Судья мінбері | Судебная система

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істердің соттылығы бойынша

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істердің соттылығы бойынша сот тәжірбесінде қиындықтар туындап жатады.

Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексiнің (бұдан ары қарай – ҚР ӘҚБтК) 24-бабының 3-бөлігіне сай ешкiмге өзiнiң келiсiмiнсiз ол үшiн заңда көзделген соттылығын өзгертуге болмайды.

ҚР ӘҚбтК-нің 812-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның жасалған жері бойынша, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда  әкімшілік  құқық бұзушылық туралы  істі қарау  ведомствалық бағыныстылығына жататын уәкілетті органның (лауазымды адамның) орналасқан жері бойынша қарастырылады. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның өтiнiшхаты бойынша iс осы тұлғаның тұрғылықты жерi немесе көлiк құралдарының, кемелердiң, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң есепке алыну жерi бойынша бойынша қаралуы мүмкiн.

ҚР ӘҚБтК-нің 829-1-бабының 1-бөлігіне сай әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жасалған жері бойынша қаралады. Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жүргізіліп жатқан адамның  өтінішхаты бойынша іс сол адамның тұрғылықты жері бойынша қаралуы мүмкін.

ҚР ӘҚБтК-нің 829-6-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарауға дайындау кезiнде өтінішхаттарды шешеді.

Демек, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жүргізіліп жатқан тұлғаның істі оның тұрғылықты жері бойынша жолдау туралы өтінішхаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жасалған жердегі сотпен шешіледі. Егер сот оның өтінішхатын қанағаттандырса, іс оның тұрғылықты жері бойынша қаралуы үшін сотқа жолдануы тиіс.

Сот тәжірбиесінде өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлғаның істі (оның ішінде әкiмшiлiк қамаққа алу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын істі) оның тұрғылықты жері бойынша жіберу туралы өтінішхаты негізінде уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) істі (хаттаманы) әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалған жері бойынша сотқа жолдамай, аталған сотпен өтінішхаттың шешілуін қамтамасыз етпей, іс жүзінде өзі өтінішхатты қанағаттандырып, оны тұлғаның тұрғылықты жері бойынша сотқа жолдауы жиі кездеседі.

Көбінесе мұндай істер көліктегі полиция органынан түсіп жатады. Мәселен, әкімшілік құқық бұзушылық темiржол көлiгiнде орын алғанда, бір облыстың аумағында орын алып, келесі станцияда, яғни басқа елді мекен, облыс аумағында тұлға ұсталғанда, орган (лауазымды тұлға) әкімшілік құқық бұзушылықты туралы істі қозғап, одан тиісті өтінішхат алып, істі оның тұрғылықты жері бойынша сотқа жолдайды.

Өзіне қатысты іс қозғалған тұлға жасалған құқық бұзушылығы үшін қандай әкімшілік жаза қарастырылғанын білсе, ол сотқа келуден жалтауға тырысады. Не болмаса ол тіркелген тұрғылықты жерінде тұрмауы немесе үнемі іс сапармен, вахталық жұмыспен басқа жерде ұзақ уақыт болуы да мүмкін. Мұндайда соттың оны күштеп әкелу туралы ұйғарымы орындалмайды.

Сосын сот жоғарыда көрсетілген себептерге, сондай-ақ тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жолдау туралы өтінішхатын шешуге байланысты  істі әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалған жері немесе тұлғаның уақытша тіркелген жері бойынша сотқа жолдауы мүмкін. Аталған сот тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде тұрмауына не болмаса басқа себептерге байланысты істі оның тұрғылықты жері бойынша қарау үшін қайтадан кері қайтаруы мүмкін.

Сөйтіп, іс мәні бойынша уақтылы қаралмай, әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғаның болмауына байланысты ұзақ уақыт созбалаңға салынып, соттардың арасында ары бері жүріп қалуы, сондай-ақ соттылығы бойынша дау туындауы да мүмкін.

Мұндай жағдайда, менің ойымша, заңнамада әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің әкімшілік құқық бұзушылық анықталған немесе іс қозғалған жері бойынша қаралуына мүмкіндігін беретін заң нормалары болуы қажет.

Сонымен бірге, әкiмшiлiк қамаққа алу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша, егер істі дереу қарауға кедергі болмаса (мысалы сараптама жүргiзу талап етiлетiн және басқа да жағдайда), істі тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жолдауға тыйым салатын және әкімшілік құқық бұзушылық жасалған немесе анықталған жері немесе іс қозғалған жері бойынша қарауды міндеттейтін заң нормасы болғаны дұрыс.

Яғни, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс әкімшілік құқық бұзушылықтың анықталған жері, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырған органның орналасқан жері бойынша қаралады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тергеп-тексеруді жүргізген органның орналасқан жері бойынша қаралады.

Бұл кезде жоғарыда көрсетілген қиындықтар туындамайтын болар еді.

Сонымен бірге, ҚР ӘҚБтК-нің 44-тарау тәртібімен тұлғаға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы бойынша заңның бұзылуына байланысты сол сотқа шағыммен жүгiнуге де қолайлы болар еді.

 

Сондықтан қолданыстағы әкімшілік заңнамаға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істердің соттылығы бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі қажет.

 

Алматы қаласы мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы                                М.С. Әлімбек

 

 

Комментарий