Судья мінбері | Судебная система

Сот төрелігін жүзеге асыру барысындағы қылмыстық шара тағайындаудың кейбір мәселелері

Жалпы жаза ұғымына тоқтала кетер болсақ, жаза дегеніміз бұл мемлекеттің жасалған қылмысқа деген реакциясы. Яғни, жаза — соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттің мәжбүрлеу шарасы. Ол қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және ол адамды қылмыстық заңда көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеу болып табылады. Себебі қылмыстың алдын алуда және болдырмауда қылмыстық жазаның алатын орны аса ауқымды.

Жұмысымның мақсаты – қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелерін анықтау және жасалған қылмыстарға әділетті, тиімді жаза қолданудың дұрыс бағыттарын іздеп, осы мәселені көтеру.

Қылмыс жасаған адамға, оның түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің (әрі қарай ҚР ҚК-нің) 52-бабын құрайтын жалпы негіздері соттардың жаза тағайындауға осы тұрғыдан қарауына жол ашады. Бұл бапта сот үшін жаза тағайындаудың егжей-тегжейлі талқыланған емес, жалпы ережелері ғана белгіленген, олар сотты бір жағынан заңның қатал шеңберінде ұстаса, екінші жағдайда, оған жаза тағайындау кезінде өзінің жеке бастамасын көрсетуге мүмкіндік береді және осы нормативтік қаулыны басты назарға алынады.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың түрі мен қоғамдық қауіптілігінің деңгейін, сотталушының жеке басын, сол сияқты жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескеруге міндетті.  Жаңа қылмыстық заң бұл аталған жағдайлардан басқа сотталушының қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінезін, сондай-ақ жазаның сотталған адамның түзелуіне, оның отбасы мен оның асырауындағы тұлғалардың тұрмыс жағдайына ықпалын да ескеруін міндеттейді.

Соттардың қылмысты кім жасағанын, жаза кімге қолданылатындығын сот неғұрлым анықтаса, жазаның мақсатына жету де соғұрлым табысты болмақ. Сондықтан сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жеке басы туралы барлық мәліметтерді өте мұқият, жан-жақты зерттеп білуі керек. Жаза шарасын таңдау кезінде қылмыс жасаған адамның әлеуметтік бейнесі, оның қылмыс жасау кезінде көзге түскен қоғамға қауіптілік деңгейі, өмір сүру қалпы, отбасылық жағдайы, психикалық жай-күйі, ауытқулардың болмауы, еңбекке көзқарасы, адамгершілік көзқарасы және т.б. маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар, бұл нормативтік қаулыда бір ескерілмеген жағдай, соттың адамгершілік принципін басшылыққа алуды міндеттеу туралы көрсетілмеген, себебі сотталушыға тағайындалған жазаның оның отбасының және оның асырауындағы тұлғалардың тұрмыс жағдайына мүмкін болар ықпалын да ескеруі керек. Алайда, бұл жағдайлар үстемдік жасамауы тиіс, себебі бұл мән-жайларды ескере отырып ауыр қылмыс жасаған тұлғаға немесе егер де сотталушы қоғамға қауіптілік төндіретіндей болса, аталған қылмыстан жәбір көрген тұлғаға, жалпы қоғамға қатысты онша әділетті болмайды.

Қорытындылай келе, ҚР ҚК-дегі қылмыстардың санкциясын және жоғарыда аталған нормативтік қаулыны зерттей отырып, төмендегідей ұсыныстарды білдіргім келеді:

1) ҚР ҚК-нің кейбір баптарында «Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып» деген жазаларды байқаймыз. Бұл жаза конституциялық құқығына тікелей байланысты, себебі Конституциямыздың 10-бабының 2-бөлігінде нақты көзделген, яғни республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі делінген. Бұл жазаны тағайындау барысында сот адамгершілік принципті басшылыққа алады ма немесе адами құндылықты басшылыққа алады ма?

Олай дейтін себебім, Республика азаматын азаматтығынан айырғаннан кейінгі оның статусы қандай дәрежеде болады, елден шығып кетуі керек пе немесе осы елде жүріп, азаматтығы жоқ адам ретінде танылады ма, деген сұрақтар туындайды. Өз еліміздің азаматын азаматтығынан айырып, елден тысқары, белгісіз жерге шығарып жіберу қылмыстық жаза тағайындаудың мақсаты бола алмайды.

Сондықтан, Қазақстан Республикасының азаматын азаматтығынан айыру туралы жазаны алып тастау қажет деп есептеймін, егер де алып тасталынбайтын болған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырғаннан кейінгі оның статусы мен жағдайын нақтылау қажет деп есептеймін.

2) ҚР ҚК-дегі кейбір баптарда қылмыстық жауаптылықты ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар қылмыстық жазаның қосымша түрлеріне мүлдем қатысы жоқ, яғни әсер етпейтіні байқалады, себебі кейбір баптардың санкцияларында абсолютті қосымша жазалар анық көрсетілген.

Сондықтан, қылмысы үшін тағайындалатын қосымша жазаларға да баламалы тәртібін енгізу қажет деп есептеймін.

 

Комментарий