Судья мінбері | Судебная система

Әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарға қатысты жаза өз жемісін беруде

Уақыт өткен сайын, қоғамдағы үдеріске сай заңнаманың талаптарын жаңғыртып, жаңартып отыру заман талабы. Осы орайда өткен жылдың басында Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізілгені көпшілікке аян. Аталған заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, кейбір құқыққа қарсы жасалған әрекеттерге қолданылатын жаза қатаңдатылған болатын. Нәтижесінде салада жасалған өзгерістер оң нәтиже бергенін арада бір жыл уақыт өткен соң сезініп отырмыз. 

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың басында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Ол заң 15 қаңтардан бастап күшіне енген болатын. Осы енгізілген өзгерістердің кейбіріне тоқталып өтсек:

          Бірінші: Әкімшілік істерді жылдам қарау құқық бұзушы және жәбірленуші өтініш хат беру, ал сотқа әкімшілік істерді дереу қарау құқығы берілді. Бұл ретте мұндай істерді қарау қорытындылары бойынша қаулылар дереу заңды күшіне енеді (744, 745, 829-5, 833-баптар). Сондықтан «Түнгі сот» пилоттық жобасын тұрақты жұмыс форматына ауыстырылды. “Түнгі сот” пилоттық жобасы, бүгінгі күні көбейіп кеткен жол көлік оқиғаларын дер кезінде шешіп, осы форматтағы сот істерінің қордаланып көбеймеуіне жол ашты. Сондықтан аталмыш жобаның қоғам үшін маңыздылығы ескеріп, тұрақты жұмыс форматының ауқысы кеңей түсуде. Қоғам сұранысына сай енгізіліп отырған бұл өзгеріс алдағы уақытта да өзінің жемісін берері анық.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда атап өтерлік   екінші бір өзгеріс Істерді соттан мемлекеттік органдарға толықтай 63 құрам  баламалы негізде, 37 құрам (лицензиядан айыру, қызыметке тыйым салу) берілді. Сондықтан, сот бұл істерді іс жүргізуге бұдан әрі қарамайды. Бұл да болса әкімшілік соттардың ісін көбеймеуіне әсер ететін бір өзгеріс деуге болады. Ал сот істерін бұлай ықшамдау сот істерінің азайып, оның сапалы қаралуына жол ашылады.

Үшінші: Ұсақ құқық бұзушылық, жаңадан енетін өзгерістер мен толықтыруларға байланысты 434-бап (ұсақ бұзақылық) екі құрамға бөлінді. Бұл ретте жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды скверлерді ластау, оның ішінде коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығарып тастау соттан алынып, Ішкі істер Министрлігінің құзыретіне берілді (434-2-бап). Қоғамда жиі кездесетін бұл құқық бұзушылықтармен күрес қоғам үшін аса маңызды. Әкімшілік жаза ретінде белгіленгенмен жергілікті тәртіп сақшылары арқылы бұл істерді бақылау нәтижелірек болғанын уақыт көрсетіп отыр.

Айта кетер жайт, көлік құралдарын басқаруға байланысты да өзгерістер көп енгілген болатын. Мәселен, көлік жүргізушісі көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соқса. Ал, жаңа өзгеріс бойынша аталған жаза “он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. Яғни жауапкершілік пен жаза күшейтілді. Нәтижесін статистика көрсетіп отыр. Яғни рөлге масаң күйде отыратындар қатары азаюда. Демек алдағы уақытта бұл өзгерістер құқық бұзушылықты одан әрі азайтса сенімнің ақталғаны деп білеміз. Заман сұранысына сай енгізіліп отырған бұл өзгерістердің барлығы қоғамдағы құқық бұзушылықтарды азайтуға, қоғамдағы тыныштықты бақылауға бағытталған. Сондықтан өзгерістерден алдағы уақытта да күтеріміз мол.

Қарымбаев Дәурен Мэлсұлы, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Комментарий