Қоғам | Общество

Жаңадан сайланған депутаттар қымбат қонақ үйде жататын болды

PROTENGE Телеграм-каналы қызық ақпарат жариялады. Оның жазуынша, сайлау өте салысымен Парламенттің жабдықтау қызметі қымбат отельден 103 номерді брондап қойған, деп хабарлайды nege.kz сайты.

«Сайлау өте салысымен, 11 қаңтарда Парламенттің жабдықтау қызметі тамаша отельден 103 номерді брондап қойған. Hotel Service Astana-мен 31,2 млн теңге болатын келісімшартқа кеше ғана қол қойылды. Бұл компания қандай қонақ үйлерді ұсынатынын анықтап көрдік. Келісімшартта компанияның нақты мекен жайы көрсетілген: Нұр-Сұлтан, Мәңгілік Ел, 43А.

Бұл мекен жайда Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch отелі орналасқан. Бұл қонақ үйдің рейтингі 10-нан 8,8 екен» деп жазды Телеграм-канал.

Енді депутаттар қызметтік пәтер бөлінгенше осы отельде тұруы мүмкін. Апартаменті де оңай-оспақ емес екенін төмендегі фотолардан байқауға болады:

«Су жаңа депутаттар» дегенді сөздің кәдесі үшін ғана айтып жатырмыз. Әйтпесе, жаңадан сайланған депутаттардың көпшілігі «ескі көздер».

Егер депутаттардың бәріне қымбат отельден номер брондаса, 103 емес 107 номер алатын еді. Өйткені Мәжіліс депутаттарының жалпы саны осы. Төрт депутат қонақ үйден бас тартқан болуы мүмкін. Біздің болжауымызша, олардың бірі Дариға Назарбаева болуы мүмкін. Екіншісі Нұрлан Нығматулин болар. Қалған екеуі кім болды екен?..
Естеріңізге салайық, жаңадан сайланған депутаттарды Нұр-Сұлтанда құда күткендей қарсы алу дәстүрге айналды. Мәселен, 2016 жылы депутаттар қызметтік пәтер бөлінгенше бес жұлдызды «Пекин Паласта» жатқан.

Комментарий