаяқтардың кәсіби шеберлігі болар? Әлде оңай олжа іздеген капитал иелерінің ашкөздігі ме? Қазақстандықтардың қаржылық сауатсыздығы да себептің бірі болар. Дейтұрғанмен табыс табудың алаяқтық схемасына негізделген қаржы пирамидалары азаяр емес. Тіпті еселеп көбейіп жатыр.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНАН ҚАЛАЙ САҚТАНАМЫЗ?
Еліміздің құқық қорғау органдарының мәліметін ұсынған Fingramota сайтындағы деректерге сүйенсек, 2019 жылы қаржы пирамидасы құрылған 24 оқиға тіркелсе, 2020 жылдың тоғыз айында 146 жағдай анықталған. Ал 2020 жылы қазақстандықтардың пирамидаларға салған қаржысы 8 млрд теңгені құраған. Экономикалық сарапшылардың айтуынша, қаржылық пирамидаға бәс тігушілер ертеңгі күніне сеніммен қарай алмайтын үлкен әлеуметтік топты қамтиды. Ақшасын банк депозитіне салып көбейтейін десе, ондағы сыйақы мөлшерлемесі жылдық инфляция көрсеткішін де жаппайды. Демек, еліміздің қаржы нарығында қолдағы жинақ ақшаны көбейтудің тиімді жолы жоқ.  Әдетте қаржылық пирамидалар өздерін микроқаржылық ұйым, «несиелік бюро», «қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызмет көрсету орталығы» инвестициялық компания ретінде көрсетеді. Олар акциялар мен облигацияларды сатып алуды ұсынады, жоғары өнімді құрылысқа, желілік маркетинг, туристік клубтар, алтын өндіруге немесе тиімді өндіріске өте жоғары пайыздық мөлшерлемелермен инвестиция салуға ұсынады. Әлеуметтік желілер мен тартымды жарнамалар арқылы кепілдендірілген табыс беруге уәде етеді және жобаға достарын белсенді тартуды сұрайды. Қаржы пирамидасының басты ерекшелігі де сол – тез және оңай ақша табу туралы уәде беру. Адамдардың көпшілігі осы уәдеге алданып қалып жататыны жасырын емес. Алайда, кез келген қаржылық пирамиданың ғұмыры көпке созылмайды. Олар көбінесе орташа есеппен 2 немесе 3 ай ғана жұмыс істейді. Сондықтан әрдайым жаңарып отыруға тырысады, яғни табысты инвестициялық компанияның бір сәтте қаржылық пирамидаға айналып шыға келуі бек мүмкін.

«Qnet» өмірімді бүлдірді

Алғашқы шарты – ақшалай қаражатының ауқымды сомасын салу қажет. Салған ақшаны жылдам кері қайтарып алу үшін таныстарын тарту талап етіледі. Алаяқтар қолма-қол ақшаны қабылдайды немесе интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін компанияның банктердегі арнайы есеп шоттарын пайдаланбай қолданады. Қазақстанда күрделілігі мен ауқымы жағынан әртүрлі ұйымдасқан қылмыстық топпен әрекет еткен МММ, “QI-Trade Kazakhstan”, Questra World, «L-CAPITAL», «Рой клуб», «B2B jewelry», «Гарант ломбард»,
Qnet сияқты қаржы пирамидалары әшкереленуде. Олардың ішінде шетелде тіркелген кейбір қаржы компанияларының басшылары шетел асып, ізін суытқан. Ал бірқатарының ұйымдастырушылары ұсталып, тиісті жазаларын алғанмен, салымшылар ақшаларын әлі қайтарып ала алмай зар илеп жүр. Салымшылардың көбі қалталы азаматтар болса, біразы алаяқтардың қолына қалтасындағы соңғы тиынына дейін санап берген. Тіпті, үйі мен көлігін сатқандары да бар. Қаржы пирамидасына тартылғандардың арасында тіпті отбасы мүшелерінің арасында ұрыс-керіс туындап, аяғы ажырасуға дейін алып келген жағдайлар бар. «Qnet компаниясы отбасымды тас-талқан етті. Менің жасым 45-те. Анамның және бауырларымның үгіттеуімен осы компанияға тіркелдім. Қызметкерлері де шапшаң екен, тездетіп менің атыма тауарлық несие рәсімдетті. Тіпті менің «қара тізімде» тұрғаным да еш бөгет болмады. Санаулы уақытта мойныма 700 мың теңгені іліп шықтым. Сол тауарларды сатып, несиемді өтеу үшін күнде Qnet-тің кеңсесіне келіп жұмыс істеу қажет болды. Көп ақшаның буы мені еліктіріп, тұңғиығына тарта түскенін сол кезде байқамаппын. Сөйтіп жүргенде бұған дейін істеп жүрген аспаздық жұмысымнан шығып қалдым. Басында бұл туралы еріме де, ата-енеме де айтпадым. Кейін олар білген кезде үлкен дау-дамай болып, мені үйден қуып жіберді. Ақыры ажырасып тындық. Аспаздығыма қайта оралып, вахталық әдіспен істейтін жұмысқа кірдім. Демалған кезімде тума-туыстың, достарымның үйін паналап жүрмін. Барар жерім, басар тауым болмағандықтан, бойжетіп қалған екі қызымды да қолыма ала алмадым. Қазірде оларды кафеге шақырып, сол жерде көріп, сағынышымды басамын. Сөйтіп, қаржылық пирамида өмірімнің тас-талқанын шығарды. Қатты өкінемін, бірақ өткенді қайтара алмайды екенсің. Менің қателігімді ешкім қайталамаса екен», – деп егіледі алматылық Жанар есімді келіншек.

Алаяқтарға қарсы күрес

Жанар сияқты қаржы пирамидасына абайсызда кіріп кеткен жандардың не істеуі керек? Ең алдымен, тағы бір рет бұл компанияның қаржылық пирамида екендігіне көз жеткізу қажет. Қолындағы алаяқтарға ақша аудару фактісін растайтын құжаттар болса (келісім, банктік шот бойынша үзінді көшірме, қолма-қол ақшаны беру туралы бұйрық), пирамидаға кіргізген адамға дереу хабарласқан жөн. Егер пирамида схемасы әлі де күшінде болса, компанияға жазбаша шағым беріп, ақшаны қайтаруды талап ету қажет. Ақшаны қайтарып бермесе, қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына хабарласатын ұйымдастырушыларға, одан нәтиже болмаған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлап, алаяқтарға ескерту қажет. Әдетте мұндай жағдайда ақшаны қайтарып алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Алаяқтықпен күрестің маңызды сәті бұл туралы көпшілікке жария ету.
Батысқазақстандық әріптесіміз Түгелбай Бисен қаржы пирамидасының жаңа түрін зерттеп көріпті. «Мандала» атты ойынның шарты бойынша, 5000 теңге салып, астыңа тағы екі адам тартсаң, 40000 теңге алады екенсің. Қажет қаражатты салып, уәделі ақшасын алғандар да бар. Бірақ әрі қарай да осылай жалғасатынына кім кепілдік береді? Аталған ойынның Whats App желісіндегі тобына кіре алмадым. Бірақ соған ұқсас «СтратегияПассивныйДоход» атты топты тауып алдым. Кірісімен жылы қабылдап, ақ тілегін жаудырған Татьяна есімді топ әкімгері бірден шарттарды жіберді. 4000 теңге салып, 120000 алатын мүмкіндік бар екен. Сұрастыра келе, ресми атауы «Бизнес гейм» болып шықты. 20 адамнан 4000 теңгеден жинап, матрица жүйесі бойынша жұмыс жасайтын көрінеді. Барлығы 10 матрица. Шарттарды орындап, бүкіл сатыдан өткен салымшының алдымен 20000, кейін 12 матрицаға жетсе, тағы 100 Айтуларынша, ең мықты кепілдік адамдардың бір-біріне деген сенімі екен. Содан ресми маркетингтік жоба деген соң құжаттарын сұрадым. Мөрі де, ешкімнің қолы да қойылмаған парақты жіберді. Оған сенгендей кейіп танытып, атышулы «Гранд ломбард», «Ақжолдан» қандай айырмашылығы бар?» деген сауал тастадым. Мардымды жауап болмады. Кейін ресми тіркелгендігін растайтын құжаттарын қайта сұрағанымда, әңгімеге чатта отырған басқа адамдар қосылды. Олар «біз ешқандай құжат талап еткен жоқпыз, бірақ әкімгерлердің арқасында бір айдың ішінде 160 мың теңге ақша таптық» деген пікірлерін білдірді. Жауапқа қанағаттанбай, компания кеңсесінің мекенжайын білмек болдым. Тағы да басқа қатысушылар тарапынан шабуылға тап болдым. Диля есімді салымшы «Салып отырғаныңыз 100 мың емес, төрт-ақ мың теңге. Қандай дәлелдер қажет» деп бас салса, Дануна деген адам «Бұл ресейлік компания, негізін қалаушы Гузель Мамаева» деп жауап берді.
Қызықтың көкесі осы жерде басталды. «Компания ресейлік болса, ол өзінің жұмысын Қазақстанда жүргізу үшін арнайы рұқсат қағаз алуы керек қой, ең болмағанда сол қағазды көрсетіңіз» дедім. Сауалға топ әкімгерлері «Қазақстанда жұмыс жасауға ешкімнің рұқсаты керек емес» деген сыңайлы жауап қатты. Осыдан-ақ олар өз істерінің заңсыз екенін көрсетіп қойды. Күдігімнің негізсіз емесіне көз жеткізу үшін «Ең болмаса, ісіңіз заңды ма жоқ па? Сол сауалға жауап беріңізші» деп сұрақты төтесінен қойғанымда, «Өзіңіз ЖК ашып, салықты содан төлеуіңізге болады» деген жауап алдым. Содан сөзінен сүрінген әкімгерге «Сіз сонда салық та төлемей отырсыз ба?» дегенім сол еді, топтан қуып шықты. Әрі қарай ештеңе
жаза алмадым. Амалсыздан әкімгердің жекесіне шығып, «Неге мені топтан шығардыңыз?» дегенімде, «Біздің жоба ұнамаса, үндемей шығып кетіңіз, адамдарға жұмыс істеуге кедергі келтірмеңіз», – деді. Салық туралы сауалым тағы да жауапсыз қалды. Оның орнына түрлі сілтемелер мен жобаның әдемі суреттермен көмкерілген таныстырылымы жайында бейнежазбаларды жіберді. Берілген ресми сайтының сілтемесін сайттарды тексеретін арнайы бағдарламаға салып көрдім. Күдігім расқа айналғандай болды. Өйткені сайт тек 206 күн ғана жұмыс жасап тұр екен және кірген адамдар оған сенімсіздік танытып баға берген. Негізінен фишингтік сайт, сенімсіз сайт және қаржы пирамидасы деген баға алыпты қолданушылардан», – деп әңгімеледі Түгелбай әріптес.

Қандай жаза көзделген?

Әлемнің 30-дан астам елінде қаржы пирамидаларының қызметіне тыйым салынған. Оның ішінде Австрия, Ұлыбритания, Франция, Канада, Италия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері бар. Қазақстанда қаржы пирамидаларын құрғаны және жарнамалап таратқаны үшін мынадай жауапкершіліктер қарастырылған:
1. Қылмыстық жауапкершілік – қаржы пирамидасын құру және (немесе) басқару үшін (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217- бабы).
2. Әкімшілік-қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметін жасау, тарату және жарнамалау үшін («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 150-бабы). Иә, алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалмас үшін, азаматтардың өздері қырағылық танытқаны жөн. Қаржыны салмас бұрын, ұйымның ақшамен жұмыс істеуге рұқсат беретін лицензиясының бар-жоғына көз жеткізу керек. Ал мұндай лицензияны Қазақстанда Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі береді. Мұндай ақпарат агенттіктің сайтында кез келген адамға қолжетімді екенін айтады алаяқтарға алданбауға шақырған мамандар. Қаржылық заңнама бойынша, «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес банктер халықпен жұмыс істейді және инвестицияларды кері қайтаруға кепілдік береді. Олар қолма-қол ақшаны қабылдайды немесе интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін компанияның банктердегі арнайы есепшоттарын пайдаланбай қолданады. Сондай-ақ тіркеуді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Салық төлеушілерді іздеу» сервисі арқылы тексеруге болады.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті» 

Комментарий