Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

КӨШІРМЕ ЗАҢ КӨСЕГЕМІЗДІ КӨГЕРТПЕЙДІ

«Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы көпшіліктің үлкен қарсылығына тап болды. Әлсіздерді қорғап, шарасыздарға ара түсуді құп көретін қоғамның бұлай шала бүлінуіне не себеп? Ата-аналардың туған балаларын тәрбиелеуге табиғи құқықтарын кемсітетін бұл заң жобасы Гүлшара Әбдіқалықова, Мұрат Бақтиярұлы, Динар Нөкетаева, Айгүл Нұркина, Серік Сейдуманов, Бақытбек Смағұл, Ләззат Сүлеймен, Ирина Унжакова секілді белгілі тұлғалардың атсалысуымен әзірленіпті. Ең қызығы, құжаттағы жаңа нормалар әрбір қазақстандыққа тікелей қатысты бола тұра, әзірлеушілер заң жобасын жария талқылауға шығаруды қажет деп санамаған.

Неке және отбасы заңнамасында ата-ана заңды өкiл ретінде баласына қамқорлық жасауға, бiлiм, тәрбие беруге, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыруға міндеттеледі. Тіпті, отбасы ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмейтіні, отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу мен бала тәрбиесіне қатысты міндеттер тайға таңба басқандай жазылған. Бір қызығы, жоба авторлары Конституция мен Неке және отбасы туралы кодексті елемей, балаларды тәрбиелеу шарттарына шетелдің тәжірибесін қосуды әлдеқайда дұрыс көрген секілді. Бірақ, халықаралық «Бала құқықтары туралы» конвенцияның өзінде балалар есейген сайын отбасының жетекші рөлін бекітіп, үкімет отбасыларға балаларын басқаруға мүмкіндік беру керектігін көздейді. Яғни ата-аналардан басқа ешкімнің отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына тікелей қатер болмаған кезде ішкі қарым-қатынасқа араласуға құқығы жоқ.

БАТЫСТЫҢ КОДЕКСІН БАРЫМЕН КӨШІРДІК
Қазір әлеуметтік желіде әрбір екінші адам заң жобасының отбасы түгілі, тұтас ұлтқа қауіп әкелетінін айтады. Жақында ғана құжатты талқыға салған дөңгелек үстелде заңгерлер де
осылай деп шырылдады. Заңгер Анатолий Ким бала тәрбиесіне келгенде қазақтан асқан кірпияз ұлт жоқ екенін айтып: «Қазақ қонақтың алдына қоятын ас табылмаса ұялады. Бұл заң жобасы да солай болып тұр. Егер үйіме келген қонақ бүгіннен бастап маған «былай өмір сүресің» десе, масқара ғой. Еліміздің сонда тарихы, мәдениеті жоқ па? Неге батыс елдерінің моделі біздің мемлекетке таңылуы тиіс? Біз бұл әлемде бірінші күн өмір сүріп жатқан жоқпыз, бірінші күн бала тәрбиесімен айналысып жатқан жоқпыз», – деді жиында. Айтуынша, халық жыныстық еркіндік, психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылық сияқты тұжырымдарға наразы. «Бұл заң еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Түзетулерде біз балаларды алып қою процедурасы айтарлықтай жеңілдегенін көреміз. Мұны сотсыз жасауға болады. Ертең органдар балаларды ата-аналарынан өз бетінше алып кете алады. Екіншіден, бұл елдің демографиясына әсер етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрескен әйелдердің көпшілігі бұл заңға қарсы. Өйткені, ол да бала өсіріп отыр. Ол оны лайықты қамтамасыз ете алмайтынын түсінеді. Ертең баласын біреу алып кетіп, өзін жүйке жүйесі тозғандардың қатарына жібереді деп қорқады», – деген Алексей Ким, заң жобасы жеті рет өлшенбей, өте қысқа мерзімде жазылғанын алға тартты. «Дайын еуропалық заңды лайықты аудармай, батыстың кодексін барымен көшіріп алған. Мысалы, баланың өзі немесе тіпті көршілері растаған отбасылық зорлық-зомбылық фактісі үшін ата-аналарға «қамқоршылықтан айыру» қаупі төнеді. Бірақ «ата-ана қамқорлығы» деген ұғым орыс тілінде де жоқ. Бұл ата-ана құқықтары мен міндеттерін қамтитын неміс терминінің тура аудармасы. Бірақ біздің заңнамада «қамқоршы» термині бар, яғни мемлекет баланы тәрбиелеуге сеніп тапсырған адам және егер бұл сенім ақталмаса, құзыретті органдар баланы алып кетуі мүмкін», – дейді заңгер.
«Жас балаларды азғыру» термині «кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған жыныстық әрекеттер» болып өзгертілген. Ағылшындық нұсқада бұл термин мүлде басқа. Онда
ол баланың реакциясын тудыру үшін әрекет ету ниетін білдіреді. Мәселен егер бала ата-анасының ерлі-зайыптылық міндетін орындап жатқан сәтіне куә болып, «төсек сықырлағанын» құлағы шалса, ата-анасын педофилияға кінәлауға барлық негіз бар. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, ерлі-зайыптылардың сүйісі де жыныстық сипатқа жатады. Ең сорақысы, заң жобасы кәмелетке толмаған адамға «жыныстық бостандық құқығын» уәде етеді, тіпті ата-анасы да оған қол сұға алмайды. Егер заң жобасы қабылданса, онда мектептегі қызына көрші үйге түнеуге тыйым салған немесе ұлының басқа сыныптағы Боркамен сүйіскеніне ашуланған атааналар өз баласына қатысты кемсітушілік үшін жазалануы керек», – дейді заңгер.
Солтүстік Қазақстан адвокаттар алқасының адвокаты Елена Игнатенко 30 жылдық тәжірибе өтілі бола тұра заң жобасындағы терминдерді түсінбей жүргенін алға тартуда. «Жаһандық реформа болып, заңнамаға жаңа терминдер мен ұғымдар енгізілген сияқты көрінді. Бұл жоба тек Әкімшілік кодекске ғана емес, Конституция баптарымен келісілмей жасалған», – деген ол, мәдениетімізге, дәстүрімізге, менталитетімізге сәйкес келмейтін құжат осы қалпында қабылданса, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп келген елде енді қарттардың даналығы далада қалып, отбасында баланың басшы болуы мүмкін екенін еске салды. «Қазірдің өзінде құқығын айтып шығатын балалардың ертең бұрышқа тұрғызғаны үшін атаанасын темір торға қаматып қоймасына кім кепіл? Бопсалау мен ерік білдіруге тыйым салу психологиялық зорлық-зомбылыққа жатады. «Сабақ жасамайынша, компьютерде отыра алмайсың» немесе «нашақор Вовка мен үш рет сотталған Лехамен дос болмайсың» деген сөз іс жүзінде баланы аяқпен тепкенмен тең. Бала наразылық білдіріп, көршілер еститін болса, тіпті қиын. Көршілер учаскелік полицейге қоңырау шалса болды, баланы ата-анасынан алу үшін көптеген құжаттарды рәсімдеудің қажеті жоқ. Кішкентай баланы балалар үйінен алып кету үшін ата-аналар әртүрлі табалдырықты тоздырып, содан кейін сот арқылы балаларға деген сүйіспеншілігін дәлелдеуі керек», – дейді адвокат. Заңгердің айтуынша, елдің 99 пайызы зорлық-зомбылық дегенді сөзбе-сөз түсінеді. «Мысалы зорлық-зомбылықты қарапайым халық ұрып-соғу, зорлау деп қабылдайды. Заң жобасында зорлық-зомбылық сөзінің мағынасы тіпті қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық аясынан тыс жағдайларды қамтиды. Енді сөзіме дәлел келтіре кетсем. Мәселен, психологиялық зорлық бұл – адамның еркін шектеу. Бала мен ата-ана моделін қарастырайық. Ата-ана баласының қалауын шектейді. Неге? Өйткені, ата-ана баласын тәрбиелеуге құқы бар. Онда неге ата-ананың тәрбиелеу құқы балаға зорлық деп бағаланады?», – деп таңданысын білдіреді Елена Игнатенко. «Сексуалды зорлық» дегенді де түсінбегенін тілге тиек еткен заңгер, бірнеше жыл бұрын бұл түсінікке «жыныстық еркіндік» деген қосылғанын айтады. Енді бұл жаңа заңға енгізілген. «Сөйте тұра «жыныстық еркіндік» туралы нақтыланбаған. Мысалы, кімнің еркіндігі жайлы айтылып отыр? Ерінің әйелінен бе? Әйелдің күйеуінен бе? Жоқ, әлде баланың еркіндігі ме? Сонда енді ата-аналар ұл-қызының сексуал еркіндігіне шектеу қоя алмайды деген сөз бе? Бұл дәстүрлі отбасын бұзу деп есептеймін», – дейді құқық қорғаушы. Одан бөлек, заңгер «экономикалық зорлық» түсінігінің де түсініксіз екенін айтып: «Заңда еш жерде балада болуы керек киімнің түрі, саны белгіленбеген. Оны қалай анықтайды? Ал заң жобасында «адамды тамақтан, киімнен, мүліктен және өзге де оның құқылы дүниелерінен әдейі айыру» деп көрсетілген. Сонымен қатар мұндай норма енгізілсе, материалдық жағдайы нашар көп отбасы үшін бұл тіпті қауіпті болатынын ескеру керек», – дейді Елена Игнатенко.

ЕСТІМЕГЕН ЕРЕЖЕ, ӘЗІРЛЕНБЕГЕН ӘДІС
«Құжат әлемде баламасы жоқ ұсынылған фантастикалық қиял романының сюжетін еске түсіреді. Жобаның бастамашылары жанжалды жұптарды міндетті психокоррекция бағдарламасына енгізуді ұсынады. Сонымен қатар, бұл отбасылық психологпен әңгімелесу туралы емес, ерлі-зайыптылардың біреуін немесе екеуін де дәрі-дәрмекпен емдеу керек екен. Бұл дегеніміз, үй тапсырмасын дайындау кезінде өз баласына зекіп қалған ана мен темекі шеккен баласын жұдырықпен қойып қалған әкені агрессияны бақылауға қабілетсіз деп таныса, онда ювеналды полиция жындыханаға жібереді. Мұндай сұмдық норма ешқандай елде жоқ», – дейді «Қорғау» қоғамдық қорының өкілі Гүлмира Сембиева. Айтуынша, өз баласын тәрбиелеймін деп жындыханаға жатып келген ата-ана ол жақтан сүйікті жар, қамқор ата-ана болып келетініне кепілдік жоқ.
«Бұл ғана емес, біз Денсаулық сақтау министрлігіне отбасыларды психологиялық түзеудің қандай әдісі қолданылатынын білу үшін сауал жібергенбіз. Сөйтсек, ондай әдіс әзірге жоқ, тіпті әзірленбеген де екен. Сонда заң жобасында көрсетілген норма шын мәнінде жоқ болғаны ғой. Заң жобасы түзету кезінде депрессияға қарсы дәрілер, транквилизаторларды және басқа да психотроптық заттарды қолдануға құқық береді. Сонымен қатар, «отбасын нығайтумен» дәрігерлер ғана емес, ҮЕҰ да айналыса алады. Бұл жағдайда тағайындалған препараттың адам денсаулығының нашарлауына, тіпті өлімге әкелгенін дәлелдеу мүмкін болмайды. Өйткені, ҮЕҰ штатында білікті дәрігерлер болуы міндетті емес, үш медбике жеткілікті. Ал ата-ананы психокоррекцияға жіберу үшін, заң жобасына сәйкес, көршілердің бір шағымы мен учаскелік комиссияның өтініші жеткілікті. Бұл өте қорқынышты», – дейді
қоғамдық қор өкілі. Қоғам белсенділері ғана емес, заңгерлердің өзі жаңа жобадағы қайшылықтарға наразы. «Экономикалық зорлық-зомбылық дегеніміз – тамақтануға, тұрғын үйге немесе адамның дамуы үшін қажетті басқа жағдайларға, меншікке, жұмыс істеуге, білім алуға, бірлесіп меншікті пайдалануға, сондай-ақ тиісті үлеске билік ету құқығын жүзеге асырудағы шектеулерге алып келген қасақана әрекет» деп береді. Бұлыңғыр анықтамадан не түсіндіңіз? Айталық, балаңыз жаңа компьютерлік ойын сатып алғысы келеді, сіз оған рұқсат етпейсіз, ол осыдан психикалық азап шегеді. Немесе көпбалалы отбасы екі бөлмелі пәтерде тұрады, бұл жерде ата-аналар әр балаға бөлме бермей, тиісінше жағдай жасамай, балаларының баспана құқығын бұзған болып шығады», – дейді заңгер Бейбіт Омаров.
Хош, заң жобасындағы «жыныстық бостандық» ұғымының мәні неде? Бұл батыстағыдай балаңыздың өз жынысын өзі шешуіне еркіндік береді. Немесе әлгі айтқан «экономикалық зорлық-зомбылықты» алайықшы. Заң жобасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның және ұйымдардың құзыретіне өмірлік қиын жағдайда немесе оның болу қаупі ықтимал жағдайда жүрген отбасыларды мониторингтеу өлшемшарттарын және қолдау қызметін бағалауды әзірлейді. Мониторинг жүргізу мен талдау, зардап шеккендерге кепілдендірілген жеңілдіктер көлемі, арнаулы әлеуметтік қызметтер, елді мекендегі әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың бар-жоғын хабардар ету жүктеледі. Ал қазір жалдамалы пәтердің бір бөлмесінде екі отбасы бала-шағасымен өмір сүріп отырғанда, батыстағыдай әр балаға бөлме сұрау Үкіметтің өзіне сын болмай ма? Әрі-беріден соң әр баланың сұрағанын алып беретін отбасы аз бұл күні. Бізге отбасы зомбылықтарында орын алатын салдармен емес, оны тудыратын себептермен күрескен маңызды. Жұмыссыздық жайлаған, пәтер жағалап, тұрмыс тауқыметін тартып, барын балаларының аузына тосып жүрген ата-ананың құқығын шектегенше, әр отбасының материалдық өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету одан да құнды. Мемлекет ата-аналарға 12 жасқа толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға (соның ішінде көшеде, үйде, көлік салонында), 14 жасқа толмаған
балаларды көпшілік шомылатын орындарда, ал экономикалық зорлық-зомбылыққа тыйым салу өз кезегінде ата-ананы баласын материалдық қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге міндеттейді. 12 жасқа дейінгі балаларды үнемі бақылау оларды қарапайым жағдайда да бейімделе алмайтын дәрменсіз және ұйымдастырылмаған тұлғаларға айналдырады. Бір жағынан, мемлекет 10 жастан бастап өзі нің жыныстық таңдауын жасауына рұқсат етеді. Жыныстық еркіндік – бұл қоғамның моральдық тозуының көрсеткіші. Мына қызыққа қараңыз, 16 жасқа толмаған балалардың техникалық құрылыстар аумағында, тұрғын және өнеркәсіптік ғимараттардың, кәсіпорындар мен мекемелердің, басқа да ұйымдардың жертөлелерінде, шатырларында, жанғыш материалдармен сауда нүктелерінің аумақтарында, вокзалдар, әуежайлар мен автовокзалдар аумақтарында жүруіне, порнография, зорлық-зомбылық, экстремизм мен терроризм туралы электрондық және қағаз жеткізгіштерде материалдарды қарауға, оқуға және таратуға жол бермеуге ата-аналарды міндеттейді. Ал бірақ сол 16 жастағы кәмелетке толмағандар өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.

ҰРЫССАҚ – ЭМОЦИОНАЛДЫ, ҰРСАҚ – ФИЗИКАЛЫҚ, СҰРАҒАНЫН БЕРМЕСЕК – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫСЫМ КӨРСЕТЕМІЗ БЕ?
Сөзіміздің соңын продюсер Қыдырәлі Болмановтың әлеуметтік желідегі жазбасымен аяқтайықшы. «Баланы ата-анасынан қорғау заңы? Осындай заң қабылданады дейді. Алла сақтасын! Осындай сөз бола ма, заң түгілі? – Не дейді?! Ұрыссақ – эмоционалды, ұрсақ – физикалық, сұрағанын алып бермесек – экономикалық қысым көрсеткен болып ата-ана жауапқа тартылады екен. Ата-анасы психикалық жөндеуден өтпейінше баланы көре алмайды, жағдайын біле алмайды. Жөнделу үшін белгіленген өңшең психотроптық дәріні еш қарсыласпай ішіп салып отыруға мәжбүр. Міне, әңгіме қайда жатыр?! Ал оған дейін бала арнайы орталықтарда жатады дей ме, уақытша бір отбасыға беріледі дей ме, ол жағын
тіпті ақылым қабылдай алмады. Масқара! Қорқынышты! Көршің «мынаның баласы күндегіден көбірек жылады» деп шағымданса, жетіп келіп баланың денесін бастан-аяқ қарайды екен де, иненің ұшындай көгерген, қызарған белгі тапса бітті баланы арқалап кете барады екен. Бала жүгірмей ме, секірмей ме, құламай ма?! «Әй ойбай ойнама, жүрме, отыр, денеңді көгертерсің» деп қадам бастырмай байлап отырайық? Басқаны қойшы, бала өзі де қоңырау шалып арыз бере алады екен. Туғаннан телефонды біліп шығатын бұлар, қит етсе шағымданып звондап тұрсын онда?! Не қылмақшы?! Ұлың үйленем деп бір ұлды жетектеп келсе де қарсы болмайсың. Әйтпесе барар жерің темір тордың арғы жағы. Астапыралла! Мына заман қалай-қалай түрленеді?! Қайда бара жатырмыз? Кімге сенеміз? Мүдделері не? Ұрпағымыз арқылы болашаққа балта шауып, ұлтты мәңгүрттендіріп, елді ессіздендіру ме?!»
Жадыра МҮСІЛІМ

 

Комментарий