Бас тақырып | Тема дняЭкономика

Зейнетақы қорындағы ақшаны қашан береді?

Өткен жылдың қыркүйегінде Президент өз жолдауында 2021 жылдың басынан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алатынын мәлімдеген болатын. Шыны керек, бұл жаңалық талай адамды қуантты. Нақтырақ айтсақ  761 мыңнан астам адамды қуантқан жаңалық әлі күнге іс жүзінде орындалар емес. Бақандай бес ай өтсе де, зейнетақы қорындағы шектік суммадан асқан мөлшер халықтың қолына тимей отыр.

Қордағы ақшасына сұрау салып, редакциямызға хабарласушылардың да қатары артты. Мәселенің мәнін білу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының  1418 желілік нөміріне қоңырау шалдық. Телефон қоңырауын көтерген оператор қыз “300 нөміріне қоңырау шалып, Отбасы банкінен сұрау салуға” кеңес берді. Отбасы банкіне қоңырау шалғанымда «сайтқа кіріп, қаржыны аударатын есепшот ашуыңызға болады, әрі қарайғы әрекет белгісіз болып тұр. Платформасы дайын емес. Күтесіз» деді. Айтпақшы қордағы қаржының тезірек қолына тиюіне асыққан халық қаңтар айының ортасына дейін БЖЗҚ сайтын да істетпей тастады. Өйткені бір сәтте сонша адамның сайтқа кіріп, жеке кабинет арқылы қордағы ақшасын тексеруіне дайын болмаған сайт істен шықты.

Президент шешім шығарғанына бес ай өтсе де зейнетақы қорындағы артық қаржы иелеріне жетер емес. Мәжілістің алғашқы отырысында Мәжілісмен Аманжан Жамалов та зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үйге және емделу мақсатында алу мәселесіне қатысты ереженің бекітілуі тым ұзаққа созылуына наразылық білдірді. Президент тапсырма берді. Мәжілісмендер заңға қол қоюға асығулы. Сонда халықтың өз ақшасын өзіне қимай, мемлекет басшысының тапсырмасына қырын қарап отырған кім?!

Қуаныш Ерсұңқар

Комментарий