Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА

Өткен жұмада Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымының алғашқы бірлескен отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Бағдарламалық сипатқа ие бұл сөздің мазмұнынан биліктің елдегі өзекті мәселелерді толыққанды зерделегені және оларды шешуге дайын екендігі көрінді. Осыған орай жаңадан жасақталып отырған Мәжілістің депутаттық корпусына ауқымды міндеттер жүктелді.
Бүгінде өзінің тәуелсіздігінің төртінші он жылдығына қадам басып отырған еліміз әлемнің барлық мемлекеттері секілді жаңа міндеттермен бетпе-бет келіп отырғаны белгілі. Жалпы әлемдік құрылым түбегейлі өзгеріске түсіп, тұтас ғалам жаңа кезеңге өтіп жатыр.

ХХІ ҒАСЫР АДАМЗАТ ҮШІН БЕТБҰРЫС КЕЗЕҢІ

Ал, биылғы жыл алдағы онжылдықтың негізгі бағытын айқындайды. Мұндай кезеңде уақытты жоғалтып, босаңсуға болмайды. Сондықтан осы кезеңде кешенді реформалар жүзеге асып, олардағы басты басымдық халықтың әл-ауқатын жақсарту, көш басында тұрған елдер санатына кіру болуы керек. Дамыған ел алдымен денсаулығы мықты, білімді, әл ауқаты мықты ел. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті — азаматтардың толыққанды дамуы, әл-ауқатының жақсаруы , қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасау болуы тиіс. Өз сөзінде Мемлекет басшысы ел келешегін айқындайтын бұл міндетті жүзеге асыру үшін барлық салада сабақтасты түрде өзгерістер жасалатынын айтты. Олардың басым бағыттарын жіліктеп берді. Оның біріншісі құқықтық мемлекетті дамыту мен азаматтардың билік органдарына деген сенімін нығайту болып айқындалды. Мемлекет басшысы мұны жүзеге асыру үшін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін енгізудің маңыздылығын атап көрсетті. Бұл бағыттағы реформа жүйені біртіндеп орталықсыздандыру, мемлекеттік аппаратты жетілдіру, квазимемлекеттік секторды оңтайландыру, барлық үдерісті цифрландыру міндеттерін шешеді. Осының арқасында мемлекеттік аппарат барынша жинақы, ашық және тиімді, ал шешім қабылдау үрдісі икемді және жариялы болады.

СОТ ЖАБЫҚ КОРПОРАЦИЯ БОЛМАУЫ КЕРЕК
Экономикалық дамудың маңызды талабы — азаматтар құқының тиісті деңгейде қорғалуы. Мемлекет басшысы бұл мәселені өзгерістердегі екінші басымдық ретінде атап көрсетті. Оның айтуынша, осынау игілік тәуелсіз сот жүйесін нығайту мақсатында қолға алынған реформаны ақырына жеткізбей мүмкін емес. Өкінішке орай мемлекет қабылдап жатқан шараларға және Жоғарғы сот төрағасының күш салуына қарамастан сот корпусының сапасына қатысты мәселелер әлі бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауы керек. Бұл үшін сот корпусын барынша жаңартып, оған құқықтың түрлі саласының мамандарын тарту қажет. Үміткерлерді таңдауда олардың кәсіби тәжірибесімен қатар жеке адами қасиеттері ескерілуі және бұл жұмыстарды БАҚ ашық жариялауы тиіс. Сонымен қатар Мемлекет басшысы соттардың қызметі туралы барлық ақпараттың ашық болу керектігін қадап айтты. Бұған дейін назар аудартып жүрген құқық қорғау органдары жұмысын барынша өзгерту қажеттігін қайталады. Осы ретте азаматтармен байланыстың сервистік үлгісінің енгізіліп жатқанын, қоғамдық қауіпсіздіктің жаңа цифрлық технологияның көмегімен қамтамасыз етілетінін ортаға сала келіп, Парламентке заң үстемдігі, адал ниетті бәсекелестіктің және жекеменшікті қорғау қағидатттарының құқықтық негіздерін нығайтуды тапсырды. Президенттің айтуынша, бұл аталмыш талаптардың сақталуының бірден бір кепілдігі.Бүгінде бірқатар заңнамалық бастамалар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алда да бұл тұрғыда жаңа бастамалар жасау мен заңдар қабылдау шаралары күтіп тұр. Осы тұрғыда аталмыш мәселелер әрдайым назарда тұруы тиіс.
Күшті әрі инклюзивті қоғам құрудың маңызды құралы тиімді әлеуметтік саясат. Мемлекет басшысының келесі кезекте айқындаған басымдығы осы мәселе болды. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Қазақстан бүгінде «Адамдық даму индексі» көрсеткіштері бойынша жетекші елдерден кейін қалып тұр. Адамдық капиталдың жоғарғы сапасы кезкелген мемлекеттің ұзақ мерзімді бәсекеге қабылеттілігінің негізі. Әлемнің «экономика біліміне» қарай жылжып бара жатқаны шындық. Бүгінде тәуелсіздік кезеңінің ұрпақтары Қазақстан халқының жартысына тең. 2050 жылдың еңбек нарығын қазіргі жастар мен балалар айқындайды. Олардың бәсекеге қабылеттілігі ел болашағының баяндылығының кепілі. Жас ұлт мәртебесінің бізге ұзақ мерзімді артықшылықтар беретінін түсіну маңызды. Осыны дұрыс пайдаланып, адам капиталын дамыту бойынша сабақтасты жұмыс жүргізлу керек. Жастарға салынған инвестиция бірнеше есе ақталып, мемлекетке игілік алып келеді. Басты міндет әр түрлі әлеуметтік топтар мен аймақтар арасындағы білім сапасының айырмашылықтарын жою. Дамудың бұл кезеңінде жұмыскерлерді қайта оқытып, жетілдірудің жаңа саясаты керек. Осы мақсатта арнаулы ұлттық жоба қажет.

БҰҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ БАЛАЛАР СПОРТЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Сонымен қатар отандық денсаулық сақтау ісін жетілдірудің маңызы зор. Індет жағдайында бұл мәселенің өзектілігі айқын көрінді. Денсаулық сақтау ісінің жүйесі емделушілерге бейімделіп, басты назар солардың мүддесіне, өміріне аударылу керек. Бұл ретте алдын алу мен ауруды ерте анықтауға негізделген медицинаны дамытудың маңызы зор. Азаматтардың салауатты өмірі ұлт саулығын қалыптастырудың негізгі шарты. Сондықтан бұқаралық және балалар спортына айрықша назар аударылу қажет. Мемлекет басшысы осы ретте өзінің тапсырмасы бойынша бұқаралық спорт пен балалар спортын қаржыландыру мәселесі үкімет тарапыан қайта қаралғанын айта келіп, Парламент депутаттарына оның жұмсалу үдерісін қадағалауды міндеттеді. Парламент пен Мәслихат депутаттарына айтылған барлық мәселелерді жергілікті жерлерде үнемі бақылауды тапсырды.
Президенттің осы тұрғыда назар аудартқан тағы бір мәселесі қайта қаралуы қажет әлеуметтік қамсыздандыру саясаты болды. Оның айтуынша, әлсіз топтарды айрықша қолдау қажет. Бұл тұрғыда әсіресе мемлекеттік көмектердің атаулылығын күшейту өзекті. Ал, әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды элементі отандық зейнетақы жүйесінде азаматтарға әртүрлі құралдар арқылы өздерінің жинақтарын басқаруға мүмкіндік беру маңызды. Осыған орай үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын дайындап жатыр. Оны тәжірибеде жүзеге асыру да сапалы заңнамалық қамтамасыз етуді қажет етеді. Тұтастай алғанда, парламенттің жаңа мүшелері әлеуметтік саясатты жетілдіруде белсенді жұмыс істеу керек.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМСІЗ ӨРКЕНДЕУ ЖОҚ
Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту экономикалық өсімсіз мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан үшінші басымдық ретінде Тоқаев үкіметке экономикалық белсенділікке бағытталған контрциклды макроэкномикалық саясатты жалғастыруды тапсырды. Іскерлік белсенділікті және бәсекелестікті ынталандыру үшін салық жүйесінің талаптарын жеңілдету қажеттігін айтты. Президент тарапынан сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін жасау міндеттелді. Осы тұрғыда үкімет дайындап жатқан заң жобасын депутаттардың кәсіпкерлер мен қоғамдық мүдделер тұрғысынан жан-жақты қарау қажеттігі, бұл ретте мемлекеттің меншік иесі мен реттеуші ролін азайтудың өзектілігі қаперге салынды. Еңбек нарығының қарқынды өзгерісін ескере отырып, жұмысы күшінің экономиканың барынша өндірісті саласына көптеп шоғырлануға ынталандыру қажеттігі атап өтілді. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңның маңыздылығы айтылып, оның тар шеңберлі болмай, отандық бизнесті дамытатын нақты, тиімді шараларды кеңінен қамтылу қажеттігі шегеленді. Бүгінде 2025 жылға дейінгі елдің дамуының өзектендірілген ұлттық жоспарын мақұлдау көзделіп отыр екен. Президенттің айтуынша, бұл шараның да ауқымдылығы мен маңыздылығына сай арнайы заңнама қажет.
Төртінші басымдық ретінде елдің аумақ пен кеңістік тұрғысындағы теңгермелі дамуын қамтамасыз ету міндеті айқындалды. Бұл ретте экономикалық кеңістік арқылы барлық аймақтарды байланыстыратын маңызды салаларды дамыту көзделіпті. Жекелеп алғанда олар көліктік, энергетикалық, және цифрлық инфрақұрылымдар. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500 ауыл, республикалық маңызды жолдар мен әрбір ауылға апаратын жолдар толықтай жөнделетін болады. Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру үшін бюжеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілетті және атқарушы органдардың дербестігін арттыру қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы мәслихаттар депутаттарының сайлаушылар мүддесін қорғайтын сапалы және салиқалы шешімдердің қабылдануына ықпал етуін сұрады.

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚ САЙЛАЙДЫ
Бесінші басымдық Қазақстандағы маңызды реформаның бірі саяси модернизация ретінде айқындалып, Мемлекет басшысы бұл тұрғыда жаңа шешімдерді жария етті. Президенттің айтуынша, өткен жылғы саяси реформа партияларға жаңа мүмкіндіктер, ал елдің демократиялық дамуына тың серпіліс берді. Биылғы сайлау да саяси бәсекелестіктің артуына жағымды ықпал етті. Бұл партиялық тізімде жастар мен әйелдер үшін 30 пайыздық квота белгіленуінің арқасында мүмкін болды. Парламент оппозициясы институты шағын саяси күштердің ролін арттырады. Ендігі маңызды қадам ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауыл округтерінде сайлау өтеді. Осылайша жергілікті өзін өзі басқаруды төменнен бастап, нығайту көзделіп отыр. Сондықтан келесі сайлау аудандық әкімдерге өтеді. Мұнымен тоқтамай, азаматтардың саяси жүйенің шешім қабылдау үрдісіне ықпалын күшейту қажет. Кейбір партиялар мәжіліс пен мәслихаттағы дауыстарын жоғалтты. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жақсы білетін, білікті азаматтар бар.Олар Парламентке кіргенде пікірталастарды қыздырып, бұл өз кезегінде заңның сапасының артуына оң ықпалын тигізеді. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске кіру шегін 7 пайыздан 5 пайызға түсіру керек. Бұл тәртіп ресми тіркелген партияларың алда тұрған сайлауға қатысуға ынтасын арттырады. Сонымен қатар мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда халықтың пікірін барынша ескеруге мүмкіндік туғызады. Болашақта партия мүшелерін бекіту және басқа да осыған байланысты рәсімдерді онлайн үлгіде өткізуге болады.
Мемлекет басшысының басымдық ретінде айқындаған тағы бір мәселесі азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайрымдылық қызметті жетілдіру болды. Тоқаев мырзаның айтуынша, қазіргі таңда «Қоғамдық бақылау туралы» заң талқыланып жатыр екен. Ендігі міндет заңнамалық деңгейде онлайн-петиция институтын бекіту.Бұл бастаманың мақсаты – мемлекет қызметінің тиімділігін арттыру, азаматтық қоғамды шешім қабылдауға тарту. Былтыр үкімет жастарды қолдаудың кешенді бағдарламасын қабылдады. Бүгінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты ұлтық жоба, мемлекеттік жастар саясаты және волонтерлік қызмет туралы заң дпйындалуда. Әлемдік тәжірибеге сай Қазақстанда жастардың даму индексін енгізу керек. Осының негізінде жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыру бойынша жұмысы бағаланатын болады. Тағы бір басты басымдықтардың бірі — қайырымдылық қызметті жүйелі түрде қолдау мәселесі. Бұл саладағы ынталандыру шаралары қарапайым және нақты болу керек. Қайырымдылық шаралары мен волентерлік жобаларға қатысушыларға әр түрлі жеңілдіктер ұсынылғаны абзал.

ТАҢДАУ ҚҰҚЫҒЫ
Мемлекет басшысының сөзінде адам құқын қорғауға айқыша назар аударылғаны қуантты. Өйткені, бұл ретте азаматтардың таңдау құқығын барынша қамтамасыз ету қажеттігі тапсырылды. Президент осыған орай әлемдік тәжірибеде азаматтың қандай да бір сайлауларға келіспейтінін немесе бүкіл үміткерлерге қарсылығын заңды түрде білдіру құқығы кең тарағанын айта келіп, балама пікір ұғымы және бәріне қарсы дауыс беру Қазақстан үшін де нормаға айналып, ол бойынша барлық деңгейдегі сайлау бюллетендерінде «бәріне қарсымын» деген жол жасалу қажеттігін мәлімдеді.Тоқаев мырзаның айтуынша, жалпы адам құқығы саласы біртіндеп жетілу керек. Оны институтцияналдық және ұйымдастыру тұрғысында дамуы тиіс. Біздегі омбудсмен инсититутының әлеуеті толықтай пайдаланылмайды. Сондықтан таяудағы уақытта «Омбудсмен туралы» заң қабылдану керек. Өйткені, тиісті мамандары және ұйымдастыру жұмыстарынсыз омбудсмен жұмысын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қиын. Адам құқына байланысты проблемалар әсіресе аймақтарда көп. Жергілікті билікке көп шағымдар түседі. Сондықтан омбудсмен институтын аймақтарда күшейту керек. Сонымен қатар балалар құқын қорғау бойынша ауқымды мәселелерді шешу де кезек күттірмейді. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасында суицид пен буллингті тоқтату үшін мемлекеттік бақылауды күшейтудің тиімді тетіктері жасалғаны жөн. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды инклюзивті дамыту мәселесін назардан тыс қалдырмау да маңызды.
Осылай су жаңа мәжілістің жаңа да ескі міндеттерін айқындап берген мемлекет басшысы қоғамдағы барлық өзекті мәселелер алдымен Парламентте талқылануы керек деген ұстанымын да жеткізді. Азаматтардың наразылығын тудырған даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс құру да парламенттің міндетіне жүктелді. Сөйтіп сөзінің соңын «Парламент елдің мүддесіне мінсіз қызмет ететін жұмыстың қайнаған ортасы. Халық сіздерден қашанда жағымды өзгерістер күтеді. Сондықтан шешім қабылдау барысында үлкен жауапкершілік танытуларыңыз қажет» деп түйді.
Айша Құрманғали
«Заң газеті»

 

 

Комментарий