Жаңалықтар | Новости

“Әкем қабір азабын көріп жатыр ма деп қиналамын”. Тәуекел Мүсілім әкесімен қалай қоштасқаны жайлы айтты

Жақында ғана әке атанған Тәуекел Мүсілім ең алғашқы қадамдары мен жетістіктері жайлы сөз етті. Оқушы кезінде оқуда озат болмаған. Алайда бала күнінен-ақ көзге түскен. Актер отбасы, әкесі мен шығармашылығы жайлы баяндады. Бұл туралы “Ең алғашқы” бағдарламасында айтылды, деп жазады stan.kz.

Тәуекел Мүсілім бала күнінде тынымсыз бала болған. Мұны сыныптастары мен мұғалімдері мойындайды. Оқуда озат болмаса да, жоғары сыныптарда жақсы оқыған. Қаланың баласы болғанымен, орыс тіліне шорқақ еді. Алайда кітап оқып, намысқа тырысыпты.

“Тәуекел өте жақсы оқыды деп айта алмаймын. Бес те, төрт те, үш те, екі деген де баға алыпты. Орыс тіліне шорқақ еді. Қасында жақсы оқитын қыз отыратын. Сол қыздан бақылау жұмыстарын сұрап отырушы еді”, – деп еске алды мектепте сабақ берген мұғалімдері.

Әбден мазаққа қалған Тәуекел үш айғы жазғы демалыста орысша кітап оқып, тіл үйренгенін айтады.

“Баланың ортасына көп нәрсе байланысты. Мәселен, қаланың баласы болсаң да, араласатын ортаң қазақтар болса, орысша тез үйрене алмайсың. Отбасында, мектепте қазақ тілінде сөйлегендіктен орысша жақсы білмеуші едім. Кейін орыс балалалармен ойнадым. Орысша кітап оқыдым. Осылайша тіл үйрене бастадым. Мектепте де қыздар орысша білетін жігіттерді ұнататын”, – деді Тәуекел.

Тәуекел Мүсілім мектепте барлық спорт түрлеріне қатысқанын айтты. Өнер әлеміне кездейсоқ келіпті. Ең сұранысқа ие актер кино саласына өзі сұранып келмеген. Режиссерлердің өздері ұсыныс білдірген екен.

“Мен Тәуекелді бассейннен көрдім. Жаттығу залында байқап қалдым. Оған киноға түсуге ұсыныс жасадым. Ол келісті. Ертесі әртістік өнерін байқадым. Ол жағы ұнай қоймады. Бірақ көз жұма қарадық. Себебі бізге сымбатты, бойы ұзын, көркі келіскен жігіт керек еді”, – деді режиссер Асқар Ұзақбаев.

Тәуекел Мүсілім әкесі жайлы естеліктерді ауыр қабылдап, ағынышпен еске алады. Сондықтан әкесі жайлы айтқанда еріксіз көзіне жас келді.

“Мен 4-курс оқып жүргенде туыстарым хабарласты. Әкемнің ауырып жатқан кезі еді. Анам екеуміз Шымкентке бардық. Әкем еңселі, денелі, ешкімнен қорықпайтын азамат еді. Әрдайым өзіне сенімді жүретін. Соңғы рет барғанда әкемді танымай қалдым. Шөгіп қалған. Сөйлей алмады. Қолымнан қысып, жәудіреп қарады. Менен көмек сұрағандай болды. Әкемнің сондай қалпын бірінші рет көрген едім. Қатты қиналдым. Маған ауыр болды. Әкем туралы айтқанда көз жасымды ұстай алмаймын. Әкем қабір азабын көріп жатыр ма деп қиналамын. Содан көзіме жас келеді. Әкем қатты ауырды. Алла адамға ауру жіберіп, сол арқылы күнәларын кешіреді дейді ғой. Алла оның күнәларын кешіріп, жәнатты нәсіп етсе екен деймін”, – деп еске алды ұлы.

Комментарий