Қоғам | Общество

ЖЕКЕ ЕМХАНАДАҒЫ ӨЛІМГЕ КІНӘЛІ КІМ?

Ақтөбеде жеке клиникада қайтыс болған келіншектің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Сот отырысы кезінде 20 жастағы Гүлдана Нұрмағамбетоваға акушер-гинекологтың қандай ем-дом жасағаны айтылды.

Естеріңізге сала кетелік, қайғылы оқиға өткен жылы орын алған еді. Сәбилі болуды армандаған 20 жастағы келіншек гинекологиялық ауруларына байланысты бірнеше ай бойы жеке
клиникада емделген. Соңғы емі кезінде ол дәріні ауырсынып, ота үстелінде көз жұмды. Белгілі болғандай, сол күні Гүлдана Нұрмағамбетованың жатыр түтікшесінің өткізу қабілеті
тексерілген. Дәрігер сырқаттың препаратқа аллергиясы бар-жоғын текерместен, «Метрогил» (Метронидазол) екпесін еккен. Соның салдарынан марқұм анафилактикалық шок алып,
жатыр түтігі жарылған. Келіншекке алғашқы медициналық көмек те дер кезінде көрсетілмеген. Жедел жәрдем қызметі оған жасанды тыныс алдырып, жүрегіне жанама массаж
жасаған. Алайда ол көп ұзамай қайтыс болған. Қазір акушер-гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетерге Қылмыс тық кодекстің 317-бабы 3-бөлігімен (Медицина немесе фармацевтика
жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) айып тағылуда. Алайда дәрігердің өзі кінәсін мойындамай отыр. Кезекті сот отырысы кезінде марқұмның соңғы 4,5 айдың ішінде акушер-гинекологтың қабылдауында болмағаны айтылды. Яғни, ол ұзақ уақыттан соң дәрігердің қабылдауына алғаш рет келген. Алайда жеке клиниканың қызметкері одан ешқандай анализ алмастан, дәрі еккен. Ақтөбе облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гаухар Игілікованың айтуынша, келіншектің өлімінен соң комиссия құрылып, жеке клиникаға тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде көптеген кемшіліктер анықталған. Жеке клиникада анестезиолог маман мен стационарлық ем жасауға қажетті дәрі-дәрмектер болмаған. Сонымен қатар акушер-гинекологтың УДЗ жүргізуге сертификаты жоқ екені анықталған. Сот отырысы кезінде Гаухар Игілікова метронидазол препаратының көктамырға салынатынын айтты. Алайда дәрігер оны жатыр ішіне еккен. Тексеруден кейін акушер-гинеколог Ли-Ко-Шин-Фетер қызметінен шеттетіліп, қатаң сөгіс алған. Ал 2020 жылдың мамыр айында «Әлия» клиникасына тексеру жүргізілген. Сол кезде осы уақытқа дейін клиникалық хаттамаға қайшы келгеніне қарамастан, метронидазол препаратының 300-дей келіншекке қолданылғаны анықталған. Тексеру нәтижесі бойынша жеке клиникаға айыппұл салыныпты. Қазір оның басшысы сотта куәгер ретінде жауап беріп жатыр. Ал қара жамылған отбасы соттан кінәлілерді қатаң жазалауды талап етеді.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Комментарий