Судья мінбері | Судебная система

Судья көмекшісі сала жұмысын жеңілдетеді деп күтілуде

Қоғамымызда судья көмекшісі қызметін қалыптастыру мақсатында қанатқақты жобалар енгізілуде. Өйткені судьялардың қызметі ауыр және жоғары жауапкершілікті талап ететіні барлығымызға белгілі. Оған қоса, жыл сайын сотқа азаматтардың және заңды тұлғалардың жүгінуі де ұлғайып келеді. Ол біріншіден, халықтың сотқа деген сенімінің арта түскендігін байқатса, екінші жағынан жүктеменің еселеп өскені сот төрелігін жүзеге асыру сапасына әсерін тигізуде.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, судьялар көмекшісі сот төрелігінің сапасын жақсартуға тікелей ықпал етеді және де тәжірибеге сай, судьяның көмекшілері болған тұлғалар, кейін судья ретінде сот төрелігін сапалы жүзеге асырушы тұлғалар болады деген де пікірлер бар. Осы орайда Соттарда пилоттық жобаны іске асыру сәтінен бастап қысқа мерзім ішінде судьялардың көмекшісі өздерінің функционалдық міндеттерін кәсіптік тұрғыда орындауға белсенділік танытып жатыр. Демек аталмыш жоба біздің елімізде де өзінің оң нәтижесін береді деп күтілуде. Жаңа жобаның не­гізгі мақсаты, біріншіден, сот­тың жұмысының тиімділігін арттыру, сот төрелігін атқарудың сапасын жетілдіру, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұ­мы­сын оңтайландыру болып табылады. Судья көмек­шісінің болуы оның ауыр әрі жауапты жұмысын жеңілдетеді. Көмекшілерді сот төрелігін атқа­руға тікелей қатыстыру ар­қылы білікті судьяларды дайын­дауға ықпал етеді. Сондай-ақ, олардың сот қабырғасында қыз­мет атқаруы жеке басының судья­лыққа лайықты қасиеттерін және кәсіби біліктілігін зерттеуге мүм­кіндік беретін болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта жобаның алдында судьяларды техникалық кеңсе және әкімшілік жұмыс­тардан босату, судьяның көмек­шісінің артықшылығы мен кем­шілігін анықтау міндеті тұр. Осылайша судья көмекшісі қоғамымызға сіңісіп кетер мамандардың біріне айналмақ.

Судья көмекшісі – сотта іс қарағанға дейінгі қазіргі судьялар атқаратын барлық дайындық жұмыстарын жүргізумен, процессуалдық құжаттарды дайындаумен айналысуы тиіс. Осы жағдайда ғана судьялар қағазбастылықтан арылып, тек қана сот төрелігін жүзеге асырумен айналысуына жағдай туады. Осы орайда  бұл сот өндірісін айтарлықтай жеңілдететін, уақыт пен ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін жарқын бастама болып отыр.

Д. Тилеумбетов, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының жетекші маманы.

Комментарий