Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Тараптар татуласудың тиімділігін түсінді

Соңғы жылдары сотқа түсетін арыз-шағымдар өте көп. Соның нәтижесінде судьялардың жүктемесі бірнеше есе көбейген. Әрине, даудың құқықтық талапқа сай, заң нормаларын басшылыққа ала отырып шешілгені дұрыс. Бұл зайырлы, құқықтық мемлекетте қалыпты жағдай. Бірақ, азаматтардың басым бөлігінің соттасып жүруі жақсылықтың нышаны емес. Статистика көрсетіп отырғандай қазақстандық соттарда қаралып жатқан істердің басым бөлігін медиацияның көмегімен де реттеуге болады. Бір үлгі тұтатын өркениетті елдердің көпшілігінде талап-арыздар сотқа жетпей, медиаторлардың араласуымен шешімін табады. Ендеше, бізге де ата-бабамыздан келе жатқан бітімгершілік үрдісін жаңғыртпасқа?

Осы мәселе 10 жыл бұрын жұртшылық талқысына салынып, ақыры 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» заңның қолданысқа енгізілуіне мұрындық болғаны есімізде. «Медиация туралы» заңның мақсаты – елдегі даукестік деңгейін төмендету, азаматтарды ашумен емес, ақылмен шешім қабылдауға үйрету, тараптарды татуластырып, ортақ келісімге келтіру арқылы істі бейбіт аяқтау.

Міне осының өзі бұл заңның игі ниеттен, жақсы тілектен туғанын байқауға болады. Себебі, сот – әділдік айтылатын, ақ пен қара анықталатын төрелік алаңы болғанымен, онда шығарылған шешімге екі тараптың бірдей риза болып кететін жағдайлары сирек. Судьяның шешіміне бір тараптың көңілі толса, екінші тараптың өкпе-ренішін білдіріп кететін кездері көп. Яғни, сотта қос тарап қалағандай қорытынды жасалмайды. Ал медиацияның артықшылығы – дауласқан екі жақты да келісім үстеліне отырғызып, түйткілді шешудің тетіктерін бірге іздеуінде. Сонымен бірге, сот отырысы ашық, көпке жария түрде өтсе, медиациялық келісімде құпиялық сақталады. Сот отырыстары біраз уақытқа, бірнеше сот отырысына созылады. Бұл азаматтардың уақытын алады, жүйкесін тоздырады, қалтасына салмақ түсіреді, ең бастысы, отбасы мен жұмыстағы берекесіздікке жол ашады. Ал медиация барысында тараптар әрі кетсе екі рет кездесіп, дауды тиімді шешудің жолын бір демде шешеді. Ақылдасып, келісіп мәмілеге келген соң сот шешімі сияқты емес, жәбірленушіге берілетін залалды да қайтару тез.

Бүгінде тараптар медиациялық келісімге келудің тиімділігіне толықтай көздерін жеткізді. Он жыл ішінде «Медиация туралы» заң да өзінің қоғамға қажет екенін, маңызды екенін дәлелдеді.

 

Т.Жұмамұратов,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий