Қоғам | Общество

«ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ»: КӨРЕРМЕН КӨЗІМЕН

«MG production plus» кинокомпаниясы ұсынған «Ұлы дала зары» фильмі қазақстандық көрермен назарына ұсынылды. 1920–1930 жылғы Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына арналған фильмнің онлайн көрсетілімі 2020 жылдың қазан айында cinexus.kz онлайн кинотеатрында басталды. Фильм сценарийін Марина Кунарова жазып, жұмысқа өзі режиссерлік еткен. Кино продюсері – Ернар Мәліков. «Алтын глобус» премиясында «Шет тіліндегі үздік фильм» қатарына енген «Ұлы дала зары» фильмі әлемдік «Оскар» сыйлығына үміткерлердің тізімінде. Байқаулар нәтижесі ақпан айында белгілі болады.

«Ұлы дала зары» қасіретті жылдар жарасын тырнайды. Ол кезеңдер қазақ даласындағы өзге қиянат-қасіреттер секілді әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай жүр. Бірді-екілі тарихшылардың жанкешті еңбегімен ғана бұл тақырып аракідік қоғам назарына ұсынылады. Бүгінде осындай көрсетілімдер барысында ашаршылық жылдарын күллі әлем мойындап, тарихи бағасын бере бастаған Руандадағы геноцид, Езидтерге қарсы геноцид немесе Еуропалық еврейлердің геноциді (Холокост) оқиғаларымен теңестіруге талпынады.
Алайда, ресми билік тарапынан өз тарихына әділетті баға сұрау, ашаршылық құныкерін іздеу әрекеттері болмағандықтан, ол ақтаңдақ жылдар ақиқаты жекелеген адамдардың қайраткерлігімен ғана геноцидтік атауды еншілеп жүр. Жаңа фильм жарыққа шыққанда ауыр тарихтың осы ақиқаты тағы бір лықсығанына қуандық. Айтылуы тиіс ақиқаттың қарапайым көрерменге, жас көрерменге әдеби шығарма, көркем фильм, деректі фильм есебінде болса да жетуі керек деп есептейміз. Өйткені, әлем бір ұлттың екінші ұлтты жер бетінен жойып жіберу мақсатында жасаған әрекетін осындай құнды дүниелері арқылы таныды, көрді, оқып білді. Бұл ретте, ашаршылық құрбандарына қанша фильм, неше еңбек арнаса да артық емес. «Ұлы дала зары» тақырыптық тұрғыда осы үдеде өзін ақтайды. Алайда, геноцид тақырыбындағы көптеген фильмдерге (ол Руандадағы қырғын, ол Холокост тарихына арналған болсын, мейлі ол көркем, мейлі ол деректі болсын) үңіле отырып, біздегі кәсіби де, әуесқой да кинолардың деңгейінің төмендігіне куә боласыз.
Рас, көрерменді қызылды-жасылды бояулармен алдауға, ұйқыдағы сананы мұң-зармен оятуға болатын шығар. Ол тіпті ұлт намысын қамшылауға да себеп шығар. Тіпті кейбіріміз «бұл фильмді тілді білмейтін, ұлттық намысы жоқ мәңгүрттеріміздің көзіне шұқып тұрып көрсету керек» деп жатырмыз. Бұны көрермен өлшемі десек, «Ұлы дала зарының» мақсатты межесі осы ғана ма? Көрерменге ұнау – тарихты әсірелеусіз шынайы жеткізу дейміз. Бұл ретте, тарихи деректер кішкене қызын қасқырға тастап, ұлын әкеткен аналар оқиғасын растайды. Осындай қасіретті жылдардың өзінде ел арасынан шыққан сатқындар мен бірінің етін бірі жеген каннибализм жағдайын да тарихшылар көрсете білген. Фильмдегі бүкіл деректер ақиқатқа негізделген дейміз. Дей тұрғанмен, көпке мәлім бұл деректердің бәрі кино тіліне айналғанда, көз алдың қан жоса болған адамдар мен бір-бірінің ішін ақтарып жатқан натуралистік көріністерге толғанда «ашаршылық тарихын балаларға кинодан емес, кітаптан оқытқан дұрыс-ау» деген ой оралады.
Себебі, киноның тілі үгіт–насихаттық, идеологиялық сипатын әлдеқашан кәсіби, адами, өнер формасына алмастырғандай көрінеді. «Ұлы дала зары» тарихқа негізделгенмен, кейіпкерлерінің әрбір іс әрекеті, миыңды тесіп жіберердей мұң-зарымен, актерлар ойынының шектен тыс көркемдік шарықтауымен сахналық қойылым, трагедиялық драмаға көбірек жақындапты. Қазақ киноларының көркемдік құны неге осындай драмалық әсірелеулерден аса алмай жүр?
Тарихи дерек демекші, киноның басындағы жарқын сәттер аяқтала сала басталып, қолдан жасалған геноцидті көрсетуде фильм біткенше жалғасатын қудалау, тонау, ұрып соғу, өлтіру түгелдей дерлік қазақ халқының аштықтан бұрын, орыс әскерінің қолынан қырылғандай әсер қалдырады. Егер біз бұл фильмге тарихи драма деп айдар тағатын болсақ, онда оның өн бойы сол айдарға сай болуға тиіс-ті. Ұлт жүрегіндегі ұлы жара тырналған екен, ендеше ондағы әрбір кадр көрерменнің көңіліне салмағы ауыр аяныштан гөрі (әр әртіске деген) жүрегіне тарихи кезеңге деген салмақты таразылайтын сергек ой ұялатса керек-ті. Кинодағы көркемдік құнның өлшемі осы. Айтулы тарихқа арналған фильм көпшілік ойында бір кездері жарыққа шыққан «Жетімдер» фильмі секілді бала зарымен ғана есте қалуды мақсат тұтпағаны дұрыс шығар.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий