Құқық | Право

Өскеменде қамауға алынған әйел тергеу изоляторында босанды

Өскемен қаласында қамауға алынған 30 жастағы әйел тергеу изоляторында босанды.

ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жүктіліктің 8-ші айында қамауға алынған әйел адам жеке камераға орналастырылған. Толғақ басталған кезде уақытша ұстау изоляторындағы медициналық бөлімнің қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, оны ауруханаға жеткізді.
«Ол аман-есен қыз туып, тергеу изоляторына қайта оралды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті заттарды қамтамасыз еттік. Қазір әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Ол қызды күйеуіне және туыстарына беру туралы шешім қабылдады. Мекеме қызметкерлері бәрін ұйымдастырып, баланы күйеуіне тапсырды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Әйел тергеу изоляторының қызметкерлері үлкен көмек көрсеткенін айтты. Өйткені, ол перзентханада болған кезде карантинге байланысты туыстары оған бара алмаған.
Айта кетейік, қамаудағы әйел адам бұған дейін сотты болмаған. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий