Судья мінбері | Судебная система

Сот актілерінің әділдігі – сенім кепілі

“100 нақты қадам” ұлт жоспарында сот төрелігінің сапасын одан әрі жақсарту, сол арқылы сотқа деген сенімді арттыру мақсаттары айқындалса, соған орай, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты жолдауында сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырып, оларға терең талдау жасауды тапсырды. Өйткені, судьялар жұмысына көпшіліктің сот актілері арқылы баға беріп, сот төрелігінің әділдігіне де сол өлшеммен қарайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Талап үддесінен шығу мақсатында соңғы жылдары сот жүйесінде ілкімді жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, судьялыққа үміткерлерге қойылар талаптардың мейлінше қатайтылуы, соттарды артық жүктеме мен даусыз істерден арылту сынды, т.б. шаралар нәтижелі жүзеге асуда. Бірінші және апелляциялық саты судьяларына өздері қабылдаған сот актілерін түсіндіру міндетінің заңмен жүктелуі сот әділдігінің сапасын одан әрі жақсартуда деуге толық негіз бар. Мысалы, азаматтар іске қатысты даудың неге олай шешілгенін сот залынан түсініп, көкейлеріндегі көп сұраққа жауап алып шығады. Бұл шара өз кезегінде жұртшылықтың жүйе жұмысына деген оң көзқарасын қалыптастырумен қатар, олардың құқықтық сауаттарының көтерілуіне де әсер етуде.

Мұны айтып отырғанымыз, шешім немесе үкім қаншалықты әділ болғанымен, оның не үшін олай қабылданғаны қарапайым тілде, халыққа түсінікті жазылмаса күмән тудыратынын азаматтар арасында жүргізілген сауалнамалар дәлелдеді. Бұл кемшілікті жоюда ҚР Жоғарғы Сотының “Сот төрелігінің жеті түйіні” стратегиялық бағдарламасы аясында іске қосқан “Сапалы нәтиже” жобасының ықпалы айрықша болғанын айта кеткен жөн. Аталған жоба билер салған сара жолдың жалғасы іспетті.

Жеті басым бағыт шеңберінде соттарда жайлылықты арттыру, сот актілерінің тілін жетілдіру, қоғам мен сот арасындағы тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру, татуластыру рәсімдерін дамыту сияқты игі бастамалар да нәтижесін беруде. Бұған қоса Жоғарғы Сот сапалы құжат әзірлеуге серпін беретін нормативтік қаулылар қабылдады. Соған сай, бүгінде сот шешімдерінің жазылу нысаны өзгеріп, олардың бірізділігі қамтамасыз етілді. Қатаң талаптар өз кезегінде судьялардың ізденіп, білім-біліктерін одан әрі жетілдіруіне ықпал етері анық. Сот актілері жүйе жұмысының айнасы десек, осы бағытта талмай еңбек ету қазылар қауымының басты міндеті.

Жоғарғы Сот төрағасының “Сот шешімдеріне қарап, жұрт соттың жұмысына баға береді. Қате жазылған бір түйір шешім қасықтап жинаған абыройымызды шелектеп төгеді” деуі бекер емес. Себебі, сот актілерінің әділдігі мемлекеттің демократиялық көрсеткішінің негізі. Айта кетерлігі, судья сот төрелігін іске асыруда тәуелсіз, Конституция мен заңға ғана бағынады. Уақыт талабы адамзаттың алдына үнемі жаңа міндеттер қоятынын ескерсек, ел заңдарының өзгертіліп, толықтырылып отыруы заңдылық. Жаңарған заңнамалар қашан да азаматтардың құқықтары мен

бостандықтарын қорғауды барынша оңтайландыруды көздейді. Сот саласындағы әрбір бастама халықтың құқығын әділ қорғауға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Елге құқықтық көмек көрсету, құқық-тық мәдениетті көтеру, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету тұрғысында аудандық сотта “Ашық есік” күні жиі ұйымдастырылады.

Мемлекет басшысы биылғы “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі” жолдауында “Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс” деген болатын. Президент айтқандай, сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз етіп, сапалы нәтижеге жету әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз.

 

Құралай Байоразова,

Панфилов аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий