Қоғам | Общество

ҚАЗАҚТЫҢ БАЛЫҒЫ ӨЗІНЕ БҰЙЫРМАЙ ТҰР

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ғалымдармен бірлесіп жүргізген талдауына қарағанда республиканың су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады екен. Ал оның көлемі 2019 жылы 7,4 мың тоннаны ғана құрады. Болжам бойынша Қазақстанның бұл әлеуеті 2030 жылы 45 %, 2040 жылы 55%-ға жетеді. Егер үкімет қолдау көрсетпесе, ол да орындалмауы әбден мүмкін. Бұл 2020 жылы 29 желтоқсандағы Үкімет отырысында ашық айтылды. 

Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан халқына Жолдауында: «ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруы тиіс» деген еді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің сөзіне қарағанда, жаңа бағдарлама жүзеге
асатын болса тауарлы балық өсіру 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаны құрамақ. Бұл үш 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатында жұмыс жасауы тиіс. Ол үшін 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.
– Балық шаруашылығын табысты дамыту үшін біз 4 негізгі факторды анықтадық. Олар: заңнаманы жетілдіру; сапалы балық шабақтарымен қамтамасыз ету; балық жемінің өндірісін
жолға қою; кадрлық қамтамасыз ету. Бұл үшін 2020 жылы мынадай жұмыстар атқарылды. Біріншіден, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін жылдық төлемнің орнына, тоқсан сайынғы
төлем енгізілді. Осының алдында бизнес балық аулау төлемдерін рұқсат алғанға дейін төледі. Бұл айтарлықтай қаржылық жүктеме болды және көбінесе несие қаражатын алуға немесе айналым қаражатынан жұмсауға итермеледі. Екіншіден, балық шаруашылығы су айдындарын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру қағидалары бекітілді. Бұл кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыратын пайдаланушыларға, әсіресе көптеген көлдері бар солтүстік аймақтарда балық өсіруге мүмкіндік береді және олар балық өсіру үшін қолайлы. Үшіншіден, балық шаруашылығын жүргізу үшін 49 жылға шарт жасасудың нақты мерзімі белгіленді. Бұл бизнеске сеніммен инвестиция салуға және ұзақ мерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік береді. Бұрын шарттың мерзімі 5 жыл мен 49 жылдың арасында болатын. Төртіншіден, даму жоспарлары аясында балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды. Оларға қойылатын жалғыз талап – балық өсірудің жыл сайынғы көлемін орындау – деді Мағзұм Мырзағалиев үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

ИМПОРТТЫҢ ҮЛЕСІ БАСЫМ
Ресми статистика бойынша, бүгінгі таңда елімізде 15 (4-еуі мемлекеттік, 11-і жеке) балық питомнигі бар. Олар карпі тұқымдас балық түрлерінің 12%-ын және бекіре тұқымдас балық шабақтарының 66%-ын қамтамасыз етеді. Ал форель, сиг және басқа да құнды балық түрлерінің шабақтары толықтай импортталады. Қазір импортқа тәуелділікті азайту мақсатында 4 балық өсіру аймағы үшін 2022 жылы – 2, 2024 жылы – 3 селекциялық генетикалық орталықтар құру жұмысы пысықталып, бұдан бөлек 2022 жылы форель және сиг балықтары үшін 2 жаңа питомник салу және 4 мемлекеттік балық питомнигінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін енгізу жоспарлануда.

ШЫҒЫСТЫҢ 70% ЖЕМГЕ ЖҰМСАЛАДЫ
2019 жылы 7 мың тонна балық өсіру үшін 12,5 мың тонна жем қажет болған. Бүгінгі таңда Қазақстанда балық жемін өндірумен 14 отандық кәсіпорын айналысады. Алайда олардың өнімі карпі балық түрлеріне ғана жарамды. Сондықтан, балықтың құнды түрлерін өсіруде импорттық жемді сатып алуға мәжбүрміз. Мәселен, алдыңғы жылы 786 тонна форель және 178 тонна бекіре өсіру үшін 1,2 мың тонна импорттық жем сатып алынған. Сондықтан жаңа бағдарламада бизнесті әрқайсысының қуаты жылына 80 мың тонна болатын 5 заманауи
зауыт салуға тарту қарастырылуда. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі оларды Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында орналастырғанды жөн деп шешкен. Осыған орай отандық инвесторлардың қатысуымен балық жемін өндіретін әлемге белгілі даниялық «Aller Aqua» компаниясымен бірлесіп зауыт салу бойынша келіссөздерді бастап кетті. Бұл импортқа тәуелділікті төмендетуге, бизнеске қаржылық жүктемені азайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

КІРІС ПЕН ШЫҒЫС
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі есебіне қарағанда, саланы табысты дамытудың аса маңызды факторы – бастапқы кезеңде бизнесті субсидиялау. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық жеміне, балық өсіретін шаруашылықтарға арналған техника мен жабдықтарға қолданылады. Бірақ оларды кеңейту қажет. Бұл жөнінде бизнес пен министрліктің ойы бір жерден шығып отыр. Облыс әкімдіктерімен бірлесіп дайындалған есептік деректері бойынша 10 жыл ішінде жергілікті бюджет есебінен тікелей
субсидияларға 136,5 млрд теңге бөлінбек. Балықты қайта өңдеу кешендерін құруға және кеңейтуге жұмсалатын шығындарға арналған инвестициялық субсидиялар көлемі 36,8 млрд теңгені құрайды. Ал балық өсіру жобаларына инфрақұрылым жүргізуге жергілікті бюджеттен шамамен 7 млрд теңге керек. Осылайша, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру 10 жыл ішінде 2,2 трлн теңгеге 1,1 млн тонна балық өсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспорттық түсімді 330 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға, форель және бекіре тұқымдас балық
өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемін 45-тен 25 мың тоннаға дейін төмендетеді. Бұдан басқа, кемінде 50 мың қосымша жұмыс орындарын құруға және ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады. Әзірге бұл бағдарлама қағаз жүзінде қалып қоймайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий