Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

САУАТСЫЗ ҰСТАЗ ШӘКІРТТІҢ СОРЫ

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай барлық мектептерді мұғалімдермен 100 пайыз қамтамасыз ету қарастырылған. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің еңбекақысы жүйелі негізде едәуір артты. Сонымен бірге, «Педагог мәртебесі туралы» заң – педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін тиімді шешу мақсатында дер кезінде қабылданды деп білеміз. Бұл құптарлық жағдай.
Бірақ бүгінде сапалы педагог кадрларымен қамтамасыз ету арқылы мектептердегі тұрақты білім сапасын арттыру мәселесі өзекті. Көптеген халықаралық зерттеулер бойынша бұл мәселе педагог кадрлардың білім деңгейіне тікелей байланысты екені белгілі. Халықпен кездесу барысында мектептерде сапалы кадрлардың тапшылығы ата-аналардың дайындық орталықтарында репетиторлардың ақылы қызметіне жүгінуге мәжбүр етсе, бұл өз кезегінде білім алуда әлеуметтік теңсіздікті тудыруда. Осы тұрғыдан, мәселені шешудің мынандай
жолдарын қарастыру қажет деген ойдамыз.
Бірінші. Қазіргі педагог мамандарының тапшылығы, өтпелі кезеңде мектепте жақсы оқыған түлектердің педагогикалық мамандыққа бармауы, ал педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің ауыл мектептеріне келмеуіне байланысты. Осы тұрғыдан, ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді педагогика мамандығына үгіттеу жұмыстарын жүйелендіріп, жандандыру қажет.
Екінші. Педагогика мамандықтарындағы студенттердің теориялық білімін педагогикалық әдістемемен ұштастыру мақсатында педагогтық тәжірибені 2-айдан 2-жылға, яғни 3-ші және 4-ші курстарда міндетті бірыңғай үздіксіз педагогикалық тәжірибесін енгізуді ұсынамыз.
Үшінші. Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, педагогикалық университеттер түлектерінің көпшілігінде орта мектептерде пәндік және әдістемелік білім деңгейінің жеткіліксіздігі байқалады. Осы ретте, академиялық адалдық қағидаттарына негізделген тәуелсіз негізде педагогикалық жоғары оқу орындарын бітіруші түлектердің пәндік білім деңгейін тексеру тетіктерін ойластыру керек.
Төртінші. Педагогикалық жоғары оқу орындарында қазіргі замандағы жаңа инновациялық педагогикалық технологияны, педагогикалық әдіс-тәсілдерді студенттерге тиімді үйрету мақсатында онлайн негізде еліміздегі жаңашыл ұстаздардың авторлық әдістемелік курстарын ұйымдастыру қажет.
Бесінші. «Педагог мәртебесі туралы» заңның «Педагогке кәсіби қызметке рұқсат беру» деп аталатын 10-бабының «Бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдарға, сондай-ақ педагогикалық білімі жоқ, бірақ даярлықтың тиісті бағыты бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі мен біліктілігі бар адамдарға тиісті педагогикалық қайта даярлаудан өткеннен кейін педагог ретінде кәсіби қызметпен айналысу құқығы беріледі» деген 3-тармағын орындау
тетіктерін облыстық, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің бірлесе отырып жетілдіруі, өз кезегінде мектептердегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мұғалімдерінің тапшылығын азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Ағартушы – ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі», – деген сөздері білім саласы үшін әлі де өзекті. Осы ретте, айтылған мәселелерді назарға алып, оның оң шешімін қарастыру кезек күттірмейді.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Парламент Мәжілісінің депутаттары

Комментарий