Құқық | Право

Туыстарының атына несие рәсімдеген семейлік түрмеге қамалды

Семей қаласында туыстарының атына онлайн несие рәсімдеген алаяқ сотталды.

Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жеңіл жолмен ақша тапқысы келген ер адам алдын ала жоспар құрып сол бойынша әрекет еткен.

«Ол өзінің таныстарына, достарына, туыстарына хабарласып банктік карталарының реквизиттерін сұраған. “Маған бір адам істеген жұмысым үшін ақша төлеу керек. Бірақ банктік картам бұғатталып тұр. Сол үшін сіздің шотыңызға жіберсе” дейді ол. Бұған сенгендер сұрағанын айта салған. Осылайша, 8 адам алданып қалды. Реквизиттерге қол жеткізген ер адам интернет-терминалдарға олардың әрбіреуінің атына бір емес бірнеше несиеден рәсімдеген», – делінген хабарламада.

Жәбірленушілердің шотына ақша түскен кезде ол қайта келіп сол соманы шешкізіп алған. Ал араға біраз уақыт салып арбалған азаматтарға сот орындаушыларынан қарызды төлеу туралы талап келген.
Сот үкімімен айыпталушы 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий