Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

“Мен қателесіппін”: Сәбит Әбдіхалықов ұл-қыздарының алдында кешірім сұрады

Сәбит Әбдіхалықовтың ұлы Асылжан Әбдімүтәлиев “Әке жолы” атты фильм түсірді. Әкеге деген махаббат, әкеге деген сағыныш, әкені аңсау сынды бала арманы фильмде көрініс тапқан. Жас режиссер тырнақалды туындысын асқар тау әкесіне арнап, өзі бірінші болып жасаған 7 қадамы туралы баяндады.

Жақын күндері жас Режиссер Асылжан Сәбитұлының әкесіне арнаған алғашқы туындысы жарық көрді. “Әке жолы” атты бір сағаттық фильмде автор өзі мен өзімен тағдырлас жандардың өмірін баяндайды. Әкесіз өскен жандардың сағынышын жеткізеді. Өзі бала бола тұра әкесіне қандай батыл қадам жасағанын көрсетеді.

Асылжанның өзінің айтуынша, ол 7 жасында әкесімен кездесуге барған. Ал әкесінің кім екенін кездейсоқ білген екен.

“Менің әкем де, шешем де нағашы әжем болды. Анам үйде көп болмағандықтан мен әжемнің тәрбиесінде болдым. 7 жасымда анам екеуміз елордаға қыдырып баратын болдық. Пойыз жолсерігі куәліктен менің аты-жөнімді оқыды. Әбдімүтәлиев Асылжан Сәбитұлы. Сол кезде мен анамнан “Сәбит деген кім?” деп сұрадым”, – деді режиссер.

Осыдан соң анасы ұлының әкесімен хабарласып, ұлымен кездесуін сұрайды. Осыдан таныстық басталады.

Кино картинада Сәбит Әбдіхалықовтың өзі сұхбат берді. Анасы Айгүл Иманбаева мен туған ата-әжесінің әңгімесі баяндалады. Сәбит Әбдіхалықов жайлы өнердегі досы Мейрамбек Бесбаев пікір айтады.

“Мен Аллаға сансыз шүкіршілік етемін. Маған Алла 6 бала берді. Мен оның ешқайсысын бөліп-жармаймын. Мен балам туғанда да, қыздарым өмірге келгенде де, бәріне бірдей қуандым. Мен солар үшін өмір сүремін. Сенің анаңмен бірге тұрмасам да, кезінде ажырасып кетті деп сөзге қалсақ та, ортамызда сен барсың. Сен тұңғыш немере болдың. Мен әке екенімді, әкелік парызым бар екенін білем. Сендерді жандарыңда болмағаным үшін, әкелік парызымды дұрыс атқара алмай жатқаным үшін кешірім сұраймын. Сенің алдыңда, қыздарымның алдында кешірім сұраймын. Мен балаларымның бәрін жақсы көрем. Әркез ақыл-кеңесімді айтып, көмек көрсетуге дайынмын” – деп ағынан жарылды әке ұлының алдында.

Сәбит Әбдіхалықов ата-ананың қателіктері үшін бала азап шекпеуі керек деп санайды.

“Кезінде маған үлкендер ақыл айтқанда тыңдамап едім, кейін түсіндім. Саған да “мына қызға үйленемін” дегеніңде ақыл айтамын. Сен бірде тыңдайсың, бірде тыңдамайсың”, – деп күлді ол.

Алты баланың әкесі тұңғышы өмірге келгенде қандай күй кешкенін есіне түсіре алмады.

“Сен Алматыдағы бірінші перзентханада 3 қараша күні өмірге келдің. Салмағың 3 келі 300 грамм болды. 3 саны үш рет қайталанды деп қуандық. Ол кезде көлік жоқ, үй жоқ. Таксимен пәтерге бардық. Мен өзім де жаспын ғой. Әкелік сезімді қалай сезінгенім есімде жоқ. Өтірік айтпай-ақ қояйын. Жастайынан әке болған жігіттер әкелік сезімді сезіне қояды деп ойламаймын. Себебі, өзі жас, көңілі жас болады”, – деді актер.

Асылжанның анасы Айгүл Иманбаева баланың әкесін іздеуде тұрған ешқандай ағаттық жоқ деп санайды. Ол үшін баланың қадірі түсіп қалмайды деген ойда.

“Кезінде бір психолог айтып еді, баланы әкесі іздемесе, оны іздеудің керегі жоқ деп. Оны әке деп санамау керек деген еді. Ол өзі өмірге өкпелі психолог шығар деп ойладым. Баланың әкені іздеуі заңдылық. Бала әкесіне қадам жасаса, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Бала мен әке байланыста болу керек. Бала әкесінің барын білу керек.Тіреуі барын білуі керек. Менің өзім әкемді 43 жылдан кейін таптым. Әкені іздеу үшін маған 43 жыл керек болды. Бала мен әкенің ажырауына қарсымын”, – деді әнші.

Мейрамбек Бесбаев Асылжанның әкесіне бару үшін бірінші қадам жасағанына риза.

“Сен әкеңнің алдында үлкен қадам жасадың. Әкеңді өзің іздедің. Әкесін жек көріп кететін, оған деген өкпесі кекке айналып кететін балалар бар. Оған ананың тәрбиесі әсер етеді. Сенде олай болған жоқ. Ата-ананың қателігі – мүмкін тағдыры шығар. Оған сенің қатысың жоқ. Сәбит талай жылдан бірге келе жатқан досым. Ол достыққа адал. Ешқашан өзгермейтін адам. Қызметте отырса да, нендей жағдай болсын, бір қалыпта. Кеудесіне нан піспейді. Ол сатқындықты да, достықты да, адалдықты да бәрін көрді. Әкемен бірге үлкен жеңіске жетесің. Одан ешнәрсең кеміп қалмайды. Соған сен”, – деді Бесбаев.

Комментарий