Қоғам | Общество

АЖЫРАСҚАНДАРДЫ АЛИМЕНТ АСЫРАЙ МА?

Қазір екінің бірі ажырасуда. Әсіресе, жас отбасының береке-бірлігі жиі бұзылып, шаңырақтары көпке ұзамай шайқалып жатыр. Кеше ғана бір-бірін көрмесе тұра алмайтын жандардың бүгін бір-бірінің бетін көргісі келмеуі қалай? Жастар тіпті обал-сауапты мүлде ұмытқан десе де болады. «Зорлық-зомбылық көрдік, ұрды-соқты, арамызға енеміз түсті. Жұмыс істемеді. Ішімдікке үйір болды. Тапқан-таянғанын құмар ойынға салып жіберді» – дейтін нәзік жандыларды түсінуге болады. Әйелге себепсіз қол көтеріп, бала-шағасын ұлардай шулатып, әкелік міндетін дұрыс атқара алмаған еркектерді азамат деп айтуға аузың бармайды. Бірақ, «таяқтың екі ұшы болатыны» секілді отбасылық кикілжіңге де екі тараптың әсері бар. «Үйлену оңай, үй болу қиын» екенін қол ұстасып өмірге қадам басқан екі жас толық сезінуі керек-ақ. Тіршіліктің тауқыметін екі жас бірігіп арқаласа, бағынбайтын биік, алынбайтын қамал жоқ. Алайда, ыдыс-аяқ сыңғырласа, балапандарын шұбыртқан мама қаздай, буынып-түйініп, төркініне тұра қашатын келіндер қит етсе сотқа жүгініп алимент өндіріп алуды әдетке айналдырған. «Заң мен жағында, аузыңды ашып, қолыңды көтеріп көр, көзіңе көк шыбын үймелетемін» – деп, ажырасқандар балаларына психологиялық соққы беріп жатқандарын сезбейді емес, сезеді.

Осы тұста «Неке және отбасы» туралы кодекстің солқылдақ тұсы барын мойындауымыз керек. Заңда бар мүмкіндікті әйелдерге ғана беріп, ерлердің әкелік құқығы қорғалмаған. Тек әйел психикалық аурумен сырқаттанып немесе ішімдікке үйір болғанда ғана балалар әкесінде қалады. Ал басқа жағдайда бала – ананыкі. Міне, заңның ең солқылдақ тұсы осы. Өз алдымызға үй боламыз деп бөлініп шыққан жас отауға кім кедергі? «Құдай жарылқасын» деп ата-анасы еншісін бөліп, қамқорлық жасағаны болмаса. жастарға кесапатын тигізбесі анық. Ұл-қызының бақытын көруді армандамайтын ата-ана болмайды. Бір балам екеу болды деп қуанып жүргенде немерелерін әрі-сәрі етіп жас шаңырақтың екіге бөлінуі оларға да ауыр соққы. Екеуі ғана болса бір сәрі, бірін-бірі көрместей болған ерлі-зайыптылар балалардың да обалына қалуда.

Алматы облыстық сотының бізге берген мәліметіне зер салсаң, төбе шашың тік тұрады. Мәселен, өңірде кәмелетке толмаған баланы күтіпбағуға алимент өндіріп алу туралы 2020 жылы 495 талап-арыз түскен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15%-ға көп. Осы 495 талап-арыздың 100-і қабылданбай, кері қайтарылыпты. Себеп – рәсімдеу кезінде қателіктер жіберілген. Қалған 378-іне қатысты іс қозғалып, 194-іне шешім шығарылып, 187-cі қанағаттандырылған. Сот барысына түскен талап-арызда балалардың әкелігін анықтау бойынша 189 арыз түскен. Мұнда да өсім өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға жоғары. Рәсімдеу кезінде қателік жіберілгені үшін 42 талап-арыз кері қайтарылып, 145-іне шешім шығарылған.
Жылдан-жылға ажырасушылар қатарының көбейіп бара жатқаны дабыл қағуға тұрарлық жағдай. Ай мен күннің аманында, бейбіт заманда балаларын тірі жетім еткен отбасылардың не ойлағаны бар?! Қазір ажырасқан аналардың көбі пәтер жалдап, одан қалса, әке-шешесі мен бауырларына масыл болғаны аздай, алимент өндіру үшін сот орындаушылар мен сот табалдырығын тоздырып жүр. Әкесіз өскен баланың өгей әкенің не өгей шешенің таяғын жеп, жәутеңдеген жетімдердің ертеңі не болмақ? Баланың тағдырын алимент шеше ме? Білім ошағында немесе кез келген орында, әкесі жоқтар әкесі барларға, анасы жоқтар анасы барларға жәутеңдеп қарамай ма? Бүгінгі қоғамда әке ғана емес, тасбүйрек аналар да жетіп артылады. Анау көгілдір экрандағы «Астарлы ақиқат», «Дау-дамайсыз» хабарларын көруге ұялатын болдық. Себеп, бес-алты балапанын ұясына тастап, бақытын отбасынан емес, бөтен еркектен іздеген көкек аналарды көріп, көзіміз шарасынан шығады. Сөйте тұра бәрінің алименттен дәмесі бар. Алимент дегеннен шығады. Мектеп бітірген бала орта арнаулы, жоғары оқу орындарына түсіп, оқуын жалғастырса, әкесі ол 21 жасқа толғанша алимент төлей береді. Дәл осындай себеппен сотқа 2020 жылы 110 талап-арыз түсіп, ол өткен жылмен
салыстырғанда 18 пайызға азайыпты. Оның 84-іне қатысты іс қозғалып, 42-сіне шешім шығарылған. Сонымен қатар, жұбайын күтіп-бағуға алимент өндіру үшін 383 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш те 17%-ға азайған. Азайғаны көңілге демеу болғанымен, өз әке-шешесін қарттар үйіне беріп, болмаса қараусыз қалдырып кеткен адамдар өз балаларына қандай тәрбие береді екен? «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, өз кіндігінен тараған балалары өскенде бұлардың жасаған қателігін қайталамасына кім кепіл?
Неге сонша безбүйректеніп кеттік? Басқабасқа, біздің әдеп-ғұрыпта мұндай үрдіс мүлде жоқ еді ғой. Керісінше, «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген тәмсілді қазақтан басқа ешбір ұлт айтқан емес. Ойнақтап жүріп от басқан шөпжелкелер туған перезентін әжетханаға, қоқысқа тастаса, жауапкершіліктен қашқан жігітсымақтар ар алдында, қала берді, Алла алдында есеп беретіндерін білмейді емес, біледі. Әкені сақалынан, шешені шашынан сүйрелеп жүрген бауыр-еті балалары өздері қартаймастай неге қатыгезденіп кеткені түсініксіз. Мұндайға жол берген кесірлі келін мен ынжық еркек. «Екі тізгін, бір шылбырды» тең ұстай алмай, әйелге беріп қойып, соның айтқанымен жүріп тұратын ез еркектер ата-анасын қорғауға, қолдауға дәрменсіз. Мұның соңы жанұядағы балалардың теріс тәлім-тәрбие алуына әкеп соғуда. Міне, біздің ұлттық идеология! Әдет-ғұрыпты әдіре қалдырып, Еуропаның үлгісін жамылған қателігіміздің кесірі бұл. «Бала-шағам қарамады, соқа-басымызды сопайтып тастап кетті, қарайласпады, сондықтан күтіп-бағуға алимент өндіріп беріңдер» деп тышқан жылы сотқа барлығы 19 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 90%-ға өсіпті. Өзекті өртейтін факт. Осы талап-арыздардың 15-іне іс қозғалып, 7-еуіне шешім шығарылған. Алименттің жыры тек ажырасқан жас жұбайлардың ғана емес, қараусыз қалған ата-аналардың да күнкөріс көзіне айналған. Біз жаңғырмадық, керісінше, азыптоздық. Отбасы құндылығы құрдымға кетті.\ Мұның сыртында ата-ана құқығынан айырылып жатқандары қаншама? Ішімдікке әуес болу, нашақорлық, одан қалса, жеңіл жүріске салынып, бауыр-еті балаларынан безу бүгінгі қоғамда қалыпты үрдіске айналды. Тіпті таңғалмайтын болдық. Тәлім-тәрбиенің солқылдақтығы, «Неке және отбасы» кодексіндегі шикіліктер әке мен шешенің де жауапсыздығына жол беруде. Әрі ата-анаға деген құрметтің сұйылуы, бала-шағаның үлкендер алдындағы парызының паранжа астында қалғаны көзге шыққан сүйелдей
көрініп тұр. Асқынған кесел алмай қоймайды. Ол үшін «Неке және отбасы туралы» заң түбегейлі реформалануы керек. «Сен таптың ба? Мен таптырдым ба?» деп бірі қашып, бірі заң органдары арқылы қуып жүрген ана мен әкесымақтар ата-ана құқынан айырылуда. Өткен жылы барлығы 325 ата-ананы құқынан айыру туралы сотқа арыз түскен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 23%-ға аз. Соның 248-іне іс қозғалып,164-іне шешім шығарылған.

Ата-ана құқығынан айырылып, кейіннен қалпына келтіру туралы бар-жоғы 4 талап-арыз түсіпті. Төртеуінде шешім шығарылған. Атаана құқықтарын шектеу туралы барлығы 47 талап-арыз түсіп, бұл көрсеткіш 27%-ға өскен. «Бақпасаң мал, қарамасаң бала кетеді» демекші, ата-анасынан толық тәлім-тәрбие алмаған балалар болашақта ұяда көргенін жасайды. Өйткені отбасындағы кикілжіңдер, шаңырақтың шайқалуы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты өршітіп отыр. Айталық, қараусыз, бақылаусыз қалған немесе ата-әжесінің қолында қалған балалардың тұрғылықты жерін анықтауда сотқа барлығы 205 талап-арыз түскен. Соның 143-іне іс қозғалып, 65-іне шешім шығарылған. Бұл көрсеткіш 25%-ға өскен. Сондай-ақ, екі айырған тараптың балаларымен қарым-қатынасын анықтау тәртібі бойынша 143 талап-арыз түсіп, 99-на іс қозғалып, 36-на шешім шығарылған. Мұнда да өсім 22%-ды көрсетіп тұр.

«Отан отбасынан басталады» десек, әр шаңырақтың беріктігі мемлекет үшін ауадай қажет. Еркек пен әйелдің құқы жүз жерден тең десек те, отбасындағы әкенің рөлін арттырмасақ, ажырасушылар саны азаймайды. Ол үшін «Неке және отбасы» туралы заңнаманы реформалау қажет. Онда қажет болса, ажырасуға тыйым салынуы керек. Себеп – неке бұзушыларды ешкім де зорлап қосқан жоқ. Әрі балаларға писихологиялық соққы беруді тежеу тетіктері қаралуы тиіс. Бар жауапкершілікті еркектің мойнына артып қойып, алимент алып, шұбырып жүрген әйелдердің де тәртібі май шаммен қаралғаны дұрыс. Мәселен, бір ғана Алматы облысында неке бұзу туралы 2020 жылы 6702 талап-арыз түсіпті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 22%-ға аз. Талапкердің талап қоюдан бас тартуына байланысты 172 іс бойынша тараптар сот барысында татуласса, медиация тәртібімен 478-і татуласқан. Неке бұзуда көбіне әйелдер арызданады екен. Қысқасы, отбасы туралы заң қатаймаса, отбасы құндылығы арзандай бермек.
Айтақын МҰХАМАДИ

Комментарий