Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ҚАЗАҚ ҚАЗАҚПЕН ТІЛМАШ АРҚЫЛЫ ТІЛДЕСІП ЖҮР

ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ БОЛМЫСЫ, ТАМЫРЫ. ҰЛТТЫҢ ҰЛТ БОЛЫП САҚТАЛУЫ ТІЛДІҢ ҰМЫТЫЛМАУЫНА, ҰРПАҚТАН-ҰРПАҚҚА ҮЗДІКСІЗ ЖАЛҒАСУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ. ӘУЕЗІН БҰЗБАЙ, БОЯУЫН ЖОҒАЛТПАЙ, ӨМІРШЕҢДІГІН ДӘЛЕЛДЕГЕН ТІЛ ҚҰДІРЕТТІ. ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, ҚАЗАҚ ТІЛІ БҮГІНДЕ ҮЛКЕН СҰРАНЫСҚА ИЕ БОЛА АЛМАЙ ОТЫР. АБАЙДЫҢ, ӘУЕЗОВТІҢ, МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТІЛІН ҚАЖЕТ ЕТПЕЙТІН, КЕРЕК САНАМАЙТЫН ҰРПАҚ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ.

Тәуелсіздіктің отызыншы беле сіне аяқ басқан тұста тілдің мәселесін қозғап, ана тілін білуге шақырып отырғанымыз әрине, ұят тірлік. Бірақ, дәл қазіргідей ұрпағымызды ғаламтор
тәрбиелеп жатқан уақытта мемлекеттік тілге деген  қызығушылықты тудырып, талапты күшейтпесек тәуелсіз елде өзге тілге тәуелді азаматтар көбеймек. Мәселенің ауқымдылығын білген соң Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында қазақ тілінің ертеңіне қатысты алаңдаушылығымен бөлісті. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Шындығында бізде ниет жоқ. Барымызды бағалауға деген ынта байқалмайды. Мемлекеттік тілдің жағдайын, аянышты халін көргенде шарасыз күй кешесің. Қалың қазақтың арасында, өз елінде, тәуелсіз мемлекетте ана тіліміздің қағажу көргеніне қарның ашады. Ең сорақысы, оны қолданбай, қадіріне жетпей, қажетіне жаратпай отырған өзге емес, өзіміз. Қазақша сөйлегенде қазақтың баласынан ана тілінде жауап ала алмасаң дүниенің қоры сол. Және олар өз ана тілін білмегенін ұят санамайды, қымсынбайды. Мемлекеттік тілде қойған сауалыңа ежелгі ирбит, не шүршіт тілінде сөйлеп тұрғандай таңдана, осқырына қарайды. Бұрын қазақша жауап бермегендерге қарап «осылар әдейі істеп тұрған жоқ па?» деп күдіктенетінмін. Сөйтсем шынында білмейді. Мөлдіреген қара көздерінде жылт еткен сәуле жоқ. Өлі жанар, сұраулы жүздер алдыңда тұрады. Осы жастардың барлығы тәуелсіздік жылдарында дүниеге келді. Егемендік алған тұста есейді. Олар біз сияқты өзгелерге жалтақтап өскен жоқ. Жұртпен тең болу үшін түнімен орысша жаттап, аудармамен уақытын өткізбеді. Ендеше, неге тәуелсіз елдің ұландарында тілге деген сүйіспеншілік, махаббат аз?
Біздің заманымызда орыс тілін білмеген адам қор еді. Екінші сортты саналатын. Сондықтан өзін мықты етіп көрсеткісі келетіндер білсе де, білмесе де орысша сөйлеп, орысша сөздерді келсін, келмесін қыстырып әлек болатын. Құлдық сананың салқыны ғой. Кеңестік идеологияның кесірі. Тәуелсіздікті алғаш жариялаған тұста өзіміз тұрмақ, өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ мектептеріне беріп, қазақша үйренуге тырысты. Автобус, троллейбустарда қазақша сөздік ұстап жүрген бауырлас халықтарды жиі көзіміз шалатын. Алайда осы бір лап еткен сәуле, жылт еткен қызығушылық тез сөнді. Біз ұстап тұра алмадық. Бабаларымыз мұндайда «Темірді қызған кезде соқ», «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деп жататын еді. Егер біз сол тұста қазақ тілін елдегі жалғыз мемлекеттік тіл деп танысақ ешкім қарсы шықпас еді. Егер дәл сол уақытта жер-су, қала атауларын ежелгі атауларына ауыстырамыз десек ешкім шаужайдан алмас еді. Ал қазір ірі қала тұрмақ, кеңес дәуірінен келе жатқан көшелерді ауыстыру «Берлинді алғаннан» қиын болып кетті. Сол тұста
мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді меңгергендер алынуы тиіс дегенді де заңмен шегелеп алу керек еді. Сонда болашағын Қазақстанмен байланыстырған азаматтардың бәрі қазақша үйренері анық болатын.
Тіл үйрену үшін Президентіміз айтқандай талап пен ниет керек. Қазір көп таныстың бөлмесіне барсаң үстелінде ағылшын кітаптары мен сөздік жатады. Қолы қалт еткенде жыбырлап ағылшын сөздерін жаттап отырады. Ал солардың басым бөлігі қазақша кітапты ежіктеп оқиды. Абсурд! Өз тілін білмеуден ұялмаудың өзі абсурд! Басқа салаларды былай қойғанда,
сот қызметіндегі мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы да мәз емес. Жыл сайын жасалатын статистикаға сенсек, сот мемлекеттік тілде қаралатын істердің көлемі 10 пайыздың айналасында. Әрине, сот процесінің қай тілде өтуі шағымданушының өз таңдауы. Азаматтар талап арызды қай тілде берсе, істің сол тілде қаралуы заңмен дәйектелген. Оларға қандай да бір ықпал етуге ешкімнің қақысы жоқ. Арыздың ресми тілде жазылуына кейде қазақша дұрыс білмейтін тергеуші, адвокаттардың әсері де болып жатады. Міне содан келіп кілең қазақ жиналып алып істі орысша қараймыз. Орысша пікір айтамыз, орысша сауал қойып, жауап береміз, орысша шешім шығарамыз. Кейде қазақты қазақ аудармашы арқылы түсінісіп жатады. Аудармашы сұраған бауырларымызға «Айналайын-ау, бірдіекілі қарапайым сөзді түсінетін шығарсың, аудармашысыз-ақ істі қарайық» десек тулап шығады. Ондайлар өзінің ана тілін білмегені үшін емес, айтқанын қазақша аудармағанымыз үшін қапаланады. Аудармашы арқылы іс қараудың қиындығы орасан. Бір адам қазақша түсінбесе сол үшін барлық құжатты, куәгерлер сөзін орысша аударуға, процеске қатысып жатқандардың жауабын аударып отыруға тура келеді. Бұл артық уақыт, артық шығын. Аудармашылардың сауаттылығы, жауаптылығы өзінше бір тақырып. Жоғарғы Сот судьясы Бағлан Мақұлбеков бір сөзінде сот ісіне қажетті аудармашылар үшін жылына 42 млн теңгенің төңірегінде қаржы бөлінеді деген болатын. Бұл үлкен ақша. Егер өз тілін қадірлейтіндер көбейсе осы қаржыдан да үнемдеуге болар еді. Кейде іске қатысатын прокуратура өкілін таппай қиналамыз. Себебі қазақша іске қатысатын прокурор санаулы. Айыптау органындағы өндірдей жастардың барлығы дерлік қазақ, бірақ қазақша істерге соның тек бірді-екілісі қатысады. Қалғаны өз тілінде сөйлеп, істі таразыламақ түгілі, қазақша жазып берген дайын мәтінді ежіктеп әрең оқиды. Қос тараптың бірі орыстілді адвокатты таңдайтын кездермен де жиі бетпе-бет келеміз. Ал олар болса құжаттарды өзі ойлайтын тілге аударып беруімізді талап етеді. Осындай олқылық та соттағы мемлекеттік тілдің қолданысын төмендетуде. Тілдің тағдыры – сіз бен біздің қолымызда. Сондықтан қазақ пен қазақ аудармашы арқылы тілдеспесін десек мемлекеттік тілді білуге деген талапты күшейткеніміз жөн. Мемлекеттік тілді жетік меңгергендерге ғана мемлекеттік қызмет қолжетімді болуы тиіс. Әрине, бұл бүгінгі ахуалды түбегейлі өзгерте қоймас, дегенмен болашағын ойлаған жастарға қозғау салары анық.
Теміржан ҚҰДАБАЕВ,
Бостандық аудандық
№2 сотының судьясы
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ 

Комментарий