Қоғам | Общество

Ауруханамыз азынап тұр

Таралғанына бір жылдан асса да әлемнің барлық елдері үшін каронавирус індетінің бетін қайтару оңай болмай отыр. Індеттің екінші, үшінші кезеңін күтіп отырған елдер әлі күнге қалыпты өміріне орала қойған жоқ. Қайта етек жеңін жинап, аурудың алдын алуға барынша тырысуда. Біздің елімізде де дәл қазір күніне мыңнан астам адам індетке шалдығуда. Маусымдық жұқпалы аурулардың өршитін кезеңіне орай, індетке шалдығушылар саны артып барады. Осындай кезеңде ең алдымен жұқпалы аурулар аурханасы сақадай сай тұруы керек екені айтпаса да түсінікті.

Өйткені кароновирустың маусымдық кезеңде басқа жұқпалы ауруларды өршітетіні аздай, пневмониямен ауыратындар санының артуына да айтарлықтай әсер етіп отырғанын байқап отырмыз.  Соны түсінген талай ел, жанталасып аз уақыт ішінде жұқпалы аурулар ауруханасын тұрғызып, науқастар жататын жерлерін сайлап алды. Яғни науқастанғандарға жедел медициналық көмек көрсетіп, аурудың алдын алуға әзір. Жасыратыны жоқ, жазда індет өршіген кезеңде ауруханаларға науқастарды сыйдыра алмай, қажетті деңгейде көмек көрсете алмай, талай жанның өміріне араша түсе алмағанымызды ұмыта қойғанымыз жоқ. Сондықтан көптеген елдер бір жылдың ішінде жұқпалы ауруханаларының санын көбейтті.

Ал біздің еліміздегі кейбір жұқпалы аурулар ауруханасының жағдайы әлі күнге сын көтермейтін дәрежеде. Соның айғағы жақында әлеуметтік желіде көп балалы ана Айдын Тоханбаева көпшіліктен көмек сұрап, Қаскелең қалалық жұқпалы ауруханасына түскен баласының жағдайы күн санап төмендеп бара жатқанын айтып дабыл қақты.

«Балам ауырып, жедел жәрдем шақырдық. Келген жедел жәрдем қызметі тұрғылықты жерім бойынша Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасына апаратынын айтты. Алғашқы күні бір күн түнегенде баламның жағдайы күрт нашарлай түсті. Ал қасында жатқан анам сырт киіммен жатса да қатты тоңып, өз еркімізбен ауруханадан бас тартып шығып кеттік. Ана ауруханадан түрме жылы екеніне кепілдік беремін. Дені сау адамдар жаурап жүргенде, инфекция салдарынан қызуы көтеріліп жатқан, науқастардың жағдайын айтпай ақ қояйын. Баламның қызуы түспей қойған соң, бір күн түнеп шығып кеттік. Барлық медбикелер, дәрігерлер аурухана ішінде сырт киіммен жүр. Ыстық су да жоқ. Еріксіз ақылы, бірақ жылы, ішінде ыстық суы бар аурухана іздедім. Мен ай сайын қалтамнан міндетті медициналық сақтандыру үшін ақша төлеп отырып, неге ақылы қызметке жүгінуім керек? Індет кезінде жұқпалы аурулар ауруханасы неге талапқа сай емес? Аурухана ішіндегі барлық адам сырт киіммен ұйықтап, сыртқы қалың киімімен тамақ ішіп жүргенде қандай санитарлық гигиеналық талапқа сай деп айта аламыз? Іші өтіп жатқан баланың құйрығын жуатын жылы суы жоқ салқын сумен тазаладық. Бұл сұмдық қой. Науқастар аурухана дәлізінде жатыр. Демек дәлізде ары бері жүрген талай адамға инфекция таратып жатыр» деп ренішін жеткізді.

Мән жайды анықтау үшін Қаскелеңде орналасқан балалар жұқпалы ауруханасының меңгерушісі Қарлығаш Шауқарқызына қоңырау шалдық. «Дәл қазір барлық жерде ішек инфекциясы жүріп жатыр. Осыған орай ауруханамызға түсетін науқастар саны артып жатыр. Жасырмаймын аурухана іші салқын. Терезелерден ызғар соғып тұр. Аурухана дәлізінде, палаталарында 19 градусты көрсетіп тұр. Сондықтан төменгі қабаттағы медбикелер де, науқастар да пальтомен, шубаларымен жүргенін растаймын. Жоғары жаққа ауруханамыздың жағдайын бірнеше мәрте ескерттік. Келіп тексеріп кетеді. Бірақ одан басқа әрекеттер болып жатқан жоқ. Жылы суымыз да жоқ. Болып қалар деп отырмыз. Көңілі толмаған науқастар келіп, бас тартып шығып кетіп жатады. Медициналық қызметтен өзі бас тартқан науқастарға ештеңе істей алмаймын» деді. Аурухана басшысының өзі жұқпалы ауруханадағы жағдайдың адам төзгісіз жағдайда екенін айтып мойындап тұрғандықтан, артық сөз де айта алмадық. Сол екі ортада Алматы облысының Есік қаласында жаңадан босанған аналар да перзентханада жылы су жоқ екенін айтып, шағымданды. Пайдалануға берілгеніне он шақты жыл ғана өткен перзентханаға Алматы облысының түкпір түкпірінен мыңдаған ана келіп босанады екен. Алайда жаңа босанған аналарды қыстың аязды күндері суық суға жуындырып қойған перзентхана басшылығы түсініктеме  беруден бас тартты.

Сұрастырып көрсек, 2018 жылы 6 маусымда сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырза Қаскелең қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасын аралап, талапқа сай келмейтін аурухананы жабу мәселесін көтерген болатын. Алайда көп ұзамай аурухананың жабылмайтыны белгілі болды. Бүгінгі күні сол олқылықтардан қорытынды шығармағаны көрініп отыр. Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы Қарасай ауданының сырқаттарын ғана емес, сонымен қатар Жамбыл, Іле, Талғар аудандары мен Қапшағай қаласынан да аурулар қабылдайды.

Атап айта кетер жайт, жұқпалы аурулар түрлі жолдармен адамнан адамға оңай тасымалданатындықтан, ондағы науқастардың санитарлық жағдайы барынша жоғары дәрежеде болуы керек. Яғни инфекциялық ауруларды бөлектеу үшін жеке оқшауланған палаталар мен жеке шығу есіктері қарастырылуы керек. Жұқпалы аурулар орналасқан ауруханада науқастар дәлізде жатпауы керек. Өйткені инфекциялық аурулардың ауа-тамшылы жолмен таралуы әбден мүмкін. Бірақ елімізде терезесінен жел уілдеп тұратын, белгіленген науқас санынан артық жататын, сыймаған науқастарды дәлізінде жатқызатын, ыстық суы жоқ ауруханалар жетерлік. Көктемде пандемиялық ахуал басталғанда еліміз бойынша он үш модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынатыны айтылған болатын. Артынша 2020 жылдың аяғына дейін үш аурухана пайдалануға берілетіні айтылды. Бірақ жылдың аяғына дейін тек Алматы қаласында 280 адамға арналған жұқпалы аурулар госпиталі пайдалануға берілді. Алайда бүгінгі күні о баста аурухана салынуға бөлінген 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд суммасы талан таражға түскені айтылуда. Аудиторлық тексеру нәтижесінде белгілі болған бұл іске қатысты қазір қылмыстық іс қозғалуда.  Ауруханаларымыздың сыйқы осындай болғанда, жұқпалы аурулармен тиісті деңгейде күресіп жатырмыз деп айта аламыз ба?! Індет қаупі артып, науқастар саны күн санап көбейіп келе жатқанда жұқпалы ауруханаларымыздың мүшкіл хәлі алаңдатпай қоймайды.

 

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

 

Комментарий