Жаңалықтар | Новости

Мал шаруашылығымен танылған Қазақстанда ет неге қымбат?

Елімізде еттің бағасы қымбаттады. Әсіресе, жылқы мен қой етінің құны шарықтаған. Мал шаруашылығымен танылған елде еттің құны неге қымбат екенін “Астана” телеарнасы анықтауға тырысты. 

Energyprom.kz порталының ақпаратына сенсек, елімізде еттің бағасы 5 пайызға дейін өскен. Десе де, ет өнімін тұтынушылардың саны артқан. Жылына әр адам 21 келі ет жейді екен. Етті көп тұтынатындардың көшін Қарағанды мен Ақмола облыстары бастап тұр. Олардың әрқайсысы жылына 26 келі ет жейтін көрінеді. Алайда сатушылардың сөзіне сенсек, етке сұраныс көбеймеген.

“Сиырдың еті 2100 теңгеден басталады, 2500-ге дейін көтеріледі. Сүйектен сылынып алған еттер 2800 теңге. Мысалы жем-шөп қымбат бізде, малды бағу оңай емес. Мал аз деп түсіндіреді. Етке сұраныста көп емес. Көбісі соғым алып алған”, – дейді сатушы Ғазиза Рысалиева.

Еттің бағасы әр аймақта әртүрлі. Мәселен, Қызылордада еттің құны былтыр күзден бері тұрақты. Жылқы етінің келісі 2000 теңге, сиыр еті – 1800 теңгеге сатылып жатыр. Ал Нұр-Сұлтан тұрғындары жылқы мен қойдың етін көбірек тұтынады екен. Бүгінде елордада оның бағысы 200 теңгеге қымбаттаған. Мұны сатушылар малдың тапшылығымен түсіндіріп отыр.

“Ет жоқ деп жатыр ғой. Бізге қалай арзан әкеледі, біз де арзан сатамыз. Егер қымбат әкелсе, үстіне қосып қымбат сатамыз. Ет жоқ. Сосын шетелге кетіп жатыр дейді”, – дейді Рауан есімді сатушы.

Ет сатушылар өнімді тұтынушыларға ұсынғанға дейін біраз шығынданатынын айтады. “Менің таксиім бар жалдайтын. Келгеннен кейін зертханаға төлеймін, анализдерім бар. Сонымен 1900 теңгеге шығады. Енді мен қазір 2000 теңгеден сатып отырмын. Халық неге арзан бағамен сатпайсыңдар деп талап етеді”, – дейді өзге сатушы.

Елордада бір жылдың ішінде қой еті 16, ал жылқы еті 11,9, сиыр еті 8 пайызға қымбаттаған. Тұрғындар еттің бұлайша қымбаттауына реніштерін білдіруде.

“Біздер малды өзіміз өсіреміз, неге қымбаттайды? Әрине, бізге арзан болғаны дұрыс. Өзіміздің етіміз ғой”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Атыраулықтар да еттің қымбаттағанын байқаған. “Шынымен де қымбат. Оны бағып отырған адамдардың да шығыны сондай шығар”, – деп топшылады Атырау қаласының тұрғыны.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі мал тапшылығы жоқ екенін алға тартып отыр. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, ішкі нарық сиыр етімен 97%, қой етімен 100% және жылқы етімен 98% қамтамасыз етілген. Олар бағаның неге көтерілгенін түсіндіре алмаған.

Комментарий