Құқық | Право

Ақтөбелік “Ромео” бостандыққа шықты

Ақтөбеде 15 жастағы оқушы қызбен жыныстық қарым-қатынасқа түскен жасөспірім бостандыққа шықты. Бұл жөнінде облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы “оқушы қызбен жақын қарым-қатынаста болды”деп айыпталған Нұрасхан Тынымжановқа қатысты үкім шығарды. Сот 17 жастағы бозбаланың бас бостандығын 1, 6 жылға шектеді. Жасөспірім қамаудан босатылды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұрасхан Тынымжанов 15 жастағы сүйіктісімен қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүрген. Алайда екі жастың махаббатына ата-аналары қарсы болған. Сол себепті қос ғашық бірнеше рет үйлерінен де қашып кетеді. Оларды тапқан бойда қыздың анасы медициналық сараптама жасауды талап еткен. Ақыры 17 жастағы бала мен 15 жастағы оқушы қыздың махаббаты үлкен дауға айналды. Қылмыстық іс сотқа жетіп, бозбала қамауға алынды. Былтыр қараша айында Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен жасөспірім 3 жылға сотталды. Тергеу органдары оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 122-бабының 3-бөлігі («он алты жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас жасау» ) бойынша айып тақты. Осыдан кейін ақтөбелік Ромеоның оқиғасы халық арасында үлкен шу тудырды. Белсенділер “махаббаттың құрбаны”болған жас жігітті босатуды сұрап, петиция жариялады. Бозбаланың жақындары да Президенттен баласының балалығын кешіріп, жазасын жеңілдетуді сұраған. Осыдан соң сот алқасы үкімді қайта қарап, бозбаланы бостандыққа шығарды. Үкім шығару кезде оның жастығы, өз ісіне өкінетіндігі ескерілген. Әрі жәбірленуші мен оның анасы бозбалаға кешірім берген. Сол себепті сот жаза түрін бас бостандығын шектеуге ауыстырған.

Жансая Есмағанбетова, Ақтөбе қаласы

Комментарий