Құқық | Право

Өскеменде телефонын тартып алған анасына ренжіген бала үйден қашып кетті

Өскемен полицейлері үйден қашып кеткен баланы 1 сағаттың ішінде тапты.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әуелде әйел сыртқа шығып кеткен баласын өзі тауып алмақ болды. Бірақ онысынан түк шықпағандықтан 15 қаңтарда сағат 11:30 шамасында полицияға қоңырау шалған.
Бірден полиция қызметкерлері баланы іздеуге кірісті. Анықталғандай 9 жастағы оқушының үйден қашып кетуіне анасының ұялы телефонын алып алғаны себеп болған.
«Оған ескерту жасадым да телефонды алып алдым. Себебі балам смартфоннан бас алмай қойды. Үнемі ойын ойнап, бейнероликтер көріп, достарымен хабарлама жазысады. Бұл оның сабақ үлгеріміне теріс әсер етуде», – деді әйел.
Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары оқушыны супермаркеттердің бірінен тапты. Оған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір бала ата-анасымен бірге.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий