Қоғам | Общество

ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫНАН АРТЫҚ ІЛТИПАТ ЖОҚ

Жылдың тәмамдалуымен бірге жыл сайын әр сала өкілдері жаппай марапатталады. Бір жылдық кезеңнің қортындысы ретінде еңбектің бағаланғаны, құрметке лайық тұлғалардың марапатталғаны дұрысақ. Осы орайда өтіп бара жатқан жылдың басты есте қалар оқиғасы коранавирус індетінің таралып, адамзатты тұмшалап, үйге қамауы, пандемиялық жағдайдың енгізілуі болса, сол індетпен күн демей, түн демей күресіп, вирустың ортасында жүріп өмір мен өлімнің арасында күрескен дәрігерлер бүгінгі күннің батырлары ретінде бар құрметке лайық еді.

Алайда індет өршіген кезеңде үйлеріне айлап бармай, науқастарға жедел медициналық қызмет көрсеткен ақ халаттылардың уәделі сыйақысын дер кезінде бермей сандалтқанымыз аздай, жыл соңында тағы «көзге ілмей» отырмыз. Есесіне әлеуметтік желіні ақша табудың көзіне айналдырған, халыққа «ақыл сатып», ауадан ақша жасаған блоггерлер марапатталуда. Осыған қарап еріксіз ардақтыларымызға берілер атақтың құнын арзандатып алған жоқпыз ба деген ой келеді?!…

Шыны керек, соңғы кездері елімізде жаппай атақ  құмарлық белең алып барады. Өйткені атақтың сатылатыны да қоғамымызда ашық айтыла бастады. Соның дәлелі жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі «ақша төлеп, марапат алатын» ұстаздарға ескерту жасады. «Соңғы кездері әр түрлі ақылы марапаттардың тарағаны байқалады. Ол ешкімге жасырын емес. Олардың дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға жақындатылған. Кейбіреулері осыны түсінбей, ал кейбіреулері біле тұра «Ұлт ұстазы», «Ыбырай Алтынсарин атындағы» және басқа да әр түрлі төсбелгілерге ақша төлеп, алып жатыр. Бұл мәселені осыған дейін бірнеше рет талқыладық. Бірақ әлі де бұл үрдіс азаймай отыр», — деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Бас ұстаз «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерін, «Құрмет грамотасын» және «Алғыс» грамоталарының ғана ресми марапат деп танылатынын жеткізді.

Көптен бері білім саласында «Қазақстанның ұлағатты ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Ұлы дала ұс­тазы», «Алаш ұстазы»  атақтары мен медальдары «марапат бизнесінің» көрігін қыздырып тұр. Ұстаздар қауымының жаппай атаққұмарлыққа ұмтылуы да тегін емес. Өйткені ұстаздардың білім санаты осы алғысхаттар мен медальдерге байланған. Категориясын көтеру үшін марапатты сатып алады. Мұғалімнің алғысхат, медалі көбейсе, категориясы да артады. Яғни, жала­қысына үстемақы қо­­сылады. Сол үшін әр мұғалім қазір білім сапасын көтеруге емес, категориясын көтеруге ұмтылып, «мара­пат» сатып алуға тырысуда. Яғни ұстазды атаққұмар етуге жүйенің өзі итермелеп отыр. Бұл сөзімізді ұстаздар қауымы да жоққа шығармайды. ҚР Білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы «рас, мұғалімдер үшін әрбір марапат – болашақ жалақыға қосылатын ақша. Яғни, категория кө­терерде марапаттарыңның көшірмесін тапсыруың керек. Кейбіреулер сол сатып алған марапаттарының күшімен санатын көтеріп алады. Қоғамда қалыптасқан жағдайдың өзі ұстаздардың білім санаты үшін осындай жағдайға баруға итермелеп отыр. Қырық жыл ұстаздық еткен мұғалім марапатталмай, атақ ала алмай, еңбегі бағаланбай жатса педагогикалық тәжірибесі оншақты жыл болған біреу марапатты сатып алып, оған оңай қол жеткізсе қоғамның әділетсіздігі сол болмай ма?!» дейді. Мемлекеттік марапат пен қоғамдық марапат мидай араласқан заманда қалай болмасын атақты болуды қалайтындардың саны артып барады.

Жалғыз ұстаздарға арналған марапат емес,  басқа да марапаттардың өз белгіленген құны бар көрінеді. Мәселен «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын да 1,5 млн теңге төлеп алуға болады деседі. Яғни ақшасы бар кез келген адам қалаған атағын иемденіп, «атақты» бола алады. Қоғамда осы бір көзқарастың қалыптасуы, атаққа деген теріс көзқарастың қалыптасуына, «шын лайықты тұлға емес, ақшасы бар адам атақты сатып алып жатыр» дейтін пікірдің шығуына түрткі болуда. Мұғалім атақ қуса, жалғандыққа құмартса, шәкіртінің күйі не болмақ? Басты мәселе осы.

Айта кетер жайт, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 Қаулысы бойынша  «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өздеріне жүктелген міндеттерді адал әрі жауапты орындайтын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жалпы еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік есеппен 5 жыл және одан да көп ақпарат саласының қызметкерлері мемлекеттік, кәсіптік, өзге де мерекелер мен мерейтой күндерін мерекелеу бойынша марапатталатыны» айтылған. Сондай ақ көп балалы аналардың марапаттары және батырлық ерліктер мен экстремалдық жағдайлардан басқа жағдайда азаматтарды кезекті марапатқа ұсыну алдыңғы марапаттаудан кейін 5 жылдан  бұрын жүргізілмейтін тәртібі бар. Әр түрлі дәрежелік және жоғары дәрежелік ерекшелік белгілерінен басқа жағдайда бір орденмен және медальмен бір тұлға екі рет марапаттала алмайтыны көрсетілген.

Алайда соңғы жылдары осы марапатты кейбіреулерге екінші қайтара берілуі, елімізде марапаттаудың бір ізге түспегенін, қалыптасқан жүйенің жоқтығын  аңғартатындай. Осы орайда айта кетер жайт, білім, денсаулық сақтау саласында мұндай марапаттар алдағы уақытта жалақысына қандай да бір үстеме қосылуының кепілі болса, ақпарат саласында «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі үшін жалақысы түгілі, сол марапат тағайындалып жатқанда да қандай да бір сыйақы түрі қарастырылмаған. Яғни аталмыш марапат материалдық ынталандыруы жоқ, құр өңірде тұратын бір салпыншаққа айналып барады. Ақыры әр сала өкілдерінің үздігін анықтайтын, «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалі, «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, «Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, «Ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі, «Экология саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісі, «Су көлігі саласының үздігі» төсбелгісі секілді әр саланың үздіктерін анықтайтын мұндай марапаттар саладағы басқа да қызметкерлерді ынталандыратындай болуы үшін материалдық ынталандыруы болуы керек қой… Бұл да болса марапатқа қатысты бір түйткіл.

Марапаттардың берілу ережесінде «дәрежесіне қарай төсбелгі тағылып, қаржылай сыйақы тапсырылады және түрлі жеңілдіктерге ие бола алатыны» айтылған. Сондай ақ мемлекеттік жоғары марапаттардан бөлек «Алтын алқа» алқасымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, отбасы мүшелерімен бірге тұрғын үй шығындарын төлеу үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленетіні айтылады, ал «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы аналарға жергілікті бюджет есебінен жеңілдіктер белгіленуі мүмкін екені ғана» айтылған, басқа ресми аталған материалдық қолдау жоқ. Сондай-ақ ҚР Заңына сәйкес үш дәрежелі Даңқ орденінің кавалерлеріне, «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрмет атағын 130 АЕК, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне — 9 АЕК, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға  — 6 АЕК көлемінде арнайы жәрдемақы төленетіні ережеде көрсетілген. Ал елімізде тағайындалған жиырмадан астам марапаттың қалғанында материалдық қолдау қарастырылмаған. Осы орайда дәрежесіне қарай әр марапат түріне салықтық, кезектік артықшылықтар ескерілсе марапаттаудың мәні арта түсер ме еді?! Еңбегі еленген әр мамандық иелері де мамандығына шын беріліп, кәсіби шығдала түсер ме еді?!

Мақаламыздың басында айтып өткендей биылғы жыл індетімен есте қалды. Осы орайда індеттің өршіген маусым, шілде айларында, мойнына ешкім міндеттемесе де ерен еңбегімен көзге түскен, індеттің беті қайтуы үшін бірнеше ай бойы халықты, дәрігерлерді тегін тамақтандырған кәсіпкерге хабарласып, сол еңбегі қаншалықты бағаланғанын сұрап көрген едік…

Меруерт Кәттебайқызы, Тараз қаласындағы «Гаухартас» мейрамханасының иесі:

  • Жақында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Халық алғысы» медалін табыстады. Таразда «Гаухартас» мейрамханасының иесімін. Өзім меценаттықпен айналысып, өңірдегі осындай істерге бұрыннан қайырымдылық шараларын көрсетіп жүретінмін.  Бірақ еңбегім бірінші рет ескеріліп тұр. Кәсібің өрге домаласын десе, қайырымдылықпен көбірек айналыс деген қағиданы ұстанамын. Сондықтан бірдеңе дәметіп жасамадым. Бірақ күн сайын ауруханада қаншама адам індет салдарынан қайтыс болып  кетіп жатқанда шыдап отыра алмадым. 43 күн бойы  екі ауруханадағы науқастар мен дәрігерлерге 300 адамға арнап таза қойдың етінен сорпа және қуырдақ тараттық. Негізі марапаттан бұрын халықтың алғысы маңызды ғой. Сол кездерде үлкен кісілердің, науқастардың берген батасы алдағы уақытта кәсібімнің өрге домалауына септігін тигізеді деп ойлаймын. «Батаның ерді көгертетіні» жазылмаған заңдылық қой. Сондықтан маған марапаттан гөрі халықтың ықыласы қымбат болды.  Жалпы марапаттың, қайырымдылықтың мәні артсын десек, осындай шаралармен айналысқан жандарды көбірек насихаттау керек деп ойлаймын. 

 

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

 

 

Комментарий