Судья мінбері | Судебная система

Жекеше айыптау істерінің басты мәселелері

 Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына және ауырлығына қарай қылмыстық қудалау мен сотта айыптау жекеше, жекеше-жариялы және жариялы болып келеді. Жекеше айыптау істері бойынша іс жүргізу жәбірленушінің шағымы бойынша ғана басталады.

Жекеше айыптау істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері Қылмыстық-процестік кодекстің 47-тарауында қарстырылған. Бұл тарау 7 баптан тұрады, жекеше айыптау істері бойынша іс жүргізу тәртібі, жекеше айыптауды қозғау, судьяның жекеше айыптау ісі бойынша сот талқылауы басталғанға дейінгі әрекеттері, тараптардың бастамасы бойынша дәлелдемелерді ұсыну және жинау, жекеше айыптау ісін сот отырысында қарау, жекеше айыптау ісі бойынша соттың шешімі, жекеше айыптау ісі бойынша істі тоқтату тәртібі қарастырылған.Жекеше айыптауды тұлға сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағым анықтау органына, тергеушіге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жіберілуге жатады.

2015 жылғы қолданысқа енген қылмыстық және қылмыстық процестік кодекстеріне сай жекеше айыптау істерінің санаттары кеңейген. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық санаттарына жатқызылған жеңіл дене жарақатын салу, ұрып-соғу, қинау, жала жабу сияқты іс-әрекеттер жекеше айыптау істерінің қатарына қосылып отыр.

Жекеше айыптау істеріндегі кейбір қайшылықтарға тоқтала кететін болсам, басты назар жекеше айыптау істерін қарауда қылмыстық процестік кодексінің нормаларын дұрыс қолдану, полиция басқармасының жеке түрде қарау үшін арыздарды сотқа жолдауда оның заңдылығы мен негізділігін қатаң бақылауға алу қажетті.

Мәселен, қасақана жеңіл дене жарақатын салу, ұрып-соғу күнделікті өмірде жиі кездеседі, әсіресе, мұндай қылмыстық теріс қылықтар маскүнемдікке салынған отбасыларда жиі болады. Мысалы, ерлі-зайыптылар арасында біреуінің арақ ішу салдарынан күйеуінің әйеліне қасақана қол жұмсап, оған жеңіл дене жарақатын түсіруін айтуға болады. Жәбірленуші ең алдымен полиция бөліміне арызданады, арыз тіркелген соң анықтама жүргізіліп, жәбірленушіге сот-медициналық сараптама тағайындалады, оның қорытындысы бойынша жәбірленушіге жеңіл дене жарақаты түскені анықталса, анықтау органы жиналған құжаттарды арызбен бірге жекеше айыптау ісі болғандықтан сотқа жолдайды. Сотқа келіп түскен жәбірленушінің арызы Қылмыстық-процестік кодекстің 408-бабының 2-бөлігінің талаптарына сай келмегендіктен, судья өзінің қаулысымен арызданушыға арызды заңға сәйкестендіріп сотқа қайтадан тапсыру үшін мерзім белгілеп, ол туралы арызданушыны хабардар етеді. Арызданушы берілген мерзім ішінде арызды заң талаптарына сай келтіріп қайта жазған жағдайда, арызданушының шағымы судьяның өндірісіне алынады. Көп жағдайда бұл санаттағы арыздар бойынша арызданушы келесі күні күйеуін кешіреді, жекеше айыппен шағымданбайтындығын айтады. Алайда, анықтау органдары бұл мән-жайларды анықтап, Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 5-тармағына сай арыз бойынша өндірісті тоқтатудың орнына, жеңіл дене жарақатын салу арызы бойынша іс жекеше айыптау өндірісіне жатады деген негізбен жиналған құжаттарды сотқа жолдайды. Сондықтан, осы санаттағы шағымдарды қарауды оңтайландыру мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 408-бабының 1-бөлігіне сай мынадай өзгертуді енгізуді қажет деп есептеймін. Шағым анықтау органына, тергеушіге немесе прокурорға берілген кезде, шағым жекеше айыптау тәртібімен қаралатындығы анықталған соң шағымданушының жауаптылыққа тартылатын адамға жекеше айып бойынша шағымы бар-жоғын анықтайды, егер шағымданушы жекеше айып бойынша жауапқа тартылуға жататын адамға жекеше айып бойынша шағым жазудан бас тартқан жағдайда Қылмыстықпроцестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 5-тармағы бойынша өндірісті тоқтату туралы қаулы шығарады, ал, шағымданушы жеке айып бойынша сотқа шағымдануға ниет білдірген жағдайда шағым берілген орган шағымды барлық құжаттарымен берген тұлғаға қайтарады, оған осы шағым бойынша соттылығы бойынша тиісті сотқа жеке дара шағымдану құқығын түсіндіреді.Бұл баптың осындай өзгеріске ұшырауы шағымданушының шағымы бойынша жекеше айыптау ісін судьяның өндірісіне алу мәселесін созбалаңдыққа салмай, тез шешуіне ықпал етеді. Ал, қолданыстағы бап бойынша шағым анықтау органына түскен соң, анықтау органы шағымның жекеше айыптау тәртібімен жүргізілетінін анықтап, шағымданушының шағым жазу ниетінің бар-жоғына қарамай шағымды бірден сотқа жолдайды.

Шағымдар көп жағдайда Қылмыстық-процестік кодекстің 408-бабының 2-бөлігінің талаптарына сай келе бермейді, судья қаулы шығарып, онда шағымданушыға шағымды заң талаптарына сәйкестендіру үшін мерзім белгілейді, яғни, шағымның өндіріске қабылдануы созбалаңдыққа салынады, ол шағымданушының заңды наразылығын тудырады. Арызданушылар полицияға арыз жазған кезде арыз жазған адамды жекеше айыптау ісімен жауаптылыққа тартуды сұрамайды, олар өздерін ұрып-соққан адамдарды тиісті жазаға тартуды сұрайды.

Сондықтан анықтау органы арыздың жекеше айыптау тәртібі мен қаралатындығын анықтаған соң шағымданушыға жекеше айып бойынша сотқа шағымдану құқықтарын түсіндіріп, егер олар шағым жазудан бас тартса, Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 5-тармағымен тиісті процессуалдық шешім қабылдап, ал, жекеше айыптау тәртібімен шағым жазуға ниет білдірген жағдайда жекеше айыппен бірден сотқа жүгіну керектігін түсіндірсе, шағымданушы бірден сотқа келіп заң талаптарына сай шағым берер еді. Ол шағым бірден судьяның өндірісіне қабылданып, жекеше айыптау ісі бойынша тез арада заңды шешім шығуына ықпал етеді деп ойлаймын.

 

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Айым Куспантай.

Комментарий