Судья мінбері | Судебная система

ЕЛ МҮДДЕСІ ТОҒЫСҚАН МАҚАЛА

Бүгінде көзі қарақты қазақстандықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Егемен Қазақстан газетінің №2 санында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаланы оқып, қызу талқылауда. Осыған орай, жуырда Анаға құрмет музейі мен «Батыр бабалар» мемориалды музейінің қызметкерлері бас қосып, мақалада көтерілген мәселелер мен тың идеяларды талқылап, өзара пікір алысты.  

Жалпы бұл мақаладан көпшіліктің көкейінде жүрген күдікті ойлар мен түрлі сұрақтарға нақты жауап табуға болады. Сондай-ақ, болашаққа бағыт-бағдар берілген мақала қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылғандығымен ерекшеленеді. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылдық тарихын қоса алғанда, сонау Алтын орда дәуірінен бергі тарихы мен тағлымы, салт-дәстүрі, өткені мен келешегі туралы кеңінен баяндалған. Мемлекет басшысы «тәуелсіздік құрдастары» яғни, жастарды тілге тиек етіп, тәуелсіз елімізді «орда бұзар отыз жасқа» теңеуі де тегіннен-тегін емес. Мұны өзім сияқты тәуелсіздігімізбен «түйдей құрдас» замандастарыма қаратып айтылған сөз деп қабылдадым.

Мемлекет басшысы: Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіз елде дүниеге келіп, өсіп жетілген олардың санасы сергек, көз қарастары да, өмір салттарыда өзгеше» деген жалынды сөздері ерекше әсер етті. Осы орайда, санамды «осы сенім үддесінен шығу үшін біз не істей аламыз?» деген ой қамшылап, кім, қай жерде болмасын, қай салада қызмет жасаса да,  Отанына, елі мен жеріне деген адалдығынан алшақтамау керектігін сезіндім.

Мақалада ел Президенті:  – «Жалпы жер бетінде экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқада қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеялогиялық вирустарда жайылып келеді. ЖаҺандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда мәжбүрліктен емес, сананың улануы арқылы өз еркімен торға түседі»деп, ғылым мен техника күн сайын дамып жатқан бүгінгі заманың да өз қауіпі барын ескертеді. Рас, басқасын айтпағанда «ғаламтор» атты алпауыт ақпарат көзінің әлем жұртшылығын бейсаналы түрде өз ырқына көндіріп жатқанын күн сайын көз көруде.

Осындай үлкен өркениеттер тоғысында әр халық өз мәдениетін, ұлт ретінде сақтап қалуы, өзге мәдениеттерге жұтылып кетпеуі аса маңызды іс. Бұл бағытта мәдениет саласының қызметкерлеріне жүктелген жүк те, жауапкершілікте салмақты. Мақала мазмұнында Мемлекет басшысы Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды жіпке тізе келе, сол ігі істердің жемісін халық көріп отыр ма, «…әлде сол ғылыми инистуттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқпа?» –  деп алаңдаушылық білдіреді.

Сондықтан біз музей қызметкерлері сан ғасырлық тарихымыздың бізге жеткен асыл мұраларын сақтаушы, қорғаушы ғана емес, кешегі өткен бабалар мен бүгінгі жас ұрпақ ортасындағы алтын көпір бола білуіміз керек. Ол үшін заманауи ақпарат көздерін пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен нәсихаттауымыз қажет. Осылайша жас буынның өзге мәдениеттердің жетегінде кетуінен сақтап, олардың санасына төл мәдениетіміздің әлемнің кез-келген елінен артық болмаса, кем еместігін жеткізе аламыз. Ол үшін мәдени іс-шараларды оздырып тұру, мектеп оқушыларымен студенттерді бос уақыттарында музей тамашалауға келуді әдетке айналдыру, оларды қызықтыру сынды жұмыстарды күн тәртібіне қойғанымыз абзал.

Сұлтан ТІЛЕК,

Анаға құрмет музейінің

ғылыми қызметкері, этнограф

 

Комментарий