Судья мінбері | Судебная система

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлға болмағанда туындайтын мәселелер

Жаңа редакциядағы Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексi (бұдан ары қарай – ҚР ӘҚБтК) 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi.

Бір ескерте кететін жайт, ол кодекстің атауында құқық бұзушылық деген сөз жекеше түрде жазылса, ал орыс тілінде ол көпше түрде жазылған. Сол себепті, оның атауы «Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексi» — деп аталғаны дұрыс болады.

Қазіргі уақытқа дейін аталған кодекске 100-ден аса заң арқылы толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

Соған қарамастан әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша құқық қолдану тәжірбиесінде туындайтын өзекті мәселелер жоқ емес.

Сот тәжірбиесінде әкiмшiлiк қамаққа алу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның болмауына байланысты iстi сотта қарауда қиындықтар туындайды.

ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабының 3-бөлігіне сай әкiмшiлiк қамаққа алу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi.

ҚР ӘҚБтК-нің 829-5-бабының 3-бөлігіне сәйкес жасалуы әкімшілік қамаққа алуға, Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге алып келетін әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс – әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама мен iстiң басқа да материалдары алынған күнi қаралады.

ҚР ӘҚБтК-нің 62-бабының 5-бөлігіне сай әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң өтуі өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл мерзімді есептеу әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адам күштеп әкелу туралы ұйғарымды орындайтын органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізілген кезден бастап қайта басталады. Күштеп әкелудің жалпы мерзімі бір айдан аспауға тиіс.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау кезінде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлға болмағанда, яғни ол сотқа келмесе немесе сот отырысына жеткізілмесе (қашықтықтан қатыстырылмаса), сондай-ақ әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғаны күштеп әкелу туралы ұйғарым

бір ай мерзім ішінде орындалмаса, соттың істі қарауда қиындыққа тап болатыны айқын.

ҚР ӘҚБтК-нің 50-бабының 1-бөлігіне сай әкiмшiлiк қамаққа алуды судья айрықша жағдайларда осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнде көзделген шектерде тағайындайды.

Мұндай жағдайда, менің ойымша, әкiмшiлiк қамаққа алу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлға болмағанда, істі сотпен қарауға немесе органға кері қайтаруға мүмкіндік беретін заң нормалары әкімшілік заңнамада қарастырылуы керек.

Сол себепті қолданыстағы әкімшілік заңнамаға мынадай өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе.

Сот келесі жайғайлардың жиынтығы болғанда:

— әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлға сотқа келмесе немесе ол сот отырысына жеткізілмесе (қашықтықтан қатыстырылмаса);

— ҚР ӘҚБтК-нің бабының (бап бөлігінің) санкциясында әкімшілік қамаққа алудан басқа өзге де жаза түрлерi көзделген болса;

— істің нақты мән-жайлары әкiмшiлiк қамаққа алудан басқа әкiмшiлiк жаза қолдану мүмкіндігін жоққа шығармаса, iстi мәні бойынша қарауға кірісуге құқылы.

Бұл ретте, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау кезінде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлға болмағанда, оған әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалмауы керектігін соттар ескеру қажет.

Егер қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазадан басқа балама әкімшілік жазаны қолдану мүмкіндігі болмаса немесе әкімшілік жазаның балама түрі қарастырылмаса, iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның қатысуын қамтамасыз ету үшін әкімшілік құқық бұқушылық туралы іс (хаттама) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған органға (лауазымды тұлғаға) қайтарылуы тиіс.

 

Алматы қаласы мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы М.С. Әлімбек

Комментарий