Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

ДЕПУТАТТАР ЕКІ АУЫЗ АНТТЫ АЙТА АЛМАДЫ

ПАРЛАМЕНТ – БИІК МІНБЕР, ЕЛДЕГІ ТҰҒЫРЛЫ ОРГАН. ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ ҚАТЫСТЫ ІРГЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛІП, МАҢЫЗДЫ ЗАҢДАР ДАЙЫНДАЛАТЫН БҰЛ ЖЕРГЕ ІРІ ТАҚЫРЫПТАРҒА ТІСІ БАТАТЫН, ОЙЫНДАҒЫСЫН ІРІКПЕЙ АЙТА АЛАТЫН МЫҚТЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ІРІКТЕЛГЕНІ ДҰРЫС. САЙЛАУ ӨТКІЗУДІҢ ДЕ МАҢЫЗЫ ОСЫНДА. БИЫЛҒЫ САЯСИ ДОДАДА ДА ПАРЛАМЕНТ ОРЫНТАҒЫНАН ҮМІТТІЛЕР ӨЗІНІҢ МЕМЛЕКЕТШІЛ, ХАЛЫҚШЫЛ ЕКЕНДІГІН СӨЗІМЕН ДЕ, ІСІМЕН ДЕ ДӘЛЕЛДЕУГЕ ТЫРЫСТЫ.

Ақыры жоғары дауысқа ие болған үш партияның Парламент креслоларын өзара бөліскенінен көпшілік хабардар. Ал сол мыңның арасынан таңдалған қалаулылар жақында Ант қабылдады. Ата Заңға қолды қойып тұрып айтуға тиіс мәтін де депутаттар қиналатындай соншалықты күрделі емес. «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға
ант етемін!» деген бар болғаны үш ауыз сөз. Бірақ, елдік мәселелерді айтады деген депутаттар осы екі сөйлемді ежіктеп оқып, елдің күлкісіне қалды. Бұл не сонда, мемлекеттік тілді менсінбеу ме? Әлде мемлекет сеніп тапсырған мәртебелі мандатқа деген жауапсыздық па? Елді сыйлайтын, мемлекетті ұлықтайтын адамның екі ауыз сөзді жаттап алмауы мүмкін емес. Жалпы, басқа құрылымдарды былай қойғанда халық қалаулылары саналатын депутаттардың, Үкімет мүшелерінің, судьялар мен мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді
білуін міндеттейтін кез келді. Бүгінге дейін елімізде бар болғаны үш заңның қазақ тілінде жазылғанын жиі айтамыз. Оны кейде заң тілінің қазақшаланбауынан, кейде мемлекеттік
тілді жетік білетін заңгерлердің аздығымен байланыстырып, өзімізді өзіміз алдап жатамыз. Шын мәнінде, бұл Парламенттегі депутаттардың тілдік әлеуетіне де тікелей байланысты. Бүгін қазақша жазылған үш сөйлемнен тұратын антты ежіктеп оқыған депутат ертең қазақша заң дайындалуына қуана қояды дегенге сену қиын. Ендеше, қарапайым халықтың
әлеуметтік желі арқылы жаңа сайланған депутаттарға сын айтып, базынасын жолдауы өте орынды. Тек халықтың дауысы арқылы жоғары лауазымға қол жеткізген қалаулылар
өз сайлаушыларының үнін естіп, сынынан нәтиже шығарса болғаны.

Мақсат ЖАҚАУОВ, саясаттанушы:

Ең алдымен халық қалаулысы халықтың мұңы мен мүддесін түрлі ортада, әсіресе мемлекеттік деңгейде қорғай білетін, додаға түскен сәтте өз ойын нақты білдіре алатын және нық сөйлейтін азамат болуы қажет. Парламент деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда «parlare – сөйлеу» деген мағынаны береді. Демек сөйлейтін ортаға екі сөздің басын құрай алмайтын депутаттар баратын болса, кімге сеніп, кімге халықтың тағдырын талқылауды тапсырамыз?! Ал саусақпен санарлық депутаттардың мемлекеттік тілде ант бермеуін – тұрғылықты мекенінің тілін меңгермеуі, елге құрмет танытпауы деп білемін. Шыны керек, реніш білдіретін тұсым да бар. Осы уақытқа дейін қазақ тілін толық меңгермеуі, көз бояушылық үшін дайын мәтінді жаттап алуы қадірдің қашқанын көрсетеді. Ал жергілікті халықтың тіліне, мәдениетіне құрмет көрсетпеген адам қалай халық қалаулысы бола алады? Мұндай адамдар сол елдің ертеңін ойлайды, халықтың қамын жасайды дегенге мүлде сенбеймін. Мейлі, сен кім болсаң да, Қазақстанның жерінде өмір сүресің бе, ең бірінші қазақ тілін меңгеруің керек. Сондықтан болашақта ресми тілде ант қабылдауды жоққа шығару керек. Себебі, қарапайым азамат әскери борышын орындаған кезде де қазақ тілінде ант береді. Ал Парламент ресми үш биліктің бір тұғыры. Ең жоғарғы өкілдік органының мүшелері мемлекеттік тілде ант бере алмауы сорақылық деп танимын.
Талғат ЖАНЫСБАЙ, тарихшы, қоғам белсендісі: Ең алдымен жаңадан сайланған депутаттардың қай тілде, қалай айтып шыққанына қарамастан берген антына адал болады деп үміттенеміз. Не дегенмен үмітін үзбейтін халықпыз ғой. Жалпы, ант беру кезінде көптеген депутаттың сол сәттегі хәлінен «елге қызмет ету үшін келдім-ау» деген жауапкершілік байқалмайды. Әсіресе, екі ауыз сөзді қазақ тілінде ежіктеп оқып тұрған депутаттар қарасының көп болуы көптің көкейіне ой салды. Адамның сөйлеген сөзіне аса қатты мән беретін қауымға ант берушілер ұнай қоймағаны анық. Қазақ тілінде жазылған 5-6 сөйлемді оқи алмаған «халық қалаулары» алдағы уақытта халық игілігі үшін қандай іс-әрекет жасайды деп күтуге болады? Өзі тұрып жатқан елдің тілі мен мәдениетін сыйламаған адамнан не үміт, не қайыр?! Мемлекетке қызмет етем деген адамның отыз жылда қазақ тілінде бір сөйлем үйренбеуінен артық сорақылық жоқ шығар?! Әрине, алдын ала бал ашудан аулақпыз. Парламент қабырғасына алғаш енген кейбір су жаңа депутаттар үшін толқу заңды да шығар. Алайда, алдағы уақытта орын алған бұл жағдайды ескере отырып, Парламент депутаттығына үміткерлерді қазақ тілінен емтихан тапсыруды міндеттейтін заң шығару керек деп ойлаймын.

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий