Саясат | Политика

ОНЛАЙН «ЛАЙКТАН» ОФФЛАЙН БЕДЕЛ АРТЫҚ

Алдағы жексенбіде елімізде үлкен саяси дүбірлі дода өтпек. Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы үміткерлерді мерекелік демалыстарда да тыныш жатқызбай, насихат жұмыстарымен айналысуға мәжбүр етуде. Әсіресе партия өкілдерінің әлеуметтік желідегі белсенділіктері күрт артқанын байқап отырмыз. Әшейінде әлеуметтік желіде санаулы ғана «досы» бар, айына жылына бір пост салатындардың қазір әлеуметтік желідегі достарының саны санаулы күн ішінде еселеп өскен. Бір пост талай репостқа ие. Ал постарындағы көтерген мәселе ұнағаны соншалық, тіпті шетелдік аккаунт иелерінің де постқа «лайк» белгісін басып,  «ұнатып жатқанын» аңғарамыз. Бұл көзбояушылық кімге керек?!

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, алдағы сайлауда 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары 589 мандат, 36 облыстық мәслихаттарда 596 және 163 аудандық мәслихаттарда 2 091 мандаттан бар. Мәжілістің 98 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді. Бірақ, депутаттардың белсенділігін әлеуметтік желідегі белсенділіктері арқылы өлшеу қаншалықты дұрыс?!

         Редакция тарапынан сондай белсенділердің бірнешеуінің парақшасын ақтарып шықтық. Соңғы оншақты күнде әлеуметтік желіге салған посттарындағы репост 80-90 нан кем емес. Демек постағы партияның іс әрекетін ұнатып, постың мәтінін ұнатып сонша адам өз парақшасына апарып бөліскен. Лайк саны мыңның үстінде. Яғни сонша адам ұнату белгісін басқан. Посты ұнатқан адамдардың парақшасына өтіп те тексеріп шықтық. Талайы осы соңғы он шақты күннің ішінде ашылған, көбінде тіпті суреттері де жоқ, аяқ асты ашылған науқандық парақшалар. Демек белсендінің туған туыс, құда жекжат, сыныптас, көрші көлемдері. Мұны жалпы қоғам да көріп, сезіп, біліп отыр. Соның дәлелі соңғы кездері әлеуметтік желіде азаматтық ұстанымдарын айқын аңғартып жүргендердің «Партиялар белсенді жұмыс істеу үшін сайлауды жиі өткізу керек екен. Әйтпесе қазір бәрі көсем, бәрі шешен. Ал сайлаудан кейін соқыр, мылқау, саңырау», «Сайлауға бардың не, бармадың не, өзгеріс шамалы», «Осы беріп жатқан уәделерінің жартысын да орындамас, бәрі ертегі айтқыш» деген пікірлер қаптап жүр. Демек белсенділердің осы әрекеті сайлауға қатысты халықтың теріс көзқарасын қалыптастыруға, саяси белсенділіктерінің төмендеуіне, жалпы өзі өмір сүріп жатқан қоғамына сенбеуге ықпал етіп отыр. Мұндай көзбояушылықпен кемел мемлекет, санасы жоғары қоғам құра аламыз ба?!

Әлеуметтік желіде қоғамды ашық сынап жүрген заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбекке хабарласып, мәселеге орай пікірін сұраған едік.

Айгүл Орынбек, заңгер:

– Осы мәселені әлеуметтік желідегі парақшамда айтып, жазып жатқаныма  біршама уақыт болды. Бірақ бірде бір уәкілетті орган үн қатқан жоқ. Сайлауда халық партияға дауыс береді. Ал кандидаттардың тізімін партия әзірлейді. Яғни праймеризде ерекше белсенділік танытқандар, әлеуметтік желіде белсенділік танытқандар рейтингте балл жинау арқылы партияның өз ішінде жеңіске жетеді. Бұл партияның өз ішінде болып жатқан дода. Жалпы әлеуметтік желі арқылы белсенділіктерін бағалау арқылы жеңіске жеткізу жүйесі дұрыс емес. Кеше ғана әлеуметтік желіде он досы бар адамның бүгін жүз мың досы бар. Қазір технологияның дамыған заманында «накрутка», яғни әлеуметтік желідегі достар санын қолдан арттыру, қолдаушылардың санын көбейту, «лайк» жинау тым оңай. Оны кеше ғана халық танымайтын еді, бүгін өзін жүз мың адам танитын адамға айналып әлеуметтік желіде «көпіріп» отыруы күлкілі. Көбінесе біздікілерге  «накрутканы» украиндықтар, орыстар жасайды. Сосын үміткерге қайдағы бір «Джонифер», «Анандилер» лайк басады. Әлеуметтік желіні пайдаланбасын демеймін, пайдалансын. Бірақ шынайы болсын. Кейбір әрекеттері тіпті күлкілі.  Мәселен кеше қарап отырмын, 102 жасқа келген әжеймен партияның жұмысын таныстырып жатыр. Ол әжеге партия керек те емес былай қарағанда. Қоғамда басқа белсенді азаматтар бар ғой. Неге көп балалы аналармен кездесу өткізіп, нақты істеп жатқан әрекеттерімен есеп беріп, олардың ұсыныстарын неге тыңдамайды?! Қоғамдағы мұң мұқтажын жоғарыға жеткізе алмай жүрген жандар көп қой. Солармен неге ашық бетпе бет сөйлеспеске? Сондай мәселелерді шешу арқылы неге ұпай жинамасқа? Сонда халық та оларды қолдар еді ғой.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий