Қоғам | Общество

Семей тұрғыны автобуста 3 млн теңге салынған сөмкесін ұмытып кеткен

Семей қаласының полиция қызметкерлері әйел адамға автобуста ұмытып кеткен 3 млн теңге салынған сөмкесін қайтарып берді.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 қаңтарда «102» арнасына хабарласқан 38 жастағы қала тұрғыны №35 автобуста ірі көлемдегі ақша салынған қара сөмкесін ұмытып кеткенін айтқан.

«Өз сөзінде ол Водный кентіндегі аялдамадан түскенін, автобус қала бағытына кетіп қалғанын жеткізді. Көзіне жас келген әйел автобустың соңынан жүгірген. Хабар түскен соң қоғамдық тәртіпті қадағалайтын барлық полицейлер автобусты іздеуге жұмылдырылды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Көп ұзамай автобустың нөмірі және қайда келе жатқаны анықталған. Қоғамдық көлік «ЦУМ» маңында тоқтатылған соң полицейлер ақша салынған сөмкені тапты. Сөмке дереу жәбірленушіге қайтарылды. Барлық заттар мен ақша орнында болып шықты.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий