Саясат | Политика

ПАНДЕМИЯ САЯСИ БОЛЖАМДАРДЫҢ БӘРІН ӨЗГЕРТТІ

ТАРИХ САХНАСЫНАН ЕСКІ ЖЫЛ КӨШІП, ЖАҢА ЖЫЛ ЕНІП КЕЛЕДІ. МҰНДАЙДА ӨТКЕН КҮНДІ САРАПТАП, КЕЛЕР КҮНГЕ САУАТТЫ БОЛЖАМ ЖАСАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР. САЯСИ ОҚИҒАЛАРДЫҢ БАСЫ-ҚАСЫНДА ЖҮРГЕН ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ЗАРЕМА ШАУКЕНОВА ЖЫЛДАР ТОҒЫСАР УАҚЫТТА ӨЗ ПІКІРІМЕН БӨЛІСКЕН ЕДІ.

2020 жылдың басты оқиғасы

2020 жылы бүкіл әлем Covid-19 пандемиясының қатерін азайту амалдарын жасады. Қазақстан да бұдан тыс қалмады. Пандемиямен күрес, қоғамның әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары мен экономика салаларын қолдауға бағытталған саясат, локдаунның жойқын салдарын жеңу – мұның бәрі елдің саяси алаңында да, сыртқы ойыншылармен қарым-қатынасында да байқалды. Биылғы жыл – Еріктілер жылы деп жарияланды. Онда еріктілерге арналған жұмыстар, соның ішінде Birgemiz жалпыұлттық бастамасы шеңберінде айтарлықтай артты: олар азаматтардың осал санаттарына бірінші қажеттіліктегі азық-түлікпен көмектесіп, медициналық мекемелер мен қызметкерлерге пандемиямен күресте қолқанат болды. Жалпы, биыл елімізде қайырымдылық пен еріктілікке көбірек мән беріле бастады. Онлайн форматта бірқатар халықаралық саммиттер мен отырыстар өтті: ШЫҰ, АӨСШК, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі. Орталық Азия, Ресей, ҚХР, АҚШ, ЕО, Азия елдері және Таяу Шығыстағы серіктестермен байланыс сақталуда. Бүгінгі таңда пайда болған қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру қажеттілігі бұрынғыдан да алдыңғы қатарға шығуда, ал Қазақстанның бүкіл саясаты негізгі серіктестермен өзара тиімді әрекеттестікті қолдауға және нығайтуға бағытталған.

Өзге елдермен байланыс тұрақты

Көпшілікке ашық қолданыста болған Қазақстанның сыртқы саясатының 2014–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы біздің еліміздің сыртқы саяси басымдықтары мен ұмтылыстарын айқындады. Оған сәйкес Ресей, Қытай, Орталық Азия, Еуропалық Одақ, АҚШ, ЕО, Түркия, ТМД елдерімен және басқалармен өзара қарым-қатынас маңызды болып табылады. БҰҰ-ның орталық рөлі, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға ұмтылу, жаһандық аренада елдің оң имиджін қалыптастыруды нығайту қамтылған. Қазақстанның сыртқы саяси жетістіктерін, осы тұрғыдан алғанда, бірінші кезекте 2017–2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігі, соның шеңберінде аталған ұйымның 2018 жылдың 1 қаңтарынан 1 ақпанына дейінгі төрағалығы деп атауға болады. Бұл бір жағынан біздің еліміздің әлемдегі беделін мойындау, ал екінші жағынан біз үшін осы бірегей алаңда өз күн тәртібімізді алға жылжыту мүмкіндігі болды. Екіншіден, Қазақстан Сирия проблемасын реттеудің саяси аспектілері үшін Астана алаңын ұсыну арқылы және басқа да бірқатар халықаралық қақтығыстарда медиатор ретінде, өзінің бітімгер ел ретіндегі беделін едәуір күшейтті. Үшіншіден, соңғы жылдары өзінің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарын біртіндеп үйлестіріп келе жатқан Орталық Азия елдерінің кооперациясында елеулі табыстар байқалады. Бірінші және қазіргі тұжырымдамалардың айырмашылығы неде?
Идеологиялық тұрғыдан осы екі құжаттың да мақсаты – ел өмірінің барлық аспектілерін тұрақты дамыту болып табылатын «Қазақстан–2050» стратегиясына негізделген. Олардың екеуінде де сыртқы әлеммен экономикалық ынтымақтастыққа прагматикалық көзқарас, «жасыл» аспект (экологиялық стандарттар мен энергия тиімділігін арттыру) бар; олардың екеуі де көпвекторлы ұстаным шеңберінде сыртқы саясатты сақтайды, мұнда бағдарлар мультилатерализм, өркениетаралық диалог және толеранттылық, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатының 2020–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасына сәйкес, елдің сыртқы саясатында Орталық Азия елдерімен қатынастарды дамыту басымдығы артты. 2020–2030 жылдарға арналған тұжырымдамада ҚР азаматтарының басымдықтарына – адами капиталдың және өмір сүру сапасының өсуіне, қазақстандық бизнестің дамуы мен мүдделерін қорғауға көп көңіл бөлінеді. Тұтастай алғанда, жаңа құжат елдің рухани жаңғыру қағидаттарымен үндестікте тұр және
Қазақстанның мүдделерін сыртқы алаңда одан әрі қорғауға, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстан ұстанатын гуманитарлық құндылықтарды ілгерілетуге көмектесуі тиіс.

Қазақстанға қатысты сөздің ешқайсысы елеусіз қалмайды
Ресей Федерациясының кейбір мемлекет қайраткерлерінің Қазақстанға осындай арандатушылық шабуылдары, соның ішінде соңғысы – Ресей Мемлекеттік думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің басшысы, «Единая Россия» басқарушы фракциясының мүшесі Вячеслав Никонов (Қазақстан аумағын «үлкен сыйлық» деп атады) және «Единая Россия» фракциясының мүшесі Евгений Федоров (оның пікірінше, «Одақтық республиканың КСРО құрамынан шығуына байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1990 жылғы заңға сілтеме жасай отырып, Ресей заң шығарушылары «1991 жылғы заңсыз шешімдердің» күшін жою және жерді қайтару мәселелеріне назар аударады), бұрын да
болған және оларға жол берілмеуі тиіс.
Сонымен бірге, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының осы депутаттарының мәлімдемелері ресейлік саясаткерлердің жеке пікірі болып табылатынын және Ресейдің ресми позициясы емес екенін атап өткен жөн. Ресей депутаттарының айтқан сөзі екі елдің дипломатиялық қатынастарына әсер еткен жоқ, бұған Ресей басшысы Владимир Путиннің ағымдағы жылдың 14 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған жеделхаты дәлел.
Ресей мемлекетінің басшысы өз хабарламасында атап өткендей – «Біздің мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қарым-қатынастар өте табысты дамып келе жатқаны қанағаттанушылық туғызады. Бірлескен күш-жігерімізбен біз екіжақты байланыстардың барлық кешенін одан әрі нығайтуды қамтамасыз ететінімізге сенімдімін».

Көрші елдер қақтығысынан қандай сабақ алдық?
Бірінші кезекте көп жылдар бойы Қазақстанның басшылығы біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың, сондай-ақ қазіргі Президент Қ.Тоқаевтың Қарабақ проблематикасын тек қана бейбіт жолмен шешуді жақтайтынын еске салу қажет. Белгілі болғандай, Армения, Әзербайжан және Ресей қол қойған атысты тоқтату туралы үш жақты мәлімдеме 2020 жылдың 10 қарашасында күшіне енді. Оның негізгі мәні Әзербайжан мен Арменияның әскери қимылдарын тоқтатып, әскери тұтқындар мен көз жұмған азаматтар денесін айырбастау процесін бастауда. Таулы Қарабақ Республикасындағы (ТҚР) күзгі эскалация әр түрлі мәліметтер бойынша екі жақтан 4000-нан астам адамның өмірін қиды, 8000-нан астам адам жараланды, ал босқындар саны ондаған мыңға жетті. Бұл қақтығыс екі мемлекетке үлкен зиян келтіргені анық. Оның үстіне, ағымдағы экономикалық дағдарыс пен пандемия белең алған кезеңде қазіргі әскери қақтығыс Қазақстан үшін жақын екі елдің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Осыған байланысты, Сыртқы істер министрлігінің жедел реакциясы стратегиялық тұрғыдан дұрыс және Таулы Қарабақтағы қақтығысты түйіндеудің барлық негізгі критерийлеріне толық сәйкес келеді деп санаймын. Біздің еліміз Кавказ аймағының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне өте мүдделі, сондай-ақ армян және әзербайжан халықтары бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді деп үміттенеді.

Сайлау – басты оқиға
Конституциялық мерзімде, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Мәслихаттарына сайлау келесі жылы елдегі басты саяси оқиға
болып табылады. Алдағы сайлау партиялық тізімдерге енгізілген әйелдер мен жастар үшін міндетті 30% квота Парламентте және жергілікті өкілетті органдарда көбірек болуын, әйелдер мен жастардың заңнамалық процестерге қатысуын қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде халық мүддесін қозғайтын өзекті қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді ілгерілету және тиімді реттеу үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге жол береді.
Тағы бір маңызды жаңалық – парламенттік оппозицияның атынан өкілдік ететін қазақстандық заң шығарушылар арасынан ҚР Парламенті Мәжілісінің тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысын сайлауды көздейтін Парламенттік оппозиция институтын енгізу. Сайлау кезеңінде саяси партиялар ғана емес, азаматтық қоғам институттары да өз қызметін
жандандырды. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылы өткізу тәжірибесі азаматтардың сайлауға тек сайлаушы ретінде ғана емес, бақылаушы ретінде де қатысуға мүдделі екенін көрсетті. Әрине, эпидемиологиялық жағдай саяси белсенді азаматтардың жоспарына түзету енгізуі мүмкін, бірақ саясатқа деген қызығушылықтың артарына күмән жоқ. Сонымен қатар, бақылаушылар сайлау нәтижесін заңдастыруға әсер етуі мүмкін. Азаматтардың елдің саяси өміріне қатысу шеңберін кеңейту халықтың саяси мәдениетін трансформациялау, оны жаңғырту және демократияландыру трендін қоюға мүмкіндік беретіні анық. Алдағы парламенттік сайлау жетілдірілген заңнаманы қолданудың алғашқы қадамы.

Ертеңгі күннен не күтеміз?
Жаһандық кеңістіктегі заманауи процестер интернеттің және ақпараттық технологиялардың дамуымен әлемнің қаншалықты өзгергенін айқын көрсетеді. Ақпаратты беру және өңдеу
жылдамдығы, сондай-ақ одан кейінгі әлеуметтік желілердің дамуы көптеген оқиғаларға бақылаудан шығып, бірнеше секунд ішінде қарқын алуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, бүгінгі таңда сарапшылар мен саясаттанушыларға жақын болашаққа болжам жасау өте қиын. Мысалы, біздің ешқайсысымыз пандемия 2020 жылдың негізгі трендіне айналады және әлемдік экономика мен саясаттың даму жоспарын ғана емес, әр адамның әдеттегі өмір салтын түбегейлі өзгертеді деп күткен жоқпыз. Келесі жылы пандемия еш жерде жойылмайтыны, әлемдегі саяси және экономикалық процестерге теріс әсерін тигізетіні анық. Дәлірек айтсақ, Қазақстан, басқа да шет елдер сияқты, коронакризис салдарымен белсенді күрес жүргізіп, бірінші кезекте экономикалық өсуге талпыныс жасайды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, әлемде ұзаққа созылған дағдарыстық жағдай бар. Оған сауда протекционизмінің өсуі, санкциялық соғыстар, саяси ұлтшылдық, өзара сенім тапшылығының өсуі және т.б. кіреді. Бұл факторлардың барлығы еш жерде жоғалып кетпейтіні және тұрақтылық пен әлемдік дамудың перспективаларына әсер ететіні сөзсіз. Осыған байланысты Ресей мен Батыстың ұзаққа созылған текетіресі жалғасады деп болжау керек, бұл өзара айыптаулармен және қарама-қайшылықтың артуымен бірге жүреді. Бұл ретте АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің сыртқы саясаты әлемдік аренада, әсіресе Орталық Азияда дамудың қандай векторларына ие болады деген мәселе өзекті болып қалуда. Сонымен қатар, бізді ТМД кеңістігіндегі белсенді сайлау процестері күтуде. Біздің еліміздегі парламенттік сайлаудан басқа, келесі жылдың басында Қырғызстанда президенттік сайлау өтеді, оның шешімін болжау мүмкін емес. Күзде Ресейдің Мемлекеттік думасына сайлау күтілуде, сондай-ақ Өзбекстанда президенттік сайлау жоспарланған. Бұл оқиғаларға назар аудару өте маңызды болады, өйткені өткен жылғы оқиғалар Беларусь пен Қырғызстанның мысалында сайлаудан кейінгі кезең ең болжап болмайтын сценарийлер бойынша қалыптасуы мүмкін екенін көрсетті. Тұтастай алғанда, біздің еліміздің сыртқы саясаты неғұрлым тұрақты және қауіпсіз әлемді қалыптастыруға үлес қоса отырып, көп векторлы және прагматикалық арнада дами және іске асырыла береді деп күтуге болады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»  

Комментарий